Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов 2021 жылғы 6-8 шілде аралығында Санкт-Петербург қаласында «Адам құқықтары жөніндегі еуропалық конвенция талаптары аясындағы жеке құқықтар мен жария мүддені қорғаудағы прокуратураның рөлі» атты еуропалық елдер прокурорларының конференциясына қатысты.
Конференцияға қатысушылар – Еуропа мен Азияның 25-тен астам елінің прокуратура органдарының өкілдері қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылап, киберқылмысқа қарсы күрестегі заманауи әдістерді енгізу тәжірибесі мен прокуратура қызметінің халықаралық стандарттарын зерделеді.
Қазақстандық делегация адам құқықтарына қатысты маңызды процестік шешімдерді прокурормен келісудің жаңа тәртібі, сондай-ақ Қазақстандағы қылмыстық процесті цифрландыру туралы баяндама ұсынды.
Конференция аясында бірқатар шетелдік әріптестермен (жақын және алыс шетел) және халықаралық ұйымдар өкілдерімен кездесулер өткізілді. Қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық, шарттық-құқықтық базаны кеңейту және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, Каспий маңындағы бес мемлекеттің бас прокурорлары (Ресей, Әзірбайжан, Түркіменстан, Иран және Қазақстан) Каспий теңізінің қоршаған ортасын қорғау және табиғи ресурстарын пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды.