Барлық ана отбасының, елінің амандығын тілейді - Мұхаббат Миражапова

26 Қараша 2022, 09:51
809
Бөлісу:
Барлық ана отбасының, елінің амандығын тілейді - Мұхаббат Миражапова

Дүниедегі барлық ананың бір ғана үлкен уайымы бар, ол – балаларының амандығы, бақытты өмір сүруі. Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі осыдан 7 жыл бұрын Ассамблеяның 20 жылдығы қарсаңында орай құрылған. Содан бері қоғамдық ұйым өңірдегі отбасыларға, әйелдерге, аналарға қатысты көптеген пайдалы жобаларды жүзеге асырды.

Кеңес төрағасы Мұхаббат Миражапова мен BAQ.KZ тілшісінің әңгімесі сол шаруалардың жай-жапсарына қарай өрбіді. 

– Мұхаббат Сейдуллақызы, әңгіме басында Жамбыл облыстық аналар кеңесінің негізгі мақсаты мен міндеті жайында айтып өтсеңіз. 

– Негізі, біздің ұйымды өңірдегі тұрғындардың біршамасы танып-біліп үлгерді деп ойлаймын. Өйткені, жеті жыл деген талай жұмысты атқаруға жеткілікті уақыт. Жамбыл облыстық аналар кеңесі аймақтағы түрлі жобаларды жүзеге асыру, қайырымдылық және ақпараттық науқандарды ұйымдастыру, қоғамның түрлі саласының іс-шараларына белсене атсалысу арқылы қазақстандық бірегейлікті, ұлттық бірлікті нығайтуға, отбасылық құндылықтар мен үздік халықтық дәстүрлерді сақтауға айтарлықтай күш жұмсады. Сонымен қатар жас ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу бағытында да ілкімді жобаларды қолға алды. Бұл, бір қарағанда жай ғана есеп сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ осы сөздердің астарында кеңес мүшелерінің  қайраткерлерлігі, интеллектуалдық, рухани күш-қуаты, өмірлік тәжірибесі мен білімі, адамдарға көмектесуге деген шынайы ұмтылысы мен нақты істері жатыр.

Барлық ана отбасының, елінің амандығын тілейді - Мұхаббат Миражапова

Жамбыл облысында 36 қалалық, 10 аудандық, 23 облыстық ауқымдағы этно-мәдени бірлестіктер құрамында және 1 Қасқабұлақ ауылында аналар кеңесі жұмыс істейді. Оларға тұрақты түрде 546 белсенді әйел қатысады, олардың арасында көп балалы аналар да баршылық. 

Шындығында, біздің мүшелеріміздің саны жаңағы айтылған саннан әлдеқайда көп. Өйткені, біздің көптеген серіктестеріміз бар, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың мамандары нақты іс-шаралар мен акцияларды дайындап, өткізуге белсене атсалысуда. 

Негізінен, облыстық аналар кеңесінің қатары зейнеткерлерден тұрады. Бұл дегеніміз – аяулы аналар, қадірменді әжелер және жалпы әйелдер қоғамдық шаралардың басы-қасында жүреді, үлес қосады дегенді білдіреді.

Біздің белсенділеріміздің қатарындағы Аракси Плетнева, Сара Даузова, Антонина Беляева, Сабохат Құдайбергенова, Наталья Перфилиева, Роза Изятова, Лола Давлатова, Мария Ибраимова және басқалар күш-жігерін де, уақытын да, кейде жеке қаражатын да аямай, жастарды патриоттық және адамгершілікке тәрбиелеуге өз үлестерін қосып жүр. Бұлардың барлығы біздің өңірдің тұрғындары, Әулиеатаның топырағында туып, ауасын жұиып, суын ішіп жүргендер. Олар ерікті түрде, жүрек қалауларымен жұмыс істейді. Бұл істерінің азаматтық парызы, перзенттік борышы санайды

Әрине, кез келген әйел мен ана, ең алдымен, қоғамның ең басты буыны болып табылады, отбасының амандығын, өз балаларын ойлайды. Бірақ біз үшін өзгенің баласы да өз баламыздай, Адамдардың бақытсыздығынан жаман ештеңе жоқ.

– Енді жеті жыл кейінге шегініс жасап көрейікші. Әу баста кеңес жұмысын қалай үйлестірдіңіздер? Сол кездегі мақсат-мүдделеріңіз орындалып жатыр ма?

