Бас онколог: Қатерлі ісікке қарсы күресті тоқтатқан емеспіз

31 Қаңтар 2025, 23:28
105
Бөлісу:
Бас онколог: Қатерлі ісікке қарсы күресті тоқтатқан емеспіз
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Күн сайын айналамызда онкоауруға шалдыққан адамдар саны артуда. Ал статистика тіптен қорқынышты. Елімізде әр екі күн сайын үш әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады. Соның ішінде, гинекологиялық обырдың үлесі – 11,5%, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде елімізде аты жаман аурумен күрес қаншалықты жүргізілуде?

Шекара аспай-ақ қатерлі ісікті емдеу әлеуетіміз қандай? Адам папиллома вирусына қарсы вакцина туралы не белгілі?

Осы және өзге де сұрақтарға ҚР ҰҒА академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР бас онкологы Диляра Қайдарова сұхбат барысында жауап берді.

- Диляра Радикқызы, жатыр мойны обыры өте ауқымды әрі өзекті тақырып. Өзіңіз де медицинадағы жолыңызды акушер-гинеколог ретінде бастапсыз. Артқа көз тастасаңыз, акушер-гинекологтан ғылым академигіне дейінгі жүріп өткен жолыңызда не түйдіңіз?

- Осынша жолды жүріп өткенім – қажырлы еңбектің арқасы деп білемін. Акушерияда жүргенде сен ең алдымен – дәрігерсің. Ал акушер-гинеколог болу – екі адам үшін: ана үшін де, бала үшін де жауапкершілікті мойныңа аласың. Үнемі үлкен жауапкершілікті мойынға ала білу, табандылық, оқу – онкология ғылымына алып келеді.

Әлемде қандай да бір жаңа дүние, ғылымда, технологияда жаңашылдық көрсем, соны практикаға енгізіп, мамандарымызды оқытамыз. Біздің халқымызға соңғы үлгідегі медицинаның жаңалықтары тезірек жетсе екен, медицинамыз дамыса екен деген ниет қой.

- Қазақстанда ғана емес, әлемде қатерлі ісік көбейіп кетті деп дабыл қағып келеміз. Осы пікірмен келісесіз бе?

- Иә, өкінішке қарай, онкологиямен ауру дүние жүзі бойынша бірден өсті. Әсіресе коронавирус пандемиясынан соң үдеп кетті. Қазақстан қазіргі таңда онкологиялық аурушаңдық бойынша әлем елдері арасында 59-орында тұр. Мәселен, 2023 жылдың өзінде 40 мыңнан астам жаңа жағдай анықталды. Статистиканы қарасақ, жиырма жыл бұрын бұл көрсеткіш 19 мың жағдайды құраған екен. Онкоаурулардың бірден қатты көбеюі орын алуда. 2024 жылғы статистикаға көз жүгіртсек, 43 мыңнан астам адамның қатерлі дертке шалдыққаны белгілі болды. Ал ауруға шалдыққандардың арасында 59%-ы – репродуктивті, еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Бұл көрсеткіш әйелдерге де, ерлерге де қатысты. Былайша айтқанда, жастар. Обыр жасарып келеді. Мысалы, 30 жыл бұрын пациенттеріміз 60-70 жастағы кісілер болса, қазір 20 жастан асқандардың қатары көбейіп келеді.

Жаңа ғана өзіңіз айтып өткен жатыр мойны обыры – осы жастар үшін осал дерт болып отыр. Мәселен, былтыр 22 жастағы қыз бала жатыр мойны обырынан қайтыс болды. Ол бізге келгенде қатерлі ісіктің төртінші сатысында болған. Ауру әбден асқынып, жеңген.

Сосын іссапарға барған кезде де жастардың көп ауыратынын аңғара бастадым. Қостанайға барғанымда жай қарай бастап едім, 28 жас, 29 жастағы әйелдерде қатерлі ісік дерті бар. 40-50 жастағылар ауырса, оған қалыпты қарай бастадық.

- Жатыр мойны обырының «зұлымдығы» да сонда жатыр ғой... Белгілі бір уақыт ішінде ауру симптомсыз өтіп, әбден асқынғанда бірақ білінеді ғой. Сізді дұрыс түсіндім бе?! Бүкіл әлемде аурудың анықталу деңгейін былай қойғанда, шын мәнінде қатерлі ісікпен адамдар көп ауырады бастады. Осы тұжырыммен келісесіз бе?

