Бас прокуратура алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл туралы айтты

27 Қаңтар 2023, 12:03
1070
Бөлісу:
Бас прокуратура алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл туралы айтты

2021 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Бас прокуратураға алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар кешенін қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мәселенің өзектілігі аталған қылмыс түрлерін тіркеудің тұрақты өсуіне және жәбірленушілердің көптігіне байланысты болды.

Осыған байланысты, Бас прокуратура мүдделі органдармен бірлесіп 2022 жылға арналған алаяқтықтарға (интернет-алаяқтықтарға) және қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен іс-шаралар кешенін қабылдады.

Іс-шаралар кешеніне құқық қорғау және уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын күшейту, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, цифрлық технологияларды енгізу, қолданыстағы нормативтік құжаттарды жетілдіру (жедел ақпарат алмасу, жедел-тергеу қызметкерлері үшін бейінді оқыту жүргізу, IT бағдарламалар мен қосымшаларды әзірлеу және енгізу, жауапкершілікті күшейту және т.б.) жөніндегі шаралар кіреді.

Атап айтқанда, Бас прокуратура сұраныстарды санкциялау рәсімін сақтай отырып, банктік шоттар мен ақша қаражаттарының қалдығына сұраныстарды жіберу бөлігінде Құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпарат алмасу жүйесі әмбебап сервисі жобасын іске асырды.

Бұл ақпарат алмасуды жеделдетуге және кибер алаяқтардың 10 қылмыстық тобын ізін суытпай әшкерелеуге мүмкіндік берді, - делінген таратылған ақпаратта.

Мысалы, Шымкентте бес адамнан тұратын құқық бұзушылар тобы өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстыра отырып, азаматтарға несие ресімдеп, қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын пайдалана отырып, ақша қаражатын жымқырған.

Интернет-алаяқтықтарды ашу және Қазақстанның Еуропа Кеңесінің компьютерлік қылмыстар туралы конвенциясына қосылуы бойынша халықаралық ынтымақтастықты жандандыру жөнінде шаралар қабылдануда.

Осы жұмыстардың шеңберінде Украинаның Ұлттық полициясымен бірлесіп, телефон арқылы алаяқтық жасаған 32 адамнан тұратын Халықаралық қылмыстық топ жойылды.    

Полиция органдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жақсарту және алаяқтықтың алдын алуға бағытталған құқықтық актілерді жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция бөлімшелері үшін интернет желісін мониторингілеуге, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде құқық бұзушы-пайдаланушыларды анықтауға арналған қазіргі заманғы жабдықтар мен мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алды, - делінген жазбада.

Аумақтық полиция бөлімшелерінде осы санаттағы істерді ашуға және тергеп -тексеруге мамандандырылған тұрақты жұмыс істейтін жедел-тергеу топтары құрылды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микрокредиттерді электрондық тәсілмен беру қағидаларына өзгерістер енгізді және қарыз алушыларды аутентификациялаудың қосымша тәсілдерін енгізді.

Бас прокуратура Қаржылық мониторингі агенттігімен бірлесіп, әлеуетті қаржы пирамидаларын ерте анықтау тетігін енгізді, азаматтардың жаппай тартылуына жол бермеуге мүмкіндік беретін ұйымдастырушылық-түсіндіру және алдын алу шараларын қабылдады.

Аталған жұмыстың шеңберінде дивидендтер алу сылтауымен 580 салымшыны заңсыз тарту фактісі бойынша «GAP» компаниясының басшылары қылмыстық жауаптылыққа тартылды.

Банктер операциялардың күшейтілген мониторингісіне және күдікті клиенттермен іскерлік қатынастарды тоқтатуға бағдарланған. Осындай  179 адаммен  іскерлік қатынастар орнатудан бас тартылды.

Құқық бұзушылықтың осы түрінің профилактикасы үшін БАҚ-та 4 мыңнан астам материал, посттар мен бейнероликтер жарияланды, сондай-ақ халықты СМС-құлақтандыру жүргізілді, - деді Бас прокуратура.

Өңірлерде «Заң керуені» көшпелі акциялары өткізілді, оның барысында прокуратура мен полиция қызметкерлері халыққа қаржы пирамидалары мен алаяқтықтан сақтық шаралары туралы тиісті түрде жеткізді. 

Қабылданған шаралар осы қылмыстардың санын едәуір азайтуға мүмкіндік берді. 2022 жылы жасалған интернет-алаяқтықтың саны 4% - ке, Интернет желісі арқылы микрокредиттер беруге байланысты алаяқтықтардың саны 28%-ке, сондай-ақ қаржы пирамидаларын құру және басқару фактілері 27%-ке төмендеді.

Сонымен қатар кибер қылмыскерлер өздерінің алаяқтық сұлбаларын  әркез жетілдіріп отырады. Көбіне, халықтан алдау арқылы ақша алу үшін өздерін күштік құрылымдардың қызметкерлері ретінде таныстырады, жетекші компаниялардың логотиптерін, танымал медиа тұлғалардың және жоғары лауазымды адамдардың суреттерін пайдаланады.

Қылмыстың осы түрлеріне қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстар жалғасуда, - делінген Бас прокуратураның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Өзгелердің жаңалығы