Барреліне 100 доллар: Ирандағы қақтығыс мұнай бағасының күрт өсуіне әкеле ме?

Сарапшының пікірінше, әлемдік экономика үшін бұл жағдай критикалық салдарға әкелмейді.

 pixabay.com Бүгiн 2026, 20:02
Бүгiн 2026, 20:02
256
Фото: pixabay.com

Таяу Шығыстағы шиеленістің күшеюі және Ормуз бұғазының жабылуы мұнай бағасына қазірдің өзінде әсер ете бастады. Әлемдік мұнай экспортының шамамен төрттен бірі осы бағыт арқылы тасымалданатындықтан, тіпті қысқа мерзімді шектеулердің өзі баға динамикасын күрт өзгертуі мүмкін. Әлемдік және қазақстандық экономика үшін ықтимал сценарийлер туралы BAQ.KZ тілшісіне экономист Вячеслав Додонов айтып берді.

Оның бағалауынша, нарық бұғаздың жабылу қаупін алдын ала бағаға енгізіп қойған, сондықтан бағаның күрт өсуі іс жүзінде сөзсіз.

Бұған дейін егер әскери әрекеттер басталса, Иран Ормуз бұғазын жабады да, мұнай күрт қымбаттайды деген болжам болған. Қазір дәл сол жағдай орын алып жатыр. Жұма күні Brent маркалы мұнай барреліне шамамен 72,5 доллар деңгейінде жабылды. Алдағы сауда сессияларында кемінде 80 долларды міндетті түрде көреміз, тіпті бұдан да жоғары болуы мүмкін. Қысқа мерзімді өсім 90–100 доллар аралығына дейін жетуі ықтимал. Одан кейін бәрі бұғаз қанша уақытқа жабылатынына және шиеленістің қалай өрбитініне байланысты болады, - деді Вячеслав Додонов.

Экономист мұнай бағасына тек нақты тапшылық емес, психологиялық фактор да әсер ететінін атап өтті. Нарық белгісіздікке жылдам реакция береді, сондықтан баға ауытқуы күрт әрі қысқа мерзімді болуы мүмкін.

Қазір жағдай өте құбылмалы болады. Белгісіздік пен алаңдаушылық көп болғандықтан, бағалар күрт өзгеріп отырады. Қазірдің өзінде баға өткен аптамен немесе жыл басымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары деңгейде. Егер бұғаз ұзақ уақыт жабық қалса, алғашқы секірістерден кейін мұнай бағасы 100 доллар шамасында немесе одан да жоғары деңгейде тұрақтауы мүмкін. Барлығы әлемдік мұнай экспортының шамамен төрттен бірі өтетін бұғаздың қанша уақытқа жабылатынына байланысты. Бұл – өте үлкен көлем, - деп түсіндірді ол.

Дағдарыстың қанша уақытқа созылуы мүмкін екеніне тоқталған сарапшы қазіргі текетірес алдыңғы шиеленіс кезеңдеріне қарағанда ұзаққа созылуы ықтимал екенін айтты.

Эскалация ауқымына қарағанда, бұл бұрынғыдай қысқа эпизодпен шектелмейтін сияқты. Қазіргі әрекеттер былтырғы 12 күндік қақтығысқа қарағанда әлдеқайда белсенді көрінеді. Сондықтан жағдай созылып кетуі мүмкін, ал кеме қатынасына қойылған шектеулер ұзақ уақыт сақталуы ықтимал. Бұл белгілі бір кезең бойы мұнай бағасының жоғары деңгейде қалуына әсер етеді, - деді Додонов.

Әлемдік экономикаға әсері туралы айтқанда, сарапшы мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асқан кезеңдер бұрын да болғанын еске салды және олардың жүйелік дағдарысқа алып келмегенін атап өтті. Оның сөзінше, мұндай жағдайлар инфляцияның өсуіне, логистика шығындарының қымбаттауына және экономикалық өсімнің баяулауына әкеледі, әсіресе энергия ресурстарын импорттауға тәуелді елдер үшін. Алайда бұл жаһандық экономиканы күйрететін фактор емес, керісінше қосымша қысым мен тоқырау үрдістерінің күшеюін білдіреді.

Экономист Еуропаны мұнай бағасының өсуіне ең осал өңір ретінде атап өтті. Оның айтуынша, Еуропа – Таяу Шығыс мұнайының ірі тұтынушыларының бірі, әрі ресейлік мұнайдың тікелей жеткізілімі шектелгендіктен логистикалық шығындар онсыз да жоғары. Балама жеткізілім арналары қолданылғанның өзінде шығын азаймайды, ал Ормуз бұғазы жабылған жағдайда еуропалық нарықтағы қысым күшейіп, баға өсімі, инфляцияның артуы және экономикалық қарқынның баяулауы байқалады.

Ал Қазақстан үшін мұнай бағасының өсуі оң әсер беруі мүмкін. Экономистің пікірінше, бұл бюджет пен оған байланысты салаларды қолдайды.

Қазақстан экономикасы үшін мұнай бағасының өсуі – оң фактор. Бұл экспорттық түсімнің артуы, салық кірістерінің көбеюі және мұнай секторымен байланысты кәсіпорындарға қолдау деген сөз. Бюджеттік шектеулер жағдайында қосымша табыс ішкі теңгерімсіздіктерді жұмсартуға мүмкіндік береді, - деді ол.

Сонымен бірге сарапшы Ормуз бұғазындағы қиындықтарға қарамастан Каспий арқылы балама бағыттардың жедел дамуына күмәнмен қарайды.

Мұнай құбырларын мемлекет өзі салмайды: оны мұнай өндіретін ірі консорциумдар жүзеге асырады. Каспий бағыты мультимодальды, яғни күрделі әрі қымбат: порттар, танкер флоты, кейін қайтадан құбырлар қажет. Бұл – орасан инвестиция және арғы беттегі өткізу қабілеті де шектеулі. Тіпті ұзаққа созылған соғыс жағдайында да ешкім ондаған миллиард долларды жаңа айналма инфрақұрылым жобаларына жедел құя қоймайды. Көпшілік уақыт өте жағдай тұрақталады деп күтеді, - деп түйіндеді экономист.

Оның бағалауынша, Таяу Шығыстағы шиеленіс салдарынан әлемдік экономика «өлім соққысын» алмайды. Алайда инфляцияның жоғары болуы, экономикалық өсімнің баяулауы және қымбат мұнай кезеңі негізгі жеткізу бағыты жабық тұрған уақыт бойы жалғасуы мүмкін.

Наверх