Абзал Мұхимов: Басты мақсат – адамдардың бойында жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру

11 Сәуір 2019, 18:39
6419
Бөлісу:
Абзал Мұхимов: Басты мақсат – адамдардың бойында жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру
PHOTO
Фото: автордан

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттің қалыпты дамуына кері әсер ететін, экономиканың дамуын тежейтін факторлардың бірі – сыбайлас жемқорлық. Ал, осы сыбайлас жемқорлықтың белең алмауына, оның алдын алуда ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің біліктілігінің жоғары болуы, әкімшілік кедергілердің болмауы заңдылық. Елбасы Алаштың анасына теңеген Сыр өңірінде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар төңірігінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абзал Мұхимовпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

Абзал Мұхимов: Басты мақсат – адамдардың бойында жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру
Тілші: Абзал Сансызбайұлы, жақында облыста парадан бас тартқандар көбейгені немесе пара берушілер азайғаны туралы ақпарат шықты. Бұл қаншалықты рас?

– Иә, мұндай ақпараттың болғаны рас. Бұл көптеген азаматтарымыздың тарапынан қойылып жүрген сұрақ. "Мұны қалай анықтадыңыздар?", "Шын көрсеткіштер ме?" деген сауалдар қойылып жатады. Бұл – тұрғындардың сыбайлас жемқорлық туралы көзқарастарын білу бағытында жүргізілген сауалнамалардың қорытындысы. Сондай-ақ, кәсіпкерлер мен түрлі сала мамандарының арасында да мониторинг жүргізіледі. Статистикалық мәліметтер де назардан тыс қалмайды.

Сауалнамалар мемлекеттік тапсырыс негізінде және халықаралық ұйымдардың тапсырысымен жеке зерттеу орталықтары арқылы өткізіледі. Мәселен, өткен жылы аймағымыздағы «Сыр медиа» серіктестігінің Ақпараттық-талдау орталығы Қызылорда облысы тұрғындарының сыбайлас жемқорлыққа қатысты ойларын, көзқарастарын білу мақсатында әлеуметтік зерттеу жүргізді. Сол зерттеуге қатысқан қызылордалықтардың 66%-ы пара, я болмаса сыйақы бермейтіндерін жеткізген. «Пара бермейміз» деп айтушылардың қатары алдыңғы жылға қарағанда 6,7%-ға артқан.

Дегенмен де,осы сауалнамаға қатысқан сырбойылықтардың 19%-ы қиналған сәтінде пара беретінін білдірген.

Бұдан бөлек, «You&Me» қоғамдық пікірді зерттеу орталығының Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін анықтау бойынша жүргізген социологиялық зерттеуіне қатысқан қызылордалықтардың 94,5%-ы сыбайлас жемқорлыққа қарсы екендерін білдірсе, респонденттердің 83,3% пайызы пара немесе сыйлық беру жағдайына кезікпегендігін айтқан.

Сонымен қатар, жақында аймақтардың кәсіпкер алдында адалдығы көрсеткіші бойынша зерттеулер қорытындысы жарық көрді. Мониторинг жұмыстарын Стратегиялық бастамалар орталығы жүргізіп, облыстардағы кәсіпкерлердің жемқорлықпен кездесуі және аймақтағы жемқорлық деңгейінің таралуы жөніндегі пікірлері зерделенген. Осы рейтингке сәйкес адал аймақтар үштігіне Қызылорда облысы еніп отыр.

Өзіңіз көріп отырғандай, соңғы жылдары облысымыздапара беруден бас тартатындардың, пара беруге кездеспегендердің саны артқан. Бұл, әрине, аймақ тұрғындарының құқықтық сауаттылығының артқандығы, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жемісі деп білемін.

Тілші: Мемлекеттік қызметтен кеткен қызметшілердің бары белгілі. Олар қандай себептермен орнын босатқан?

– Мемлекеттік қызметтен зейнеткерлік жасына жетуіне, денсаулық жағдайына, жеке секторға жұмыс ауыстыруына және тағы басқа себептерге байланысты кетіп жатады. Бұл ретте, департаменттің қызметкерлері тұрақты негізде азаматтардың мемлекеттік қызметтен кету себебіне талдау жүргізіп келеді.

