Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Бас прокуратура Медсақтандыру қорын тексеріп жатыр

7 Қазан 2025, 13:20
398
Бөлісу:
 - архив
Фото: - архив

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне қатысты айтқан мәлімдемесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде Бас прокуратура Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында тиісті тексеру шараларын жүргізіп жатыр. Бұл жұмысқа 20 өңірдің өкілдері тартылған. Әзірге нақты қорытынды туралы айту ерте – біздің қолымызда ресми материалдар жоқ, тергеу амалдары әлі жалғасып жатыр. Депутаттармен және жалпы Парламентпен бірлесіп үлкен жұмыс атқардық. Мемлекет басшысы биыл 14 шілдеде қол қойған заң аясында қордың ашықтығы мен медициналық қызмет көрсетушілердің жауапкершілігін арттыру бойынша бірқатар өзгеріс енгізілді. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік-құқықтық актілеріне де түзетулер енгізілді, – деп атап өтті министр Үкіметте өтіп жатқан баспасөз брифингінде.

Сондай-ақ «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов тексеру барысына қатысты қосымша мәлімет берді.

2 мамырдан бастап Бас прокуратура кешенді тексеріс жүргізіп келеді. Тексеру тобының құрамында 46-дан астам сарапшы бар. Қазір іс жүзінде қордың барлық өңірлік филиалдарында және бағыттары бойынша қарсы тексерулер жүргізілуде. Жұмыс бес рет уақытша тоқтатылған еді, алайда қазір тексеру соңғы сатыға жақындады. Менің білуімше, қазан айының соңына дейін Бас прокуратура өз қорытындысын жариялайды. Осы уақыт ішінде біз тексеру органдарына кем дегенде 70 ресми сұрауға жауап бердік. Қызметкерлеріміз күн сайын жұмыс істеп, барлық сауалдарға дер кезінде жауап беріп отыр. Тексеру аяқталған соң, нәтижелермен танысып, қоғамға жариялаймыз. Қазір қордың барлық бағыттағы қызметіне кешенді талдау жүргізілуде. Нақты қорытынды әзірге жоқ, – деді Құлсейітов.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі, ауыл шаруашылығы субсидиялары және 2024 жылғы республикалық бюджеттің орындалуына қатысты шағым түсіретінін мәлімдеген еді.

Өзгелердің жаңалығы