Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев отбасындағы тәрбие, балаларға көрсетілетін өнеге туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген отырысында Нұрлан Өнербаев тәрбие жайлы сөз қозғады.
Мемлекеттің білім саласына жасап жатқан қыруар жұмыстарының орынды және алған бағытында көп жетістікке жетіп жатқанына көңіліміз толып отыр. Қазақта "елге қызмет жасау білімнен емес, мінезден" деген қанатты сөз бар. Ал мінезді тәрбие қалыптастырады. Ал тәрбие қайдан басталуы керек? Біз әрине ата-аналар көбіне баланың тәрбиесін, баланың жетілуін, оның ағартушылық салада білім алуын, бәрін мектепке, мұғалімдердің иығына артып тастаймыз. Егер артқа шегініп, ата-бабаларымыздың өнегесін көз алдымыздан жүгіртер болсақ, кешегі дала тәрбиесінде ұрпақтың тәрбиесі кімнің қолында еді?!, – деді Өнербаев.
Жасы 60-тан асқан қоғам қайраткері өзін кешегі ата-бабалардың өнегесін көріп, салауатты әңгімелерін естіп, әжелердің ертегісін тыңдаған ұрпақтың өкілі екенін айтты.
Мысалы, мен үйде әкеден көрген өнегені, әжеден естіген ертегіні өз ұрпағыма жеткізуге тырыстым. Меніңше, баланы айтып не болмаса көрсетіп тәрбиелеу – дұрыс емес. Өйткені балаға өзің мысал болу керек. Яғни өмірде қандай болсаң, бала саған қарап бой түзеп, бойында мінез қалыптастырады, - деп ойын айтты әнші.
Ол қиындықтарға тап болғанында ата-анасының өнегесінен, өздеріне берген тәрбиесінен мысал іздегенін айтты.