Астана, BAQ.KZ. 2019 жылдың 14 наурыздағы жағдай бойынша қылмыстық саясатты зерттеу институтының («ICPR» - Ұлыбритания) жаңартылған деректеріне сәйкес Қазақстан түрмеде отырған адамдардың халықаралық рейтингінде Сингапурдан, Израильден, Австралиядан және Еуроодақтың бірқатар елінен (Чехия, Польша, Словакия, Венгрия, Балтық жағалауы) озып, позициясын 83-тен 95-ке дейін жақсартты.
ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметінше, оған Мемлекет басшысының қылмыстық процесті ізгілендіру және репрессивтілікті төмендету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру ықпал еткен.
Осы жұмыс шеңберінде 2016-2018 жылдар аралығындағы кезеңде қылмыстық заңнаманы жаңғыртуға бағытталған 8 Заң қабылданды.
Бас бостандығынан айыруға балама жаза шараларын қолдану саласы кеңейтілді, жазалау бағыты айтарлықтай төмендетілді, мерзімінен бұрын босату мүмкіндігі ұлғайтылды.
Нәтижесінде соңғы үш жылда қамаудағылар саны 36-дан 30 мыңға дейін азайды (2016 ж. – 36 360, 2017 ж. - 35 805, 2018 ж. - 30 798).
Ізгілендіру, криминогендік жағдайдың нашарлауына әкеп соққан жоқ.
Қылмыстық құқық бұзушылықтарды жалпы тіркеу өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға (316 мыңнан 292 мыңға дейін), соның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар - 19%-ға (26 мыңнан 21 мыңға дейін) төмендеді.
Сондай-ақ ұрлық (7%-ға), тонау (15%-ға), қарақшылық (16%-ға), зорлау (14%-ға), бұзақылық (23%-ға) азайды.
Сонымен қатар азаптау, ұйымдасқан қылмыс, экстремизм, терроризм және кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді.
Әлденеше рет қасақана мүліктік қылмыс жасаған адамдарға қатысты жазадан бұлтартпау қағидаты күшейтілді.