Қыз ұзату тойындағы замануи өзгерістер туралы зерттеп көрдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шашылсаң, тойға шашыл,-деген ата-бабамыздың әдемі тілегі тұр көңілде. Бірақ, бүгінгі заманда бұл сөзді арқау етіп, қарыздан-қарызға кіріп той жасаудың керегі қанша? Халық санасын улаған бәсекелестік қашанға дейін жалғасады?
Иә, той-қуаныш, той – бақыт, той-қазына. Дегенмен «көрпеңе қарай, көсіл» деген әдемі тіркестің де барын ұмытпаған абзал. Бүгін жұртпен бәсекелесеміз деп салт-дәстүрді санадан өшіріп, қазақылықты қаннан алып тастап жатқандаймыз...
Заманға сай көп өзгеріске ұшырап жүрген «Қыз ұзату» тойы туралы айтарымыз көп. Бұрын қызды алу үшін жігіт жақтан бес-алты адам келетін болған. Дөйттеген жерге келгенде күйеу балаға арнайы отау тігіліп, жеңгелері мен балдыздары «кереге керер» жолын алады. Ал отаудың шаңырағын сол ауылдың елге сыйлы кәрі күйеуіне көтерткізеді. Бұл жас күйеуге де соның жолын берсін деген ырым. Тігілген ақ отауға ең алдымен қалыңдықты, одан соң күйеуді кіргізеді. Қалыңдық отаудың ас-су тұратын сол жақ босағасына барып, оң аяғымен жерді бір теуіп сыртқа шығады. Бұл «отаудың иесі біз боламыз» дегенді білдіреді. Одан соң екі жақтың құдалары құйрық бауыр жеп болған соң, қыздың жеңгелері қолтықтап, құтты ұясына шығарып салады.
Байқасаңыз, бұрынғының салты өз қаңқасын жоғалтпаған. Бүгінде арнайы күйеу жігітімізді күтіп, күйеу балаға төстен, құдаларға құйрық- бауырдан дәм татқызып жатырмыз. Қазақтың салтымен ақ жолымызды жайып, жеңгелеріміз қызымызды ақ босағасына аттандырып-ақ жүр.
Дегенмен, дәл осы қыз ұзату тойындағы қызды шығарып салу рәсімі бүгінде түрлі өзгеріске еніп жүргені жасырын емес. Кей облыстарда қызыл орамалды қоса тартқан қызымыз ұзатылып жатса, енді бірінде қызымызды жеңгелер емес жігітпен бірге қол ұстастырып жіберіп жатыр. Одан қалса, әншілер де қыз ұзату дәстүрінің бел қасында жүр.
Бұл туралы әнші Жазира Байырбекова былай деп жазады.
«Қазақтың тойларында қыздың артынан апаратын дүние мүлікті халыққа ақтарып көрсетуін, қызға қанша қалың мал әкелгенін көпшілікке жария ету қазақтың салты дегенге сеніңкіремеймін.Осыдан 15-20 жыл бұрын әдемі қыздың қолынан ұстап ұзату әнін бастап едім. Бірақ, дәл бүгінгідей әнші ұзату керек деген ұғым қалыптасып, салтымызға айналып кетеді деп ойламадым»,-дейді әнші.
Иә, әншінікі орынды. Бүгінде қалтасы қалыңдар қызымызды әнші ұзатқан деп мақтанғанды алға қояды. Негізі «жолың берсін», «көгерген,көктеген осы кісі секілді дана келін болсын»,- деп ниет етеді емес пе? Бірақ, барлық әншілер бұл талапқа сай ма? Тіпті, ер адамның қыз баланы ұзатып жатқанына не дерсіз?
Той ұйымдастыру орталығының басшысы Әділет Байнашев халықтың сұранысы бойынша көп шақырту алатын әншілер топтамасын да жасап берді.
«Біздің той саласында қызмет еткенімізге он жылдай уақыт болды.Қазір халық тойының ерекше өткенін, той сценарийі тек тілекке ғана емес, шоу бағдарламасына толы болғанын қалайды. Менен той иелері көбінесе өмірлері үлгі, әулеттің анасы болып отырған әншілерді сұрайды. Қызылорда халқы қыз ұзату рәсіміне көбінесе Жазира Байырбекова, Мадина Садуақасова, Роза Әлқожа секілді әншілерді шақырады»,-дейді ол.
Тойдағы тәтті торттың да жыры көп. 1 миллион теңгеге тәтті жасатып, әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп жүрген жандар да жоқ емес. Қайран, далаға кеткен ақша-ай дерсің..
Жә, әркімнің өз қалауы делік. Дегенмен, ата-бабамыздың сара жолымен келген салт-дәстүрді келер ұрпаққа сол күйінше жеткізуді мақсат еткеніміз дұрыс. Себебі, қазіргі бұзылған салт - ертеңгі болашақтың бет-бейнесін көрсетеді.