Баталов Алматы облысының 2045 жылға дейінгі даму жоспарымен танысты

13 Қараша 2020, 22:04
2085
Бөлісу:
Баталов Алматы облысының 2045 жылға дейінгі даму жоспарымен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Талдықорғандағы Көрме кешенінде облыста әзірленген қалақұрылыстық құжаттамалар мен сызбаларды көріп, соның негізінде жиын өткізді. 

Аталған құжаттамаларда өңірді аумақтық жағынан жан-жақты дамытудың 2045 жылға дейінгі жоспары қарастырылған.

Бұл құжаттамалар облыс әкімінің тапсырмасымен 2019 жылы дайындала басталып, екі жыл бойы әзірленді. Бұл жұмысты облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысымен «Урбостиль» ЖШС дайындап шықты.

Облыс басшысы Амандық Баталовқа жобаны серіктестік басшысы Любовь Нысанбаева таныстырды.

Жобада Алматы облысының тұтас дамуы, соның ішінде өңірдің экономикасы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік өркендеуі, туристік бағыты, жол-көлік қатынасы, құрылыс және сәулет, абаттандыру, жалпы айтқанда барлық жағынан 2045 жылға дейінгі даму жоспары толық қамтылған. Ол үшін барлық саланың аяқ алысы түгелге дерлік зерттеліп, есептік көрсеткіштерінің негізінде жоспар құрылып, осы жобаға енгізілді. Бұл – Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының басты стратегиялық құжаты деуге болады.   

Алматы облысы - Алматы қаласымен шектесіп жатқан өңір. Сондықтан аймақтың дамуы қаламен тығыз байланысты. Бұл ретте Алматы маңындағы Үлкен Алматы айналма автокөлік жолы (БАКАД) облыстың үш ауданымен - Қарасай, Талғар, Іле аудандарымен шектесетінін атап өту керек. Соған сәйкес аталған аудандардың 30 елді мекені ерекше қалақұрылыстық реттеу аймағында орналасқан деп саналады. Осы елді мекендерді көркейтудің қалақұрылыстық құжаттамасы да әзірленіп, облыс басшысының назарына ұсынылды.

Сол сияқты жалпы алаңы 8 мың гектардан астатын осы ерекше қалақұрылыстық аумақтағы 10 қалақұрылыстық тораптың топографиялық түсірілімі жасала отырып, егжей-тегжейлі жоспары дайындалған. Облыс әкіміне таныстырылған жобалардың ішінде бұл да бар.

Бұл екі жобаның мақсаты – Алматымен шектесіп жатқан аумақтардың қаланың құрылыстық-сәулеттік стилімен үйлесімділігін және сәйкестігін қамтамасыз ету, қаланың немесе облыстың шеткі аймағы деген ұғымды болдырмау, облыс тұрғындарының қажетті маңызды нысандарға қолжетімділігін қамтамасыз ету. Амандық Баталов осы жобалармен танысу барысында Алматы қаласының да дәл осындай жобасы дайын болғанда, осы екі жобаның негізінде облыс пен қалаға ортақ концепция жасалуы тиіс екенін атап өтті. Бұл жобалар облыстың қаламен шектесетін аумақтарының 2030 жылға дейінгі дамуын қамтып отыр. 

Мұнан кейін Гейт Сити серіктес қаласы жобасының 1-ші кезеңіндегі «Қоянқұс» тұрғын үй кешенінің құрылысы туралы баяндалды. Жоспар бойынша Іле ауданының аумағында орналасатын аталған тұрғын үй кешенінде 10 мыңнан астам адам тұратын болады. Облыс тарапынан барлық қажетті инженерлік инфрақұрылымдар жүргізілген. Инвесторлар тұрғын үй кешенінің құрылысын биылғы жылдың желтоқсан айында бастауға дайын екендіктерін айтты.

Таныстырылымнан кейін облыс әкімі жиын өткізіп, осы ауқымды жұмысты дайындауға атсалысқан барлық азаматтарға рахмет айтты.

Елбасы мені әкім етіп тағайындағанда осы міндеттердің бәрін жеке-жеке жіктеп айтып берген еді. Сол кезде қағазға түсіріп алғанымда 16 тармақ болды. Соны негізге ала отырып, бүгін осындай үлкен, ауқымды кешенді сызба әзірлеп шықтық. Бұл бағыттағы бірқатар жұмыстар қазірдің өзінде жасалып жатыр. Қант қызылшасын өсіруде, негізгі күре жолдарды жөндеуде, Алакөл жағалауын дамытуда және басқа да салаларда біз алға қойған міндеттерге қол жеткіздік. Жұмыстар әлі де жалғасады. Осымен тоқтап қалмай, алдағы дамуымызды осы кешенді сызбада белгілеп отырмыз. Біз осындай ауқымды құжаттаманы басшылыққа алып жұмыс істеуді үйренуіміз  керек. Бұл - біз үшін аса маңызды стратегиялық құжат. Осы құжаттамада көрсетілген барлық жоспарлардың орындалуына жалпы жауаптылықты орынбасарым Жеңіс Тұяқовқа міндеттеймін. Бұл сызбалар әрбір аудан, қала әкімінің жұмыс кабинетінде тұруы керек және кез келген алдағы дамуға бағытталған шешім қабылдарда осы құжат оларға негізгі жолбасшы болуы тиіс, - деді А. Баталов. 
Өзгелердің жаңалығы