«Басқа ойым жоқ». Тоқаев  алдағы мақсатын айтты 

 Ақорда 24 Қыркүйек 2026, 11:39
24 Қыркүйек 2026, 11:39
144
Фото: Ақорда

Біз алдағы уақытта да халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін табанды еңбек ете береміз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Біз алдағы уақытта да халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін табанды еңбек ете береміз. Халықаралық ынтымақтастықты тереңдетіп, елімізге келетін инвестиция көлемін ұлғайтуымыз қажет. Өздеріңізге мәлім, мен мемлекетіміздің басшысы ретінде халықаралық жиындарға жиі қатысып, көптеген елдердің көшбасшыларымен, инвесторлармен кездесулер өткізіп жүрмін, - дейді Мемлекет басшысы.

Одан әрі Тоқаев өз алдында тұрған мақсатын айтты.

Бұл – Қазақстанды орта держава ретінде бүкіл дүние жүзіне мейлінше кең ауқымда паш ету, тарихымыз бен мәдениетімізді халықаралық қауымдастық деңгейінде дәріптеу, мемлекетіміздің мүддесін қорғау және еліміздің әлеуетін жан-жақты насихаттау. Басқа ойым жоқ. Сондықтан мұның бәрін бүкіл халқымыздың мақсаты деп күмәнсіз айтуға болады, - дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент Кеңестің атауын Конституциялық реформа жөніндегі комиссияға өзі ұсынғанын атап өтті.

«Қазақстан Халық Кеңесі» деген атау жаңа институттың жалпыұлттық сипатын көрсетеді. Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі бұл – халық. Сондықтан жұртшылықтың мүддесін қорғайтын бірегей органның атауында «Халық» сөзінің тұруы – өте қисынды, орынды, себебі, бұл – заңдылық. Бұған қоса, «Қазақстан Халық Кеңесі» атауы – Конституцияда бекітілген бірыңғай әрі ресми нұсқа. Бұл жаңа органның мәртебесі биік, жауапкершілігі жоғары екенін айшықтайды, - дейді ол.

Бұған дейін елдік істерге қатысты маңызды міндеттерді Қазақстан халқы Ассамблеясы, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, Ұлттық Құрылтай және басқа да консультативтік-кеңесші органдар атқарып келді.

Бұл институттар өздеріне жүктелген тарихи миссияны толығымен орындады. Қазақстан халқы Ассамблеясы ел бірлігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Қазақстанды бейбітшіліктің, өзара сенім мен келісімнің ошағы ретінде жер жүзіне танытуға ықпал етті.

Қоғамдық сенім кеңесі сындарлы диалог арқылы жаңа саяси мәдениетті орнықтыруға атсалысты. Ал Ұлттық құрылтайдың мүшелері осы жалпыұлттық диалогті одан әрі тереңдете түсті. Бұл құрылым аясында практикалық тұрғыдан құнды бастамалар көтерілді, - дейді Президент.

Соның арқасында 26 заң қабылданды, тағы 10 заң жобасы Құрылтайда қаралады.

Мен осы сәтті пайдалана отырып, мемлекеттік маңызы бар істерге белсене араласқан, отаншыл болудың озық үлгісін көрсеткен әрбір азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін, - дейді Тоқаев.

Наверх