Талдау нәтижесі көрсеткендей, өткен жылы 10 қызметкер квазимемлекеттік сектордағы ұйымдарға жұмыс ауыстырса, қалған 38 тұлға түрлі себептермен өз қалауы бойынша атқарып жүрген лауазымдарынан босатылған. Бұл мемлекеттік қызмет саласынан мүлдем кеткендердің саны. Бұл жерде бір мемлекеттік органнан екінші мемлекеттік органға конкурс тәртібімен қызмет ауыстырғандар есепке алынбайды.

Тілші: Ал аяғын шалыс басқандар...

– Әрине, мемлекеттік қызметшілер арасында аяғын шалыс басып, келеңсіз жағдайларға да тап болып жатқан азаматтар да жоқ емес. Өткен жылы, мемлекет мүддесінен бұрын өздерінің қалтасын толтыруды ойлаған 12 лауазым иесі сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасағаны үшін мемлекеттік қызметтен қуылды.

Десекте, алдыңғы жылдармен салыстыратын болсақ, теріс себептермен мемлекеттік қызметтен кеткен азаматтардың саны 22-ден 12-ге дейін азайғанын атап өтуге болады.

Ел дамуының басты бағдарлы құжаты «Қазақстан - 2050» Стратегиясында көзделген міндеттерді орындау мақсатында қабылданған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жаңадан «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңы қолданысқа енгізілген болатын. Аталған Заңда көрсетілген меритократия қағидаты мемлекеттік қызметке оң әсер етуде. Қазір мемлекеттік қызметке қабылдану төменгі лауазымдардан бастап жүзеге асырылуда. Яғни, сатылап өсу принципі. Бұрынғы кездегідей мемлекеттік қызметте ешқандай жұмыс өтілі жоқ, тәжірибесі болмаған адам мекеме басшысына тағайындала алмайды. Міне, осылайша Елбасының әрбір басшы төменнен бастауы керек және барлық басқару баспалдақтарынан өтуге тиіс деген ұстанымы іс жүзінде жүзеге асырылып келеді.

Айта кететін жайт, Сыр өңірі кадр тұрақтылығы бойынша республикада алдыңғы шепте. Яғни, өзге өңірлермен салыстырар болсақ, ең төмен кадрлардың таза ауысушылық көрсеткіші біздің аймақта.

Мемлекеттік қызметтегі тиімді реформалардың нәтижесінде облысымызда азаматтардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы артуда. Оған дәлел, 2017 жылы жергілікті атқарушы органдармен жарияланған жалпы конкурстың бір лауазымына орта есеппен 2 адам қатысқан. Ал, 2018 жылы 4 үміткерден қатысқан. Яғни, 2 есе артып отыр.

Бұл жетістіктер негізінен агенттік тарапынан жүргізіліп келе жатқан кадрлық саясаттың жемісі деп білемін.

Тілші: Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы қандай?

– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тағы бір жолы, ол мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту, оған деген қолжетімділікті арттыру екендігі белгілі.

Өзіміз көріп жүргендей, соңғы жылдары көптеген қызмет түрлері электрондық форматқа ауысуда. Мысалы, өткен жылы біздің облысымызда 2 миллион 401 мыңнан астам қызмет электрондық түрде көрсетілді. Бұрынғы жылмен салыстырсақ, 43%-ға көбейді. Баламалы қызметтер бойынша қағаз түрінде көрсетілетін қызметтердің үлесі 38%-ға азайды.

Өз кезегінде, аймақ тұрғындарының қызметтерді электрондық түрде алу үлесі жылдан жылға артып келеді. Бұл көрсеткіш 2016 жылы небәрі 12 пайызды құраған болса, соңғы екі жыл, яғни, 2017-2018 жылдары 71%-ға  артып, өткен жылдың қорытындысымен 83%-ға жетіп отырмыз. Бұл жақсы жетістік. Ал, биыл бұл көрсеткішті 90%-ға жеткізу межеленіп отыр.

Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін білім беру саласындағы балаларды мектепке қабылдау, тегін тамақ, тегін тасымалдау, лагерьге жолдама беру, арнайы білім беру ұйымдарына қабылдау секілді 5 қызмет электрондық форматқа көшірілді. Жыл соңына дейін тағы 20 қызмет азаматтарға электрондық форматта қолжетімді болады.

Тілші: «Кейбір мемлекеттік органдар мен мекемелер қажеттілігі болмаса да кейбір анықтамаларды талап етіп жатады» деген уәж айтылады ел арасында. Бұл мәселе шешіле ме?

– Жалпы, анықтамалар қажеттілігі болмаса да талап етілуде деп дөп басып айта алмаймыз. Кейбір кездері азаматтар мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тізіліміне енбеген жеке кәсіпорындар мен серіктестіктердің көрсететін қызметтерін мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен шатастырып жатады.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасының уақыт өткен сайын артып келе жатқандығы белгілі. Олай дейтінім, біздің департамент өз құзіреттілігі шегінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылау жасайды. 2017 жылы 27209 заңбұзушылық анықтасақ, 2018 жылы 5670 бұзушылық белгілі болды. Әрине, заңбұзушылықтың мүлдем болмағаны жақсы, дегенмен, салыстырмалы түрде қарасақ, өткен жылы заңбұзушылық фактілерінің бірнеше есе азайғанын көруге болады.

Қызметтер сапасын бағалауда қоғам өкілдерін тарта отырып, «жасырын сатып алушы» бастамасы қолға алынды. Осы ерікті көмекшілердің арқасында да мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында көптеген бұзушылық анықталып, жойылды.

Бұдан бөлек, өткен жылдың соңында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына бағалау мүмкіндіктерін беретін «Digital agent» (Цифрлық агент) мобильдік қосымшасы іске қосылды. Егерде, смартфоныңыз болса, мемлекеттік орган ұсынатын қызмет сапасы туралы өз шағымыңызды немесе пікіріңізді білдіре аласыз. Ал, тиісті мемлекеттік органға қызмет алушыдан түскен шағым бойынша жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күнге дейін мобильдік қосымша арқылы 350-ден астам хабарлама келіп түсті. Оның ішінде, қызмет көрсету сапасына шағымдарымен қатар қызмет берушілердің жұмысына деген жоғары бағалар да бар.

Ал, егерде артық құжаттар сұратылатын болса, жеке және заңды тұлғалар «Digital agent» мобильдік қосымшасы арқылы немесе кез келген заңды жолмен біздің департаментке немесе жоғары тұрған уәкілетті органға шағымдануына болады.

Осы жерде айта кету керек, биылғы агенттіктің алқа отырысында агенттік төрағасы Алик Жатқамбайұлы қазіргі қолданыстағы кейбір анықтамалардың қажеттілігін зерделеу туралы тапсырма берді. Соған сәйкес қазіргі күні зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Анықтамалардың не үшін қажеттігі жөнінде азаматтардың арасында сауалнамалар алынуда. Осы жұмыстар нәтижесімен тиісті шешімдер қабылданады деп ойлаймын.

Біз қазір ХХІ ғасыр – цифрлық технологиялардың, ақпараттың заманы деп жатамыз. Олай болса, азаматтарымызды жаһандық үрдістен артта қалмай цифрландыруға, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта алуға бет бұруға шақырамын. Қызметтерді электрондық форматқа көшіру әкімшілік кедергілерді азайтып, адами факторлардың болуына жол бермейтін болады.

Абзал Мұхимов: Басты мақсат – адамдардың бойында жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру

Тілші: Сіздің ойыңызша, мемлекеттік қызметшінің келбеті қандай болуы керек? Облыстағы мемлекеттік қызметшілер әдеп тұрғысынан көбінесе қандай кемшіліктер жібереді?