– Кездейсоқ ештеңе болмайды, бастапқы жоспарымыздағыдай, ең әуелі шаруамызды қайырымдылықтан бастадық. Өйткені, бір кездері республикадағы қайырымдылық іс-шараларының бастауында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның жанындағы Аналар кеңесі тұратын. Мәселен, біздің Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен жыл сайынғы «Қайырымдылық керуені» жалпыұлттық қайырымдылық акциясына айналды. Оның барысында өңірдегі барлық қалалар мен аудандара, тіпті ең шалғай ауылдара кешенді сапарлар ұйымдастырып жатырмыз. 

Біз «Жүректен жүрекке», «Балаларға күлкі сыйла», «Ерікті донор», «Мектепке жол» және тағы басқа қайырымдылық акцияларын өткіземіз. Акцияға облыстың барлық этно-мәдени бірлестіктері, кәсіпкерлердің арасынан шыққан меценаттар мен атымтай жомарттар, осындай ілкімді іске бейжай қарамайтын азаматтар қатысуда. Бұл тұрғыда бізге облыстық ҚХА-ның жастар қанатының кеңесі үнемі көмек көрсетіп, қол ұшын созып келеді. Біз материалдық жәрдемге мұқтаж көп балалы отбасыларға, жалғызбасты, ұл-қыздарын бір өзі ғана тәрбиелеп отырған аналарға, аз қамтылған отбасыларға, қарттар мен жалғызілікті жандарға, сондай-ақ халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарындағы жамбылдықтарға қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, қайырымдылық жасаймыз. Біз осындай бағытта жұмыс істеген жылдардағы қаржылық көмегіміздің жалпы сомасы ондаған миллион теңгеге жетті және жүздеген әулиеаталықұа пайдамыз тиді деп айта аламын.

– Мұхаббат Сейдуллақызы, әстеріңіз жалғасын тапсын деп тілеймін! Енді, осы орайда ұлтымыздың ертеңі саналатын, болашағымыздың тәрбиешісі іспетті қыздарымыздың, келіншектеріміздің, аналарларымызддың рухани-адамгершілік тәрбиесіне көңіл бөлесіздер бе?

– Әрине, бұл жерде біз өзімізбен ниеттес серіктестеріміздің құралдары мен мүмкіндіктерінің барлығын толықтай-дерлік пайдаланамыз. Жамбыл облысының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерімен, дәрігерлермен, өңірдегі салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының қызметкерлерімен, ардагерлер кеңесінің белсенділерімен, ұстаздармен, әйелдер қауымымен бірге облыстық аналар кеңесі аймақтағы мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында тақырыптық кездесулер, дөңгелек үстелдер, пікірталас алаңдары, семинарлар ұйымдастырады. Осындай іс-шаралардың барысында ақылымызды айтамыз, өнеге, үлгі көрсетуге тырысамыз, үлкендердің тағылымды жолдарын көрсетеміз. 

Барлық ана отбасының, елінің амандығын тілейді - Мұхаббат Миражапова

Біз болашақ аналарымыздың денсаулығы, ерте жүктіліктің алдын алу туралы нақты деректерді жеткіземіз, біз әйелдер этикасы, мәдениеті мен мінез-құлқы, отбасын құру мен сақтаудың маңыздылығы, отбасылық өмірді дұрыс ұйымдастыру туралы айтамыз. Биыл бұл мәселеде бізге Тараз қаласында құрылған «Анаға тағзым» адамгершілік-рухани тәрбие беру орталығы көп көмектесуде. Оның негізінде біз болашақ ошақ иелеріне тек өз ұлтымыздың ғана емес, өңірімізді мекендеген өзге халықтардың да қолөнерінің барлық түрін, аспаздық өнердің қыр-сырын үйрету үстіндеміз. Бұған Тараз қаласындағы «Достық» үйінің қолөнершілері, облыстағы этномәдени бірлестіктер де жәрдемдесіп жатыр.

Мектептердегі және басқа да жоғары, арнаулы оқу орындарындағы өскелең ұрпақ өкілдерімен жүргізетін профилактикалық әңгімелерімізге ювеналды полиция тобының, прокуратураның, медициналық мекемелердің мамандарын тартуға тырысамыз. Негізі, жас аналардың балаларын перзентханаға тастап кетуі, балалар үйлері сияқты бэби-бокстар батыс елдеріне тән дүниелер емес пе. Біздің елімізде, өздеріңіз білетіндей, «Аналар үйлері» ұйымдастырылып, онда психологиялық, медициналық, құқықтық қолдау көрсетіледі, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған балалары бар әйелдерді жұмысқа орналастыруға көмектеседі. Тараз қаласындағы «Аналар үйі» мекемесімен де тұрақты жұмыс істеп келеміз.

– Жамбыл облыстық аналар кеңесі тағы қандай ұйымдармен немесе азаматтармен ынтымақтаса еңбек етеді?

