Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева тұрғындарға жедел ішек инфекциясының қаупі туралы ескертті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, жедел ішек инфекциясы – ас қорыту жолдарын зақымдайтын инфекциялық аурулар тобы. ЖІИ қоздырғыштар өте төзімді және ұзақ уақыт топырақта, суда, сондай-ақ қасық, тәрелке, есіктің тұтқасы, ойыншық сынды заттарда сақталуы мүмкін. Микробтар суда, сүтте, сүт өнімдерінде, етте, тәтті өнімдерде, салаттарда және басқа да тез бұзылатын азық-түліктерде көбейеді.
Негізгі белгілері:
- әлсіздік, тәбеттің төмендеуі.
- іштің ауыруы;
- құсу, іш өту;
- дене қызуының көтерілуі;
Құсқанда және іш өткенде адам сұйықтықты жоғалтады, соның нәтижесінде ағзадағы су алмасу процесі бұзылып, жүректің, тамырлардың, бүйректің және басқа ағзалардың қызметінің бұзылуына әкеп соғады. Егер ЖІИ белгілері байқалса, өздігіңізден емделмей, жедел медициналық көмекке жүгініңіз, - деп атап өтті елорданың бас санитар дәрігері.
Жедел ішек инфекциясының алдын алу шаралары:
- Азық-түлікті арнайы дүкендер мен базарлардан сатып алыңыз;
- Тез бұзылатын тағамдарды тұтыну кезінде абай болыңыз: сүт және сүт өнімдері, тартылған ет, кремді кондитерлік өнімдер, дайын және араластырылған салаттар және т. б.;
- Ірі еттерді, құстың етін, жұмыртқаны әбден қайнатыңыз және қуырыңыз;
- Қолданар алдында көкөністерді, жеміс-жидектерді жақсылап тазалап жуыңыз;
- Ауыз суын немесе қайнатылған суды тұтыныңыз. Су қоймаларындағы суды пайдаланбаңыз;
- Қолыңызды жуыңыз немесе бактерияға қарсы әсері бар, зарарсыздандыратын дымқыл майлықты қолданыңыз.