- Иә, ерте анықталып жатқаны да рас. Ал шын мәнінде, әлем бойынша адамдар жаппай обырға шалдығуда дегенмен келісемін. Біздер – онкологтар үшін ең бастысы ауруды ерте сатысында анықтау маңызды! Науқас жағдайын болжау, әрі қарай емдеу тәсілі соған байланысты. Айта кететін жайт, қазіргі таңда Қазақстанда ауруды 1-2 сатысында анықтау дәрежесі 60 пайызға дейін жеткені көңіл қуантады. Кей жерлерде аурудың нозологиясы 80 пайызға дейін бар. Бұл өте жақсы көрсеткіш! Өйткені, шетел аспай-ақ, елімізде ауруды емдеп, 100 пайыз жазып шығамыз деуге негіз бар.

- Ал Қазақстанда қатерлі ісіктен жазылуға қатысты статистика қандай?

- Бізде елімізде 5 жылдық өміршеңдік деген түсінік бар. Яғни адам өз диагнозымен бес жыл және одан артық уақыт өмір сүрді дегенді білдіреді. Көрсеткіш осы тұрғыда 57 пайызды көрсетті. Бұл дегеніміз 57 пайыздан астам пациент бес жылдан артық межеден асты деген сөз. Қазіргі уақытта 220 мың пациент есепте тұр (онкология бойынша). Олардың ішінде 57 пайызы, яғни 110 мың адам дерттің бес жылдан астам межесінен асып өмір сүруде.

- Бұл көрсеткіш уақыт бойынша өсуде ме? Яғни шартты түрде мысалы, 10 жыл бұрын төмендеу болса, қазір жоғары ма?

- Әрине. Мәселен, он жыл бұрын небәрі 30 (отыз!) пайыз ғана болған. Қазіргі кезде біз 57 (пайызға) дейін жеттік. Бұл ең алдымен ерте диагностикалау есебінен, сондай-ақ пациенттерді емдеу мүмкіндігінің артуынан болды. Оған қоса, заманауи әдістер, заманға сай химиятерапия, таргетті терапия, иммунотерапия септігін тигізуде. Бүгінде таңда осы айтылған процедуралардың бәрі біздің пациенттеріміз үшін қолжетімді, тегін жүргізіледі. Сол үшін отандастарымызға уақытында скринингтен өтуге шақырғым келеді. Скрининг қазір емханаларда тегін жүргізіледі. Биыл жаңа жылдан бастап Денсаулық сақтау министрі қол қойған бұйрыққа сәйкес, медициналық сақтандырылған да, сақтандырылмаған да азаматтар скринингтен тегін өте алады.

- Сіз бұған дейін де берген сұхбаттарыңызда біздің елімізде шетел асып, ем іздемей-ақ емделуге әлеуетіміз жететіндігін айтқан болатынсыз. Қазіргі таңда бұл қаншалықты жүзеге асырылуда? Себебі ауруына шетелге барып шипа іздеуге мәжбүр жандарды көп көріп жүрміз. Дертіне ем іздеп шырылдап жүргенде, дәрігерлер тарапынан кейде дөрекілікке ьап келетіндеріне шағымданатындар аз емес. Пациенттермен кәсіби тұрғыда ғана емес, қарапайым адамгершілік тұрғысында қарым-қатынас жасап, ем жүргізу үшін қаншалықты өстік деп ойлайсыз?

- Өкінішке қарай, соңғы айтқаныңыз біздің дәрігерлердің арасында кездесетін проблемалардың бірі. Яғни біз осыларды емдеуге, заманауи әдістермен, алгориттмен науқасты жазуды үйреттік. Бірақ коммуникациялық мүмкіндіктер жағы ақсап қалып жатады. Дәрігер күніне жиырма-отыз адамды қабылдайды делік. Уақыт өте келе ол қатая беретіні анық. Суық, қатал болмаса, психикасы да шыдамайтын шығар. Ал пациенттің жылы сөз, қолдау күтетіні анық. Қазір біз барлық өңірдегі медбикелерге коммуникация бойынша сабақтар өткіздік. Ең алдымен, медбике пациентті күтіп алатыны анық. Мәселен, шетелдің тәжірибесінде бұл әдіс кеңінен қолданылады. Арнайы оқыған, дайындықтан өткен медбикелер науқасты күтіп алып, дәрігердің кеңесін алуға дайындайды. Өз басым Еуропада ондай қызмет түрлерін көп кездестірдім. Дәрігерлерде барынша еркін жұмыс уақыты, оған дейін пациенті арнайы дайындық пен кеңестен өтіп келген. Ол дәрігерге барынша сенеді. Ал бізде осы тұрғыда, пациент пен дәрігер арасындағы мәдениет ақсап тұр. Дәрігерлер, медициналық персоналдар мен пациенттер тарапынан да бұл жағдай бірдей болып отыр.

"Қатерлі ісік" деген сөздің өзі адамды қорқытады. Әркім үшін бұл үлкен стресс. Сондықтан осы мәселелермен – коммуникациялық проблемалармен айналысатын боламыз.