– Қиын жағдайдағы әйелдерге, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған Жамбыл облыстық дағдарыс орталығымен де бірге атқарған іс-шараларымыз бар. Мәселен, біз осы мекемемен бірге Ашық есік күндерін өткіземіз. Өкінішке қарай, бұл орталық небәрі 27 орынға есептелген. Менің ойымша, мұндай орталықтардағы орындарды көбейту керек, бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері аз болуы үшін барлығымыз көбірек жұмыс істеуге тиіспіз. Қыздың тәрбиесіне көбірек көңіл бөлеміз деп, кейде біз ұлдарды ұмытып кетіп жатамыз. Сондықтан да елімізде әкелер кеңестері жұмысын жандандыруы қажет. Менің білуімше, олардың дені облыстық және қалалық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған. Сонымен қатар әр аймақтағы білім беру мекемелері өздерінің ата-аналар комитеттері мен қамқоршылық кеңестерімен бірге осы іске шындап көмектесе алады.

 

Маған Солтүстік Қазақстан облысындағы әріптестерімнің ата-аналарға арналған онлайн мектебін құру тәжірибесі ұнады, бұл әскери қызмет кезінде суицидтің алдын алу мақсатында осы өңірдегі әскери бөлімдердің психологтарымен және сарбаздардың аналары комитетімен бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесі екен.

Сондай-ақ жуырда Түркістан облыстық аналар кеңесімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Бұл да біздің бірлесе, ынтымақтаса атқаратын үлкен істерімізге сеп болатыны сөзсіз.

Ағымдағы жылдың қазан айында Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің кеңейтілген пленарлық отырысы өтті. Басқа облыстардан келген әріптестеріммен әншейінде кездесе беру мүмкін емес, сол жолғы басқосулар ерекше қызу өтті. Жиынды ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанай жүргізіп, көптеген жоғары санатты кәсіби спикерлер сөз сөйледі. Олар Қазақстандағы кәмелетке толмағандар арасында діни қауіпсіздікті қамтамасыз ету, балалардың өмірін суицидтен құтқару стратегиялары, жастар арасындағы зиянды әдеттердің алдын алу, ата-аналардың психологиялық-педагогикалық сауаттылығын арттыру, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, мемлекеттің сарабдал саясатын насихаттау және дамыту мәселелеріне тоқталды. Тіл, отбасылық демографиялық саясат бағытындағы жобалар мен тапсырмаларды жүзеге асыру мәселелері де назардан шет қалған жоқ.

Балалар мен әйелдердің құқықтарын қорғау, отбасылық тәрбие арқылы қазақстандық қоғамды өзгерту, саналы ата-аналардың этикалық ұрпағын қалыптастыру тәжірибесін енгізу, әкелер кеңесінің рөлін күшейту жөніндегі ұсыныстар алдағы уақытта өңірлердегі жұмыстың негізіне айналады. Атап айтқанда, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» аналар кеңесінің барлық өңірлерде жүзеге асырылып жатқан республикалық жобасы мәдениет, имандылық, мейірбандық құндылықтарын ұрпақ бойына сақтаудағы игі миссияның жарқын көрінісі болады деп сенемін.

Жамбыл облыстық аналар кеңесі де өңірдегі жасөспірімдер мен жастарды тәрбиелеу, кәмелетке толмағандар арасындағы және оларға қатысты құқық бұзушылықтың алдын алуда ювеналдық полиция өкілдерімен үздіксіз және тығыз байланыста еңбек етеді. Біз, сондай-ақ облыстық ҚХА медиаторларымен жұмыс істеп жатырмыз, осы орайда «Отбасылық сот» пилоттық жобасы бойынша құзыреттерге ие болғанымызды айрықша атап өткім келеді. Бұл арқылы некені бұзу туралы істерді сотқа дейін реттеу жүзеге асырылады. 

Ағымдағы жылдың ішінде Тараз қаласында ажырасуға арыз берген 32 ерлі-зайыптылардың 29-ын осы медиаторлық орталық мамандары татуластырып үлгерген. Ажырасудың негізгі себептері тұрмыстық және экономикалық-әлеуметтік қиындықтар екені анық. Біз тек әңгімелесу арқылы ғана емес, тиісті мамандарға жолдама беру арқылы да жан-жақты көмек көрсетуге тырысамыз.

Балаларымыз өз елінің патриоты әрі мәдениетті, білімді, бәсекеге қабілетті азамат болып өссе, оның тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, сан қырлы тарихын біліп, өз ұлтының шыққан тегін ұмытпауын қалаймыз.

– Әңгімеңіз рахмет! Алдағы уақыттағы еңбектеріңізге жеміс тілеймін!

Өзгелердің жаңалығы