Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова 2021-2022 оқу жылының аяқталуына қатысты ақпарат берді.
Барлық мектепте оқу сабақтары 25 мамырда аяқталады. Қорытынды аттестаттауға жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптарына сәйкес үлгілік жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген 9 және 11-сынып оқушылары жіберіледі. Бүгінгі таңда 11-сынып түлектерінің саны 155 мыңнан асады. Ал 9-сынып оқушыларының саны 267 мыңнан асады, - деді ол.
Сөзінше, 28 мамырдан бастап қорытынды емтихандар басталады. 9-сыныптар үшін 4 емтихан болады. Дәлірек айтқанда, қазақ тілі, орыс тілі, ұйғыр, тәжік, өзбек мектептері үшін ана тілі бойынша эссе, көлемі 400-450 сөзден тұратын екі мәтін бойынша эссе жазылады. Тілдік және коммуникативтік компетенциялар бағаланады.
Сонымен қатар 31 мамырда математика, алгебра бойынша емтихан өтеді. 15 тапсырма беріледі. Ең жоғарғы балл – 30, өткізу уақыты – 3 сағат. Әр тапсырманың деңгейіне байланысты жеке ұпаймен бағаланады. 3 маусымда оқытудың екінші тілі бойынша мәтінмен жұмыс істеу жазбаша жұмысы болады. Мәтін бойынша 3 тапсырма беріледі: тыңдау, жазба және оқу қабілеті. 6 маусымда таңдау пәні (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, Дүниежүзі тарихы, әдебиет және т.б.) бойынша жазбаша емтихан өтеді, - деп айтты Гүлмира Кәрімова.
Оның айтуынша, 9-сынып оқушыларына арналған емтихан тапсырмаларын Білім басқарамалары өздері дайындайды.