- Әлемдік тәжірибеде дәрігерлерді осы тұрғыда қалай дайындайды? Білім бар, технология бар, әдістеме бар. Бірақ коммуникацияны қайтсек дамытамыз?

- Мысалы, бізде әр онкоорталықта психологтар бар. Мен үнемі оларға айтамын, онкоорталықта жатқан пациенттің палатасына емес, емханаға келіп адамдармен сөйлесіңіздер. Емханада қойылған диагнозын жаңа ғана естіп, не істерін білмей отырған науқас отырған болуы мүмкін. «Театрдан киімілгіштен басталады» демекші, барлығы осы емханадан басталып қолға алынуға тиіс. Адамға психологтың қолдауы дәл сол сәтте қажет болуы мүмкін. Сіздің бір ауыз сөзіңіз адамды өлтіріп жіберуі немесе керісінше, тығырықтан алып шығуы мүмкін. Өкінішке қарай, кейбір аймақтарда емханалық менеджмент жолға қойылмаған.

Кейде дәрігерлердің өзі бұл проблеманы түсіне бермеуі мүмкін.

- Онкологиялық диагнозы туралы енді білген адам ең алдымен не істеуі керек? Қандай қадам жасағаны дұрыс? Осы туралы айтып беріңізші...

- Біріншіден, азамат тұрғылықты мекенжайы бойынша емханаға тіркеуде есепке тұруы қажет. Былайша айтқанда, ресепшнге барып, "менде онкологияға күдік анықталды. Көмектесіңізші" деп айтуы керек. Бізде"жасыл дәліз" бар. Бұл дегеніміз пациент онкологияға күдігі бар деген қағазбен жүгінсе, оны ең алдымен емханасы тіркеуге алып, барлық жерде «қызыл түспен» ерекшеленіп тұрады. Жалпы практикалық дәрігер дереу қарап, пациентті қолында бар алгоритм бойынша тиісті анализдер тапсыруға жібереді. Қазір осы "жасыл дәліз" жақсы қаржыландырылып отыр. КТ, МРТ сынды барлық қажетті анализдер тегін тапсырылады. Әрі қарай жалпы практикалық дәрігер науқасты бес-алты күн ішінде толықтай тексеріп, одан соң онкологқа табыстайды. Онколог қажетіне қарай биопсия алып, егер емханада қарау мүмкін болмаса, онкоорталыққа жібереді. Бұл процесс шынымен ұзақтау. Уақыт жоғалтпау, тезірек қимылдау дегенді ескеріп, пациент онкологқа жалпы практикалық дәрігерсіз өзі тікелей жазыла алады. Бұл әрбір емханада «Дамумед» қосымшасы арқылы жүргізіледі. Бізде онкологияға күдігі бар пациентке 28 күн ішінде нақты диагноз қойылуға тиіс.

Өйткені мысалы, биопсия тапсыруы керек. КТ жасау міндетті. МРТ, ультрадыбыстық зерттеу жасау қажет. Көп жағдайда пациенттеріміз "диагностикаға мұншалықты көп уақыт кетеді, бірден айта салмайсыздар ма?" деп жатады. Кейде диагноз қою өте қиын жағдайлар да кездеседі. Бізде бір пациент болды. Бәрін, тіпті, ПЭТ жасадық. Ұйқыбезі обыры деген диагноз анықталды. Операция жасап, ашқанда қатерсіз ісік екен. Барлық тексеріс кезінде қатерлі ісік болып көрінген еді. Жағдайдың солай жақсы аяқталғанына әрине, қуандық. Әр жағдайға, әр ісікке тәсіл әртүрлі.

Пациент шетелге барса да, соншалықты уақыт күтеді. Ол жақта бізден айырмашылығы – пациентке бәрін тәптіштеп, дұрыстап түсіндіреді. Коммуникация жағы ақсап тұр дегенім сол.

Осы 28 күн өткен соң пациентті "онконауқастың электрондық тізбесі" деп аталатын жүйеге есепке тұрғызамыз. Әрі қарай толықтай емдеуді мемлекет көтереді.

- Ал пациентке сіз айтқан қызметтің бәрі осы мерзім ішінде көрсетілмесе, не істеу керек?

- Тіркелген емханасындағы ресепшнге барып, талап етуге құқылы. Бас дәрігерге барып, түсіндіруі керек. Бұл жерде уақыт жоғалтпау маңызды екенін түсінген дұрыс. "Жасыл дәлізге" әр 21 күн сайын мониторинг жүргізіп отырамыз. Мұның барлығы электрондық жүйеде көрініп тұрады. Бүкіл Қазақстан бойынша әр облыстың бас онкологтарын жинап алып, талқылаймыз, талдаймыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы