Баспасөз картасы: «Масс-медиа» туралы заң жобасын талқылау жалғасып жатыр

22 Ақпан 2023, 13:44
2303
Бөлісу:
Баспасөз картасы: «Масс-медиа» туралы заң жобасын талқылау жалғасып жатыр
Фото: elorda.info

Ұлттық медиа қауымдастығы «Масс-медиа» туралы заң жобасы қоғамдық талқылауды БАҚ және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өкілдерінің қатысуымен онлайн форматта өткізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Қауымдастық төрағасы Кемелбек Ойшыбаев аталған заң жобасына қатысты қызу талқыға түсіп жатқан бірнеше мәселе барын атап, заң жобасына әлі де түзетулер енгізуге болатынын айтты. Алғашқы болып сөз алған журналистер «Масс-медиа» туралы заңға баспасөз картасын енгізуге қарсылық білдірді. 

 «Қазақстандық Медиа Альянс» қоғамдық бірлестігінің көзқарасын да жеткізген «Atameken business» телеарнасының бас директоры Қанат Сахария баспасөз картасын енгізу артық деп санайды. 

Біздің ойымызша, баспасөз картасын енгізу – артық шара. Өйткені біздің тәжірибеде кез келген құжаттың пайда болуы оның талап етілуіне әкеледі. Министрлік бұл шара журналист жұмысын жақсартатынын, оларда жаңа мүмкіндіктер пайда болатынын айтады. Шын мәнінде, әсіресе аудандарда сенде баспасөз картасы болмаса, сені ешқайда кіргізбейді. Сәйкесінше, журналистің құқығы бұзылатын болады. Министрлік бізге көмектескісі келетінін айтады. Бізге көмектесудің қажеті жоқ. Бастысы – бөгет жасамау, - деді ол. 

Журналистердің тәуелсіз, мысалы, ютуб желісінде жұмыс істейтін журналиске баспасөз картасы берілмеуі бойынша сұрағына министрлік өкілі кәсіби журналистика БАҚ редакциясымен байланысты болуы керегін атады. 

Кәсіби журналистика бар және әлеуметтік желідегі әуесқой журналистика бар. Ютуб арналар мен әлеуметтік желідегі жеке парақшалар БАҚ ретінде тіркеле алмайды, - деді министрлік өкілі. 

Баспасөз картасын енгізуге қатысты ойын журналист Нұржан Жалауқызы да ортаға салды.  

Баспасөз картасына қатысты Еуропа тәжірибесін де, батыс тәжірибесін де, Түркия тәжірибесін де зерттеп көру керек. Содан кейін ғана баспасөз картасын өзіміз үшін кәсіби дәрежеде қажет құжатқа айналдыра аламыз, - деді ол. 

Журналистерге арналған баспасөз картасын енгізу мәселесі талқыланған кезде түрлі пікірлер айтылды.

Баспасөз картасы арқылы журналист кез келген мемлекеттік органға міндетті түрде кіре алады, сондай-ақ карточканы көрсеткен кезде полиция митингтер кезінде немесе басқа да адамдар көп жиналатын орындарда жұмыс істегенде журналистті бірінші кезекте қорғайтынында атап өтті. Талқылаудың нәтижесінде қатысушылар пресс картаның берілу және кері қайтарып алу рәсімдері журналистердің жұмысына кедергі келтірмеуі үшін халықаралық тәжірибені ескере жасау қажеттілігіне назар аударды - дейді Кемелбек Ойшыбаев.

Өзгелердің жаңалығы