- Мемлекеттік қызметке келемін деген адам, ең алдымен, мемлекеттік қызметші болу аса үлкен жауапкершілік екенін сезінуі тиіс. Мемлекеттік қызметші болу - мемлекет пен халық тарапынан білдірілген құрмет. Ол халықтың әл-ауқатының артуына мүдделі, мұң-мұқтажын тыңдайтын, ұсыныс-пікірлерін жүзеге асыратын байланыстырушы буын болуы тиіс. Сондықтан да мемлекеттік қызметші кәсіби біліктілік, тиімді бастамашылдық, үлкен жауапкершілік, шынайы адалдық, әділ шешім қабылдау, көшбасшылық секілді қасиеттерге ие болуы керек.

Мемлекеттік қызметші кәсібилігімен қатар жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болғаны жөн деп санаймын.

Ал, мемлекеттік қызметшілер әдеп тұрғысынан қандай кемшіліктер жібереді деген сауалыңызға келер болсам, көбінесе қарамағындағы қызметкерлерге қатысты әдепке сыйымсыз әрекет жасау, қызметтік автокөліктерді жеке мақсатқа пайдалану сынды әдеп нормалары бұзылып жатады.

Мәселен, биылғы жылдың І тоқсанында Әдеп жөніндегі кеңестің шешімі негізінде 7 мемлекеттік қызметші әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершіліктері қаралды. Саралап қарасақ, қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдаланғаны үшін – 2 мемлекеттік қызметші, қарамағындағы қызметкерге дөрекі, әдепке сыйымсыз әрекет жасағаны үшін – 2 мемлекеттік қызметші, азаматтармен қарым-қатынас кезінде дөрекілік танытқаны үшін – 2 мемлекеттік қызметші және 1 мемлекеттік қызметкер өзінің қызметін асыра пайдаланғаны үшін тәртіптік жазаға тартылды.

Дегенмен де, өткен жылы Әдеп жөніндегі кеңесте мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар бойынша қаралған істердің саны 2017 жылмен салыстырғанда 25%-ға азайды. Нақты айтар болсам, Кеңесте 2017 жылы 12 іс қаралса, 2018 жылы 9 іс талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

Сонымен қатар, жыл өткен сайын мемлекеттік органдардағы заң бұзушылықтардың саны да азайып келе жатыр. Былтыр 2017 жылға қарағанда 1,5 есеге кеміді. (2017 жылы – 294 заңбұзушылық, 2018 жылы – 171 заңбұзушылық). Оған себеп, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы түсіндіру бойынша жүргізілген профилактикалық шаралар.

Тілші: Қызылорда облысындағы азаматтардың, соның ішінде кәсіпкерлердің құқығы қаншалықты қорғалып, талап-арызы қаншалықты қанағаттандырылып жатыр?

– Азаматтардың, бизнес субъектілердің құқықтарын қорғау – біздің қызметіміздің басымды бағыттарының бірі.

2018 жылы Департаментке жүгінген 13 азаматтың құқықтары қорғалды. Құқықтарының бұзылғандығы немесе заңды талаптарының орындалмай жатқандығы туралы арыз-шағымдарға сәйкес тексерулер жүргізіледі. Тексерулер нәтижесімен әдеп кодексінің болмаса мемлекеттік қызмет туралы заң нормаларының бұзылғандығы анықталған жағдайда, азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру жөнінде ұсыныс енгіземіз. Заңбұзушылыққа жол берген жауапты қызметкерлерге тәртіптік жаза қолданылады.

Кәсіпкерлердің құқықтарын, олардың кәсіптерін сыбайлас жемқорлықтан қорғау мақсатында агенттік бастамасымен «Рrotecting business and investments» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында кәсіпкерлер үшін түрлі әкімшілік кедергілерді болдырмау, проблемалық мәселелерін зерттеп, олардың құқықтарын қорғап, кәсіпкерлік жобаларын сүйемелдеу жүргізілуде.

Осы мақсатта Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының базасында арнайы фронт-офис ашылды. Бүгінде нәтижесі айтарлықтай. Жалпы құны 595 миллиард теңгеге жуық 17 инвестициялық жобаны, оның ішінде, 8 шетелдік және 9 отандық жобаны сүйемелдеуге алдық. Фронт-офис көмегімен 32 бизнес субъектісінің өтініштері бойынша жұмыстар жүргізіліп, құқықтары қорғалды.

