Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бас прокуратура елде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру және оған қатысу фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады.
Хабар 24 арнасының мәліметіне қарағанда, террористік акті бойынша да сотқа дейінгі тергеу басталған. Осылайша Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша тексеру жүріп жатыр.
Ол үшін Президент тапсырмасымен ведомствоаралық жедел тергеу тобы құрылған. Оның құрамына ІІМ, ҰҚК және басқа да құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлері енді. Олар арнайы прокурордың жетекшілігімен тергеу жүргізеді.
Бүгінгі таңда қылмыс айғақтарын жинау және фиксациялау жұмысы жүріп жатыр. Осыған байланысты азаматтарға өтініш, ұялы телефоныңыздың камерасына түсіріп алған құқық бұзу көріністерін өшірмеңіздер. Қылмысты ашуға көмектесетін қандай да бір мәлімет білетін болсаңыздар, 115 нөміріндегі колл-орталыққа хабарласуларыңызды сұраймыз - деп мәлім етті Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров.
Жедел тергеу тобының негізгі штабы Алматы қаласында орналасқан.