Басқарма: Осылай жалғаса берсе, COVID-19-дың үшінші толқынына тап болуымыз мүмкін

20 Наурыз 2021, 20:37
1744
Бөлісу:
Басқарма: Осылай жалғаса берсе, COVID-19-дың үшінші толқынына тап болуымыз мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінгі таңда COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеуге арналған реанимациялық және инфекциялық төсек-орындары толып жатыр. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Күн сайынғы жиналыста қаланың бас дәрігерлері елордадағы КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдайды талқылайды. Елордада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар санының өсуіне байланысты стационарларда қосымша төсек-орындар ашылатын болады.

Қалада тәулігіне 300-ге тарта вирус жұқтыру тіркеледі. Қазір стационарларда 451 адам емделіп жатыр. Төсек жүктемесі 63%-ды құрайды. Жалпы Нұр-Сұлтан КВИ-мен ауыратын науқастарды емдеу үшін 5 мың төсек-орынға дейін, әрі оған қаланың барлық медициналық ұйымын жұмылдыруға дайын. Бірақ азаматтар санитарлық нормаларды сақтамайтын болса, жұмсалатын ресурстардың бәрі жетпейтін болады. Егер іс осылай жалғаса берсе, біз коронавирус ауруының үшінші толқынына тап болуымыз мүмкін, - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Басқармада қазіргі уақытта №3 көпбейінді балалар ауруханасында төсектер орналастырылғанын және мерекеден кейін эпидемиологиялық жағдайға байланысты науқастар травматология ғылыми-зерттеу институтына орналастырылатынын атап өтті.

Елордалық дәрігерлердің айтуынша, науқастар санының өсуі азаматтардың алдын алу шараларын сақтамауынан болып отыр.

Статистикаға көз жүгіртсек, инфекцияның өсуі наурыз айының алғашқы мерекелерінен кейін болып отыр. Қала тұрғындары 8 наурыз мейрамын тойлау кезінде жұрт көп жиналатын орында маска режимін сақтамаған. Енді біз азаматтарға алдағы Наурыз мейрамын тойлаудан, қонақ шақырып немесе қонаққа барудан бас тартуды ұсынамыз. Инфекциялық стационарлардың төсектері күн сайын толып жатыр. Егер іс осылай жалғаса берсе, дабыл қағуымызға тура келеді!, - деп толықтырды ведомство.

Өзгелердің жаңалығы