Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Пандемия жағдайында барлық сала жаңаша жұмыс істеуге бейімделді. Бұл өзгерістерден қаржылық сектор да қалыс қалған жоқ. Қазір көптеген операцияны қашықтан жүзеге асыруға болады. Солтүстік өңірде тұрғын үй саласының тыныс-тіршілігі, құрылыс қарқыны, мембағдарламалардың жүзеге асуы жайлы екінші деңгейлі банктің филиал директоры Алмас Жапабаевтен сұрап білген едік.
Президент 2020 жылдың соңына дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін «Отбасы» банкі етіп қайта құруды тапсырды. Трансформация қалай жүреді? Бұл қарапайым азаматтарға не береді?
- Банк өзінің негізгі қызметін тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде жалғастырады, сонымен қатар, қолданыстағы түрғын үй бағдарламалары шеңберінде клиенттеріне несиелер береді. Толыққанды даму мен қолдау институтына айналу үшін оның функцияларын арттыру жоспарлануда. Банк тұрғын үй саясатын дамытатын институт ретінде қазақстандықтардың арасында тұрғын үйді есепке алуды, орналастыруды және бөлуді орталықтан жүзеге асырады. Осыған байланысты заңнамаға түзетулер енгізу және әкімдіктерден кезек күту функциясын «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Отбасы» банкіне беру қажет.
- «5-10-20» бағдарламасының шарттары туралы айтып беріңізші және ол қалай жүзеге асырылады?
«Шаңырақ» пилоттық жобасының қатысушылары тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелген, яғни кезекте тұрған азаматтар бола алады. Тағы бір талабы соңғы алты айда отбасының әрбір мүшесінің айлық табысы 101 270 теңгеден аспауы тиіс. Қатысу үшін 1986-2017 жылдар аралығында кезекте тұрған адамдар ресми сайт арқылы өтініш бере алады. Содан соң банкке құжаттарымен келуі шарт. Несие беру мақұлданғаннан соң 2 айдың ішінде жаңа үйден пәтер табуы тиіс. Үлесті қатысу шарты бойынша да үй алуға болады, тек «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ келісімшарты бойынша да алуға болады. Солтүстік Қазақстан облысында пәтер бағасы 12 миллион теңгеден аспауы шарт. Жалпы, пәтер алу үшін алғашқы жарна 10 пайыз.
Пайыздық үстеме - 5 пайыз. Қазіргі таңда кезекте тұрған жандарға біздің банктен тегін түрде шот ашып қаражат жинай беріңіздер дегіміз келеді. Өйткені бұл бағдарламаның аясында барлық кезекте тұрған жандарға пәтер мемлекеттік бағдарламалар бойынша берілмекші.
- «Әскери баспана» әлеуметтік бағдарламасы қандай қарқынмен жүзеге асырылуда? Қанша тұрғын үй берілді және тапсырылуы керек? Бағдарламаның шарттары туралы айтып өтсеңіз, тұрғын үй алуға кім үміткер бола алады? Келесі өтінімдер қашан қабылданады?
- Әскери баспана бағдарламасы басталғаннан бері 219 әскери қызметші тұрмыстық жағдайларын жақсартты. Берілген несиелердің жалпы сомасы 2,3 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда да бұл бағдарлама жалғасып жатыр. Егер шотыңызда 15 пайыздан 50 пайызға дейін алғашқы жарна сомасы болса, пәтер алуа болады. 15 пайыз болса – 8 пайыздық мөлшерлеме, ал 50 пайыз болса 5 пайыздық үстемемен аласыз.
- Екінші реттік тұрғын үйден баспананы сіздердің банктеріңіз арқылы қалай ала аламыз?
Алғашқы жарна - 50 пайыз. 3,5-тен 8,5 пайыздық мөлшерлемемен алуға болады. Құрылысы кірпіштен тұратын үйлер 60 жылдан аспауы тиіс болса, ағашбілеу мен тақтайдан тұрғызылған нысан 30 жылдан аспауы шарт.
- Көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасының нәтижелері қандай? Бағдарлама қандай шарттар мен талаптарды қояды? Ол бойынша бойынша қандай пәтер сатып алуға болады?
«Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыру барысында бүгінгі таңда 300 отбасы баспаналы болды. Оның қатарында көпбалалы, толық емес, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар. Алғашқы жарна - 10 пайыз, 2 пайыздық мөлшерлемемен.
- Солтүстік Қазақстанда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы берілетін қанша үй салынып жатыр?
Биыл Петропавлда 3 жаңа үй қолданысқа берілмекші. Ол Береке шағын ауданындағы 75 пәтерлі Сенная 20, Жас өркен ықшам ауданындағы 192 пәтерлі және Жуков көшесіндегі 78 пәтерлі тұрғын үйлер. Құрылыс аяқталуға жақын, содан соң әкімдік құжаттарын рәсімдейді, оған 1-1,5 айдай уақыт кетеді.
- Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің тұрғын үй сатып алу бағытындағы жұмысы қалай өзгерді? Тұтастай алғанда банкте қандай цифрлық трансформация жобалары жүзеге асырылуда?
2020 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің видеоқоңырау арқылы депозит ашу қызметі пайда болды. Бұл дегеніңіз клиенттің үйден шықпай-ақ, біздің ресми hcsbk.kz сайтына ғана кіріп, жұмысыңызды оңтайлы түрде тындыра аласыз. Жыл сайын банк цифрлық трансформация жобаларын жүргізеді. Сонымен қатар жуырда бізде клиенттерге жаңа қызмет түрі ұсынылды. Бар болғаны 15 минуттың ішінде несие беріле ме, жоқ па, білуге болады. Бір, екі немесе үш күн күтудің қажеті жоқ.
- Мемлекеттік сыйлықақыны кімдер ала алады? Оның мөлшері қандай?
Мемлекет сыйлықақысы – бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларының депозиттеріне олардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға деген ынта-ықыласын арттыру үшін республикалық бюджеттен аударылатын қаражат. Биыл 555 600 теңге ең жоғарғы сомаға 20 пайыз, яғни 111 120 теңге сыйлықақы беріледі. Әрбір салымшы банкпен арадағы келісімде көрсетілген шарттарды бұлжытпай орындаса, өзі жоспарлаған баспанаға ие болады. Бұл - пәтер алудың ең қарапайым формуласы.
- Сұхбатыңызға рахмет!