Алғашқыда тек инвесторлардың инвестициялық жобаларын сыбайлас жемқорлықтан қорғау бағытында басталған жоба, бертін келе, өзінің тиімділігін көрсетіп, қарапайым кәсіпкерлердің де сұранысына ие болды.

Мәселен, И.Иблаев есімді жеке кәсіпкер Департаментке өтініш білдірді. Жеке кәсіпкер И.Иблаев аяқ киім жөндеу шеберханасын ұлғайту үшін қосымша жер учаскесін беру туралы қала әкімдігіне бірнеше рет өтініш білдірген. Бірақ, өтініштерінен белгісіз себептермен бар тартылғандығын айтып келді.

Кәсіпкердің өтінішіне сәйкес тиісті сала мамандарын тарта отырып Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімінде тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесімен жеке кәсіпкер Иблаевтың қосымша жер алу үшін білдірген өтініштері 2 мәрте бас тартылып, бас тарту туралы шешімдер уәжделмегендігі анықталды. Сондай-ақ, аталған өтініштерді қарау мерзімдері бұзылған.

Департаменттің ұсынысы негізінде өздерінің қызметтік міндеттерін атқару барысында кемшіліктерге жол берген қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Аталған шаралардан кейін, жеке кәсіпкер И. Иблаев қала әкімдігіне қайта өтініш білдіріп, қосымша жер учаскесіне қол жеткізіп отыр. Демек, оның заңды мүдделері мен құқықтары қалпына келтірілді.

Кейбір кездері азаматтар мемлекеттік қызметшілер қатарына жатқызылмайтын, еңбек қатынастары ҚР мемлекеттік қызметі туралы Заңымен реттелмейтін, құқық қорғау органдарының, білім, денсаулық, спорт, коммуналдық қызмет көрсететін және тағы басқа сала мамандарының еңбек қатынастарын шешіп беру, құқықтарының қорғалуы туралы біздің департаментке арызданып жатады. Мұндай мәселелер «біздің құзіретімізге жатпайды деп» бей-жай қарамаймыз. Азаматтардың осындай арыз-шағымдармен жүгінуі департаментке деген халықтың сенімін білдіреді, жауапкершілік жүктейді. Арыз-шағымдар құзырлы органдарға жолданып, мәселе заңды шешімін тапқанға дейін бақылауда ұстаймыз.

Ал, кез келген салада сыбайлас жемқорлық көріністері немесе фактілерінің орын алғандығы туралы хабарламалар бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Абзал Мұхимов: Басты мақсат – адамдардың бойында жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру

Тілші: «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы іске асырылып жатқанын білеміз. Осының аясындағы жұмыстарды баяндап берсеңіз?

– Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл ауқатының өсуі, табыс пен өмір сүру сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елорданың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын өңірлерге тарату туралы айтылып, "Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер" жобасын іске асыру тапсырылған болатын.

Міне, осы тапсырмаға сәйкес агенттіктің бастамасымен және облыс әкімінің қолдауымен осы жылдан бастап «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасы жүзеге асырылуда. Жалпы бұл жоба Қазақстанның барлық өңірінде іске асырылуда.

Ал, енді жобаның мақсатына келер болсақ. Жобаның басты мақсаты –тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, халыққа мемлекеттік қызметтерді алу үшін қолайлы жағдай жасау, яғни қолжетімді қылу, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болып отыр. Сайып келгенде, адамдардың бойында күнделікті кездесетін сыбайластық, жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру.

«Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасының аймақтағы тәлімгері болып облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов бекітілді. Тең дәрежедегі тәлімгері болып мен бекітілдім. Арнайы жобалық кеңсе құрылды. Жобалық кеңсенің жетекшісі ретінде аймақтағы қоғамның белсенді өкілі тағайындалды. Кеңсенің құрамында 5 қызметкер бар.

Жоба аясында азаматтардың күнделікті тыныс-тіршілігімен тығыз байланыста болатын 10 саланы айқындап алдық. Бүгінде белгіленген салаларда тұрмыстық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша шаралар жүргізілуде. Әрбір салалық бағыт бойынша жобалық топтар жасақталып, өз жұмыстарын бастап кетті. Жобалық кеңсе осы жобалық топтармен бірлесіп әрбір саланың жұмысына, көрсететін қызметтеріне мониторинг жасап жатыр.

Абзал Мұхимов: Басты мақсат – адамдардың бойында жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру

Мониторинг нәтижесінде осы кезге дейін азаматтарға қолайсыздық тудырып келген кейбір мәселелер оң шешімін табуда. Мәселен, денсаулық сақтау саласында медициналық анықтамалардың, санитарлық кітапшалардың беру тәртібі, квотаның берілуі, медициналық қызмет сапасы зерттелді. Бұған дейін емханалардан квота бойынша жолдама алған азаматтар осы анықтаманы қосымша растау үшін емханалардың мөрімен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасына келіп тіркеліп, басқарманың мөрін бастырып отырған. Азаматтар жолдамаға бір мөр бастыру үшін шалғай ауылдардан Қызылорда қаласынакеліп, кезекте тұрып, денсаулық сақтау басқармасында тіркелетін болған. Көрдіңіз бе, адамдар осынша әуре-сарсаңға түскен.

Жобалық кеңсенің ұсынысы нәтижесінде бүгінгі таңда бұл процедура жойылып, квота беру тәртібіне өзгерістер енгізілді. Ендігі кезекте облыс тұрғындары медициналық ұйымдардан квотаның жолдамасын алып, тікелей республиканың медициналық ұйымдарына ем қабылдауға бара беретін болды.

Басқа да салаларда тұрмыстық жемқорлыққа себеп болуы мүмкін тәуекелдерді жою жұмыстары жүргізілуде.

Әрине, сыбайлас жемқорлықты түгелдей жойған бірде-бір мемлекет жоқ. Бірақ, дамыған мемлекеттерде тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың деңгейі өте төмен, ноль пайыздық деңгейде десек те болады. «Ақмешіт – адалдық алаңы» жобасының басты мақсаты тұрмыстық деңгейдегі сыбайлас жемқорлықты жою бағытында жұмыстар жалғасын табады.

Тілші: Адалдық дүкендері іс-жүзінде жұмыс істеп тұр ма? Бұл көзбояушылық емес пе?

– Өзіңіз айтып отырғандай, еліміз бойынша адал еңбекке құрмет көрсету, адамдарға шыншылдықты, шынайылықты насихаттау, адалдыққа шақыру, соған тәрбиелеу мақсатында агенттік бастамасымен «Адалдық дүкендері» ашылуда. Дүкендердің жұмыс істеу принципі қарапайым, онда сатушылар болмайды, адамдар өздеріне қажетті затты алып, алған зат үшін ақшаны арнайы қорапқа немесе жәшікке қалдырады. Яғни, барлығы өзара сенімділік пен адалдық принциптеріне негізделген. Жалпы дүкендер қызметі қоғамдық сананы өзгертуге бағытталған.

Абзал Мұхимов: Басты мақсат – адамдардың бойында жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру

Қазіргі уақытта осындай дүкендер облыс әкімдігінде, өңірдің жоғары оқу орындары мен колледждерде және мектептерде ашылып, жұмыс істеуде. Бұл жерде сөзсіз кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін, олардың тәуекелге барып тұрғанын түсінуіміз керек. Бүгінде "Адалдық дүкенін" ашып, осындай қадамға барып отырған кәсіпкерлерге алғыс білдіремін. Олар осы іс-әрекеттері арқылы қоғамда адалдық принциптерінің қалыптасуына үлесін қосуда.

Адалдық дүкендер жүйесі Скандинавия елдерінде кеңінен қолданылады екен. Бұл ол мемлекеттерде адамдар арасындағы сенім мен шынайылықты көрсетеді.

