Баталов жаңадан сайланған ауыл әкімдерімен кездесті

3 Тамыз 2021, 18:32
1883
Бөлісу:
Баталов жаңадан сайланған ауыл әкімдерімен кездесті

Алматы, BAQ.KZ. Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жаңадан сайланған ауылдық округ әкімдерімен кездесті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Облыс басшысымен кездесуге сайлауда ел сеніміне ие болған екі әйел әкім – Ақсу ауданы Ойтоған ауылдық округінің әкімі Венера Берікова, Сарқан ауданы Аманбөктер ауылдық округінің әкімі Шырынгүл Нұрханова, ең жас әкім ретінде Қарасай ауданы Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов, сол сияқты Талғар ауданы Панфилов аудандық округінің әкімі Серік Шалов, Талғар ауданы Бесқайнар ауылдық округінің әкімі Арман Жабаев келді. 

Сонымен қатар аудан басшылары мен басқа да жаңа сайланған округ әкімдері жиынға бейнебайланыс арқылы қосылды. 

Алдымен жаңа лауазымға ие болған округ әкімдерін сайлануларымен құттықтаған облыс әкімі олардың жұмыстарына сәттілік тіледі. Және бірқатар міндет-мақсатқа тоқталды.

Біздің облыста 71 округте сайлау өтті, соның 37-сінде әкімдер өзгерді. Мен барлық әкімнің өмірбаянын қарап шықтым, бәрінің тәжірибесі бар, білімді азаматтар, яғни кадрлардың сапалық құрамы жақсы. Облыста жалпы саны 742 елді мекен бар. Оның әрқайсысына баруға біздің уақытымыз да, мүмкіндігіміз де бола бермейді. Сондықтан сол өңірлердегі жағдай қандай, халықтың қандай өтініш-тілегі бар, соның барлығын біліп, шешімін күткен мәселелер болса, бізге жеткізіп, бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Өңірлердегі жұмысқа жаңаша көзқарас қажет, әр істе бастамашы болу керек, - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар ол аймақтарда су, жол, үш ауысымды мектеп, басқа да өзекті мәселелер көтеріліп жататынын айта келе, жаңа әкімдерге сол түйіткілді мәселлердің әрқайсысын жіті зерделеп, мән-жайдан хабардар болып, шешімін қарастыруды тапсырды.

Елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды бей-берекет тастауға жол берілмеуі тиіс. Газдандыру ісіне де ерекше назар аудару керек. Бізде атқарылып жатқан жұмыс көп, оны да халыққа жеткізіп айтыңыздар. Ауылдық жерлерде шаруашылықтар субсидия алды ма, қай өңірлерге сервистік дайындау орталығын құру керек, қай аймаққа техника қажет, қай ауылда жағдайы төмен қанша отбасы бар, осының барлығы сіздердің жіті назарларыңызда болуы керек. Округтерге бөлінген бюджет қаражаты тиімді пайдаланылуы тиіс. Біз жаңа округ әкімдерінен жанды жұмыс, тың бастамалар күтеміз. Өзара бірлесіп атқарғанда ғана жұмысымыз нәтижелі болады, - деді Баталов. 

Мұнан соң Ақсу ауданы Ойтоған ауылдық округінің әкімі Венера Берікова 14 жылдан бері мемлекеттік қызметте жүргенін тілге тиек етіп, өзі туған өңірдің дамуына атсалысып келе жатқанын айтты. Ол енді округ әкімі ретінде туған жеріне қызмет етпек. 

Ал әскери салада біраз жыл еңбек етіп, тәртіп пен табандылыққа төселген маман, Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің әкімі Серік Шалов өз сөзінде ел сенімін ақтап, халыққа адал қызмет ететінін айтты.

71,9% дауыс жинап, ел үмітін арқалап әкімдік қызметке кірістім. Әскери адам ретінде нәтижеге жұмыс істеуге бар күш-жігерімді жұмсаймын. Қазір сайлауалды бағдарламаны орындауға, халықтың талап-тілегін іске асыруға өңірдегі ақсақалдар кеңесі, қоғамдық кеңес сияқты қоғамдық ұйымдармен бірлесіп кірісіп жатырмыз. Елдің сенімін ақтап, көптің игілігіне қызмет ететініме сендіремін, - деді Шалов.

Жиынды қорытындылаған Амандық Баталов аудан, қала басшыларына және ауылдық округ әкімдеріне Елбасы мен Президент тапсырмаларына орай міндеттер жүктеп, жұмыстарының жемісті болуына тілектестігін білдірді.

Өзгелердің жаңалығы