"Барыс" клубы легионерлерді қаржыландыруға тыйым салынғаннан кейін жаңа демеуші іздеуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
BAQ.KZ-тің ресми сауалына жауап берген "Барыс" хоккей клубы әлеуметтік желілерде шетелдік ойыншылармен келісімшарт жасау үшін жаңа демеушінің келуі туралы тараған ақпаратқа түсініктеме берді.
Мемлекет басшысы қол қойған заң аясында шетелдік легионерлерді бюджет қаражаты және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынды.
Қазіргі уақытта "Барыс" хоккей клубы алдағы маусым алдында жаңа демеушілер мен серіктестерді тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Алайда әлеуетті демеушілерді тарту бұл қаражат тек шетелдік спортшыларды ұстауға жұмсалады дегенді білдірмейді, – делінген ресми жауапта.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев "Барыс" клубына қатысты ата-аналар шағымына жауап берген болатын.
Сондай-ақ, премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев "Барыс" хоккей клубының бұрынғы басшылығына қатысты іске пікір білдірген.