Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бас прокуратурада Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай, медиа-холдингтердің басшылары мен жетекші БАҚ-тың бас редакторларымен кездесу өтті.
Бас Прокурордың бірінші орынбасары Берік Асылов қонақтарды жылы қарсы алып, журналист мамандығының қазіргі қоғамдағы рөлі мен маңыздылығын атап өтті.
«Сіздердің миссияңыз оңай емес, бірақ өте мәртебелі. Қоғамдағы тұрақтылық пен жасампаздық үрдістердің әлеуметтік тірегінің кеңеюі белгілі бір дәрежеде әрқайсыңыздың кәсіпқойлығыңызға байланысты», - деді ол.
Спикердің пікірінше, ақпарат берудің жеделдігі мен бейтараптығы, болып жатқан оқиғаларды терең талдау әрдайым қазақстандық БАҚ-қа тән қасиет.
Ведомство басшысының бірінші орынбасары прокуратура органдарының одан әрі ынтымақтастыққа дайындығын атап өтіп, БАҚ басшыларын қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларымен жариялылығы шектелген мәліметтерді жариялау мәселелерінде өзара қолдау мен түсінушілікке шақырды.
Бұл ең алдымен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, оның ішінде сот және тергеу органдарына қысым көрсетуді болдырмау, тараптарға өз ұстанымын дәлелдеу бойынша тең жағдайлар тудыру үшін жасалынатынын айтты.
Б. Асылов сонымен бірге азаматтар мен мемлекет мүддесі үшін прокуратура органдарымен қабылданған шаралар туралы қысқаша хабардар етті.
Бұдан әрі сындарлы пікір алмасу өтті, оның барысында БАҚ өкілдері көрсетілген назар мен жемісті ынтымақтастыққа үміт артқаны үшін ризашылықтарын білдірді.
Іс-шара соңында Б. Асылов қонақтарды тағы да кәсіби мерекемен құттықтап, Бас Прокурордың атынан оларға естелік сыйлықтар, сондай-ақ БАҚ шығармашылық ұжымдарына алғыс хаттар табыс етті.