Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Асыл-ер» шаруа қожалығының жетекшісі Нұршаш Әбілхан ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты.
2019 жылы «Бастау бизнес» жобасына қатысып, 200 АЕК көлемінде грант алдым. 2020 жылы 4 млн теңге микроқаржы алдым. Қазір «Асыл-ер» шаруа қожалығымыз бар. Өндіріс сүт өнімдеріне бағытталған. Пандемия кезінде сүт тауарларына сұраныс көбейгенін көріп, бизнес жоба әзірледік. Грантпен екі бас сиыр алдық. Несиеге тағы 11 бас алдық. Қазір ірі қара саны 43-ке жетіп отыр, - деді көпбалалы ана.
Нұршаш Әбілхан Үкіметтің тұрғындарға беріп отырған мүмкіндігін қолдану керегін айтты.
«Бастау бизнес» жобасына қатысу керек. Ештеңеден қорықпай, бизнес бастауға болады. Бизнес жолында Үкіметтің берген қолдауы үшін көпбалалы аналардың атынан алғыс айтамын, - деді ол.
Осыған дейін микроқаржыландыру және жобаларды сүйемелдеу департаменті директорының орынбасары Ринат Кемешов несиені қалай алуға болатынын айтып өткен еді.