Баспана жыры: Ұпай қалай есептеледі немесе "Наурызбен" кім пәтер ала алады

13 Мамыр 2024, 14:42
1162
Бөлісу:
Баспана жыры: Ұпай қалай есептеледі немесе "Наурызбен" кім пәтер ала алады
Фото: pixabay.com

Елімізде баспаналы болудың бірнеше тәсілі, яғни ипотекалық бағдарламалар бар. Солардың бірі – жақындаға ғана іске қосылған "Наурыз" бағдарламасы. Бүгінде ол бойынша 9 мыңға жуық өтініш қабылданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Неше өтініш қабылданды?

Жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысуға ниет білдірген қазақстандықтар арасында 35 жасқа дейінгі қазақстандықтар көш бастап тұр. "Наурыз" бағдарламасы бойынша өтініш жолдаған ең жас үміткер – Түркістан облысының 18 жастағы тұрғыны.

Алматы, Астана және Шымкент қалаларымен қатар тұрғын үй сатып алу үшін ең көп таңдалған бес қала мен өңір қатарына Ақтөбе мен Алматы облыстары кірді.

"Наурыз" бағдарламасы бойынша өтінімдер жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қабылданады. Баспана маркет платформасы (otbasybank.kz) сағатына орта есеппен 400 өтінімді қабылдауға қабілетті.

10 мамырдағы жағдай бойынша қазақстандықтар барлығы 17 432 өтінім жолдады. Оның ішінде 8 945 өтінім сәтті қабылданды, олардың жартысы тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен түскен.

Ал 2 436 өтінім қабылданбай, кері қайтарылды. Негізгі себеп – клиенттердің депозиттерінде 1 млн теңге мөлшеріндегі қажетті сома жоқ болып шыққан. Бұл "Наурыз" бағдарламасына қатысудың негізгі шарттарының бірі. Сондай-ақ, тұрғын үйі бар адамдардың да өтінімдері қабылданбады.

Тағы 5 008 өтінім жолдану процесінде. Яғни, мемлекеттік дерекқорлармен сәйкестендіру жүргізіліп, жүйе өтінімдерге ЭЦҚ көмегімен үміткерлердің қол қоюын күтіп отыр.

Қатысушыларды дүрліктірмеу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімі барынша ұзартылды. Үміткерлердің маусым айының соңына дейін бір жарым ай уақыты бар. Сондай-ақ өтінім беру күні мен уақыты ұпай санағанда ескерілмейді.

Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін саралау басталады. Бағдарламаға қатысушылар тізіміне ең көп ұпай жинаған үміткерлер кіреді.

Бағдарламаға кім қатыса алады?

- жұмыс істейтін жастар

- жас отбасылар

- тұрғын үй төлемдерін алушылар

- банк салымшылары

- моноқалалар, аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендердің тұрғындары, оның ішінде жинақтау талаптарынсыз тұрғын үй алу кезегінде тұрғандар

- студенттер

- бюджеттік сала қызметкерлері

Бастысы бағдарламаға қатысушылардың және олардың жақындарының (мысалы әйелі, күйеуі, 18-ге толмаған балалары) атында жылжымайтын мүлік болмауы керек. Егер қатысушының атында жер учаскесі, гараж сияқты жылжымайтын мүлік болса, онда ол бағдарламаға қатысу мүмкіндігінен айырылады. Азаматтың атында соңғы 5 жылда жылжымайтын мүлік болмауы керек.

Ұпайлар қалай есептеледі?

- салым бойынша сыйақы мөлшері - әрбір 1 000 теңге үшін 1 ұпай;

- тіркелген некенің болуы - 5 ұпай;

- балалардың болуы - 10 ұпай (балалар санына қарамастан);

- халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) мәртебесінің болуы - 10 ұпай;

- 35 жасқа дейінгі жас (қоса алғанда) – 5 ұпай.

Егер екі қатысушының ұпайлар саны сәйкес келсе, онда тізімге енгізу кезінде басымдық салым сомасы көп және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамға беріледі.

Саралаудан кейін клиенттер банк сайтында "Наурыз" бағдарламасы бойынша өтініш берушілердің, атап айтқанда қатысушылар пулына енгендердің және ұпайлар бойынша өтпегендердің толық тізімін көре алады. Пулға кірген қатысушылардың несиеге өтінім беруге тағы екі ай уақыты болады.

Заем бойынша оң мақұлдау алған үміткердің баспана іздеуге 6 ай уақыты болады.

"Наурыз" бағдарламасының шарттары қандай

  • алғашқы жарна - 20%-дан бастап;
  • тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін);
  • азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін);
  • несие мерзімі - 19 жылға дейін.

Қандай баспана сатып алуға болады?

- алғашқы нарықтағы тұрғын үй, оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты және сақтандыру құралы бойынша;

- моноқалалар мен ауылдық елдімекендерде екінші нарықтағы тұрғын үй, жылына бөлінген қаражаттың жалпы көлемінің 30%-нан аспайтын көлемде.

Заемның ең жоғарғы мөлшері:

- Алматы мен Астана қалалары үшін - 36 млн теңгеге дейін.

- қалған өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.

Сондай-ақ бір несие аясында сатып алынып жатқан бастапқы баспананы жөндеу жұмыстарына да ақша алуға да болады. Бастысы жөндеуге арналған қарыз сомасы тұрғын үй сатып алуға арналған кредиттің жалпы сомасының 20%-нан аспауға тиіс, бірақ қарыздың ең жоғары сомасы шегінде.

Бағдарламаға қатысушы пәтерді Баспана маркет порталынан таңдап, брондай алады (otbasybank.kz). Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған.

Бағдарлама бойынша өтінімдерді қабылдау екі ай мерзімге дейін, яғни маусым айының соңына дейін жүргізіледі. Яғни әлі бір жарым ай уақыт бар.

"Наурыз" бағдарлама 8 жыл бойы жұмыс істейтінін еске сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы