Баспананы сатып алуда артық шығындардан қалай арылуға болады?

6 Сәуір 2021, 18:15
2957
Бөлісу:
Баспананы сатып алуда артық шығындардан қалай арылуға болады?

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығысқазақстандықтар жылжымайтын мүлікті сатып алуда Халыққа қызмет көрсету орталықтарының фронт-офистеріне көбірек сенім арта бастады.

Баспананы жайластыру қай қазақтың болмасын басын ауыртып, балтырын сыздататын мәселе екені бесенеден белгілі. Жылжымайтын мүлікті өз атына жазудың машақаты да, шығыны да аз емес. Дей тұрғанмен, жылжымайтын мүлікті сатып алған кезде болатын бірқатар басы артық шығынды айналып өтудің бірнеше жолы бар көрінеді. Бұған бүгінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы мүмкіндік беріп отыр. Бұл мәселе жайында сайт тілшісіне «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы тіркеу басқармасының басшысы Гүлфайра Нұржанова айтып берді.


Бар мәселе бір күнде шешімін табады

Бірінші кезекте шешілуі тиіс деп санайтын осы бір мәселеде борыштанып, қаншама шығынға батып жататынымыз да рас. Қарызданып-қауғаланып алған қаражатты қайда тартарын білмеген адамдар осындай кезде қысылып қалады. Қысқа көрпе іспетті басына тартса аяғы, аяғына тартса басы шығып қалады. Бұл жерде айтылып отырған шығын – сатушы мен сатып алушының арасында көрсетілетін нотариаттық қызметтің ақысы. Десек те, бұл мәселенің де шешімі жоқ емес. Ол үшін сатушымен келісіп, барлық құжаттарды қолтыққа қысып, Халыққа қызмет көрсету орталығына барса болғаны, бар мәселе бір күннің ішінде шешімін табады.

Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрғындарға нотариустың қатысуынсыз келісім-шарттар жасасуға көмек көрсетеді. Қарапайым жазбаша келісім-шарт бір жұмыс күні ішінде мемлекеттік тіркеуден өткізіледі. Бұрындары БЭК-офистерде арнайы тіркеуші мамандар отыратын. Қазіргі уақытта қызмет алушылар ол жаққа бармай, барлық құжаттарды осы жерден, яғни «Бір терезе» әдісі арқылы өткізуге мүмкіндік алды. 2018 жылдан бастап, бұрындары Әділет органдарының құрамында болған тіркеу қызметі «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының құзыретіне берілген болатын, – дейді Гүлфайра Нұржанова.

Басқарма басшысының айтуынша, бұл қызмет түрі соңғы жылдары өңір тұрғындары арасында кеңінен танымал бола бастаған. Бұған бірінші кезекте жүргізілген жоспарлы жұмыстар әсер етсе, екіншіден, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының қолданылуы септігін тигізген. Атап айтса, биыл жылдың бірінші тоқсанында ғана нотариустың қатысуынсыз келісімшарт жасасқандар саны 3604 адамды құрап, жалпы сомасы 3,7 млн теңгеден астам соманың құжаттары өткізілген.

 

Келісімшартқа кететін шығын әртүрлі

Келісімшарттарды нотариустың қатысуынсыз тіркеу үшін азаматтар облыстағы кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады. Ол үшін тараптардың қолында келісімшарттың дайын нұсқасының болуы міндетті емес. Егер құжаттар дайын болмаса, ХҚКО мамандары келісімшарттың мәтінін ақылы түрде теріп, құжаттарды мемлекеттік тіркеуге дайындап береді.

Халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары еліміздің Азаматтық кодексінің 13-бабына сәйкес, жеке тұлғаның, ал 35-бабына сәйкес заңды тұлғаның құқықтық қабілетін тексереді. Ақыл-есі кем немесе психикалық ауруына байланысты қабілетсіз деп танылған адамның атынан оның заңды қорғаншысы келісімшарт жасаса алады, – дейді Гүлфайра Нұржанова.

Бағаға келер болсақ. Бүгінде пәтер немесе жеке тұрғынүй сатып алған азаматтар бірінші кезекте нотариустың қызметіне жүгініп жатады. Ал нотариустың тараптар арасындағы келісімшартты дайындап, құжаттардың заңдылығын қарап, оны мемлекеттік тіркеуден өткізу ақысы 35 мың теңгенің төңірегін құрайды. Оған сатушы мен сатып алушының жұбайларынан алынатын келісімді қосыңыз. Оның бағасы – 4-5 мың теңгенің арасы. Келісім-шартты мемлекеттік тіркеуден өткізуге төленетін алым қаладағы пәтер үшін – 1202,5 теңге, ал жер телімі бар жеке тұрғын үй үшін 2405 теңгені құрайды. Осылайша, келісімшарттың шығынын бөліп төлеу жайында келіспеген азаматтар баспананы өз атына жазу кезінде кем дегенде 40-42 мың теңгенің мөлшерінде шығынға батады.