Бірақ, біздің қазақ халқында да адалдық, шыншылдық, сеніп тапсыру, аманатқа қиянат жасамау ұғымдар кеңінен дамыған. Ата-бабаларымыз иен далада, қорасы жоқ, жабылатын қақпасы жоқ, есігінде құлып жоқ киіз үйде тұрды. "Бір Жаратқанға тапсырдым» деп есігіне құлып ілместен кете беретін еді ғой. Адалдықтың, сеніп тапсырудың нағыз белгісі осы емес пе?! Сол себепті, "Адалдық дүкені" бізге жат ұғым деп ойламаймын. Бұл да бір тәрбие құралы. Уақыт өте келе бұған да үйренеміз. Сатушысыз дүкенге барып, затыңды алып, ақшасын төлеп кете беретін боламыз. Әркімге өзінің ұяты, иманы, тәрбиесі төреші болады.

Сол себепті, бұл көзбояушылық үшін жасалып жатқан дүние емес. Түсіне білген адамға "Адалдық дүкенінің" мақсаты, оның тәрбиелік контекстегі мазмұны қазіргі қоғам үшін өте маңызды және барша қазақстандықтарды осы бастамаға қолдау білдіруге шақырамын.

Тілші: Бір шаруасы шешілмей созбаққа салынса: «Пара бермесең, жұмысың бітпейді» деген санадан арылмаған адам көп. Осы стреотиптен қалай құтыламыз?

– Сұрағыңыз өте орынды. Бұрындары қоғамда "Бара бергенше, пара бер", "Құрғақ қасық ауыз жыртар", "Күлшелі бала сүймекке жақсы" деген сияқты түсініктің қалыптасқаны бар еді. Ол, жасырын емес.

Бірақ соңғы жылдары, жемқорлықты жою, алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың, халықтың құқықтық сауаттылығының артуының және азаматтық қоғам белсенділігінің дамуы нәтижесінде мұндай түсініктердің азайғандығын байқаймыз. Осыдан 15-20 жыл алдын "пара беремін деп сотталыпты" дегенді өте сирек еститін едік. Қазір пара беру фактілері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар аз емес.

Сонымен қатар, көлемі 2 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) аспайтын сома көлемінде лауазымды тұлғаға сыйлық немесе сыйақы бергендер де 200 АЕК-ке дейінгі сомада әкімшілік жауапқа тартылуда. Мысалы, біздің аймақта алғаш рет, осы жылдың наурыз айында жол-патрульдік полициясы қызметкеріне 2000 теңге сыйақы бергені үшін Кентау қаласының тұрғыны К.Е. есімді азаматқа 353000 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Мұндай шаралар өз кезегінде, адамдардың "пара берсең тез шешіледі" деген стереотиптен арылуына себебін тигізеді деп ойлаймын.

"Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясының" сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатының басымды бағыты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу болып табылады. Яғни, профилактикалық шараларды кешенді түрде жүргізу деген сөз. Қоғамда "ақша берсең ғана мәселең шешіледі" деген теріс стреотиптерден құтылудың бір жолы қоғамдық сананы өзгерту болып отыр. Бұл әрине оңай, бүгін-ертең бітетін шаруа емес. Оған жаңа ғана айтып өткендей жазалау шаралары, өскелең ұрпаққа тәлімді тәрбие беру, сыбайлас жемқорлықты жиіркенішті әрі қорқынышты етіп көрсету, оның зиянды екенін ұғындыру жолында ақпараттық-насихаттық жұмыстарды күшейту керек.

Бұған әрбір азамат атсалысуы керек. Бала отбасында, дастархан басында "артық ақша тапқаныңды", "біреуден айлаңды асырғаныңды", "ақша беріп немесе танысың арқылы мәселеңді шешкеніңді" емес, "адал еңбек, маңдай тер арқылы құрметке бөленгенді", "ата-бабамыздың ізгі дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, рухани байлықтары" туралы әңгіме, ақыл-кеңес естіп, бойына сіңіріп өсуі тиіс.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес майданында бұқаралық ақпарат құралдарының да орны ерекше.

Біз, сыбайлас жемқорлықсыз қоғамға кезең-кезеңімен осындай алдын алу шараларын жүргізе отырып сананың ашықтығы, ниетіміздің тазалығы, иман байлығымыз арқылы жететін боламыз.

Тілші: Сұхбаттасқаныңызға рахмет.

 


Өзгелердің жаңалығы