Бас прокуратура заңсыз митингтерге қатысты мәлімдеме жасады

13 Маусым 2019, 13:03
1849
Бөлісу:
Бас прокуратура заңсыз митингтерге қатысты мәлімдеме жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ  тілшісі. Заңсыз акцияға қатысқан 957 адамды сот әкімшілікке тартқан. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы Сапарбек Нұрпейісов айтты.

"Прокуратура бірнеше рет ескерту жасады. Соған қарамастан жекелеген азаматтар арандатушыларға еріп, митингілерге шықты. Одан бөлек, тәртіп сақшыларына шабуыл жасады. Салдарынан 3 полиция қызметкері дене жарақатын алды. Дегенмен, полиция ұстамдылық танытып, арнайы заттарды қолданбады»,- деді Сапарбек Нұрпейісов.

Оның айтуынша, заңсыз акцияға қатысқаны және полиция қызметкерлерінің талаптарына бағынбаған 957 адамды сот әкімшілікке жауап тартқан.

"Оның ішінде 670 адам қамаққа алынып, 115 адамға айыппұл салынды және 172 адамғе ескерту жасалды. Қадағалау өкілеттігі аясында прокуратура ұсталғандардың заңсыз әрекетін түсіне отырып, отбасылық жағдайын ескеріп, сот орындарына 311 адамның қамау мерзімін қысқарту бойынша ұсыным хат жіберді. 63 адам бүгін шығады. Қазір қамақта 180 адам бар. Оның 80 - Нұр-Сұлтан қаласында, 100 - Алматыда қамауда. Оларды қамау мерзімі - 6-15 күн аралығында", - деді Бас прокуратура өкілі.
Өзгелердің жаңалығы