Ал мұндай шығынды біршама көлемде азайтудың жолы – келісімшартты нотариустың қатысуынсыз Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жасату. Гүлфайра Нұржанованың айтуынша, қазіргі уақытта пәтерді сатып алу-сату немесе сыйға тарту келісімшартын жасасу облыстық маңызы бар Өскемен және Семей қалаларында жеке тұлғалар үшін 7100 теңгенің мөлшерінде, ал аудан орталықтары мен ауылдарда – 5600 теңгені құрайтын көрінеді. Егер жылжымайтын мүлікті айырбастау келісімшарты жасалатын болса, ірі қалаларда 9100, ал ауыл-аймақтарда – 7000 теңгені құрайды. Сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жаңадан салынған үй-жайларды да пайдалануға беруге болады. Бұл қызметтің ақысы бөлек.

Құжаттар толық тексеріледі

Біздің мамандар барлық құжаттарды егжей-тегжейлі тексереді. Үй-жайдың басқа банктерде кепілде тұрып-тұрмағанын анықтайды. Ол үшін сатушы барлық құжаттың түпнұсқасын алып келеді. Сатушы некеде болса, жұбайының нотариалды түрде расталған келісімін әкелуі керек. Егер некеде тұрмаған болса, сол жерде өз атынан өтініш жазып береді. Біздің мекеменің басқа органдардың деректер базасына, соның ішінде Азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімдерінің де базасына кіріп, тексеру мүмкіндігі бар, – дейді Гүлфайра Нұржанова.

Келісімшарт жасасуға келген азаматтарға кейбір жағдайларда ХҚКО мамандары қызмет көрсетуден бас тартуы мүмкін. Ол қандай жағдайлар болуы мүмкін? Егер адамдар ішімдік ішіп келсе немесе басқа да оғаш әрекеттер көрсетсе мұндай қызмет көрсетілмейді. Адамның баспанасын түрлі айла-әрекет арқылы өз атына жазып алу күдігі туып, қызмет түрі ары қарай көрсетілмейді.

Бізде сатып алу-сату келісімшартын жасау кезінде азаматтар бірнеше қорғаныштық сатыдан өтеді. Бірінші кезекте олардың жеке куәліктеріндегі қолы мен келісімшартқа қойған қолдары салыстырылып, сонан соң фотофиксация жүргізіледі. Барлық жұмыстар жүргізіліп болған соң нотариустың қатысуынсыз келісімшарт жасалғаны туралы дерек тіркеліп, барлық құжаттардың сканерленген нұсқалары БЭК-офистерге тіркеуге жолданады. Сатып алу-сату келісімшарты үш данада жасалып, екеуі сатушы мен сатып алушыға берілсе, біреуі тіркеу органына жолданады, – дейді Гүлфайра Нұржанова.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта елімізде кеңінен қолданыла бастаған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының арқасында тіркеу үрдісінің де мерзімі қысқарған. Атап айтсақ, БЭК-офистерге жолданған құжаттар бір жұмыс күні ішінде тіркеуден өткізіліп қояды.

Тіркеуден өткен соң, біздің фронт-офистерімізде келісімшарттың мемлекеттік тіркеуден өткені туралы ескерту шығарылады. Осылайша, қызмет алушы ешқайда сабылмай, барлық құжатты басынан аяғына дейін бір жерден алады. Азаматтық кодекстің 152-бабында көрсетілген қарапайым жазбаша келісімшартты жасасуға ешкім тыйым салмаған. Тіптен мұндай келісімшарттың мәтінін азаматтардың өздері-ақ тере салуларына болады. Ең бастысы ол құжатта сатушы мен сатып алушының аты-жөндері толық әрі дұрыс, құжат нөмірлері, тұратын мекен жайлары, сатып алынып жатқан мүлік, оны иелену құқығы жайлы ақпараттар түгелдей енгізіліп, сату бағасы көрсетілуі керек, – деп қосты Гүлфайра Нұржанова.

Осылайша, азаматтар нотариустың қатысуынсыз келісімшартты Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жасасатын болса, барлық төлем 12 мың теңгеден асып жығылады. Яғни, шығын нотариустың қызметіне кететін шығыннан екі есеге азаяды.

 


Өзгелердің жаңалығы