Бәріміз балаларымыздың болашағы үшін жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек – әкім

23 Тамыз 2022, 09:33
874
Бөлісу:
Бәріміз балаларымыздың болашағы үшін жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек – әкім
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінен

Қалалық және ауылдық мектептердегі оқыту сапасын тең ету. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өткен Қарағанды облысының білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде осындай міндет қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мектепке дейінгі білім беру және оқыту бағдарламасына деген көзқарас түбегейлі өзгереді. Талап балаға емес, күні бойы ойын әрекеті арқылы тәрбие сабақтарын өткізетін мұғалімге қойылатын болады. Бағдарлама әр баланың даралығына бағытталған және сабаққа уақыт белгілеуден толығымен бас тартады, - деді Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова. 

«Бір топтағы екі тәрбиеші» бағдарламасы балалардың оқу уақытын жаңаша ұйымдастыруға және олардың дербестігін дамытуға мүмкіндік береді.

Ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға «Қала - ауыл», «Жас математик» сырттай мектебі, «Виртуалды мектеп» жобалары бағытталған. Сондай-ақ, «Репетитор» пилоттық жобасы іске қосылады. Ауыл мектептерінің мыңдаған түлектері мен әлеуметтік осал отбасылардың балалары ҰБТ-ға онлайн режимінде тегін дайындалады.

Инклюзивті білім беруді дамыту үшін облыста тағы бес арнайы ұйым пайда болады. Қарағандыда аутизмі бар балаларды қолдау орталығы ашылады. Шахтинск қаласында психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия жұмысқа кіріседі.

Жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептерде кәсіптік бағдар беретін педагогтың штат бірлігі енгізіледі. «Мамандығым - болашағым» жобасы шеңберінде болашақ мамандықтарын қоса алғанда, жаңа кәсіптер атласы әзірленетін болады.

38 колледжде бірінші жұмыс орнымен қамтамасыз ету үшін жұмысқа орналасуға жәрдемдесу қызметтері құрылды. Жыл соңына дейін ондай қызмет барлық орта кәсіптік оқу орындарында ашу жоспарланып отыр.

Педагогтарды қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету де жалғастырылуда. Өткен жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан 24 пәтер бөлінді. Бұқар Жырау ауданының Доскей ауылында мұғалімдер алатын көппәтерлі үй жөнделуде.

Біздің ортақ парызымыз – өскелең ұрпаққа заманауи талаптарға сәйкес сапалы білім мен тәрбие беру. «Әрбір мұғалім – білікті маман, ал әрбір оқушы – ойлаушы тұлға» қағидатын ұстана отырып, біз бәріміз балаларымыздың болашағы үшін жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Конференцияда марапаттар: Ы. Алтынсарин төсбелгілері, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Еңбек ардагері», «Мейірім – әлемге махаббатпен», сондай-ақ облыс әкімінің алғыс хаттары табыс етілді. Жас мамандар да назардан тыс қалған жоқ.

Мен Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде грантта оқыдым. Тәжірибе жинақтау үшін еңбек жолымды өз мектебімде бастадым. Жастарымыз жақсы білім алуы үшін бұдан да көп жұмыс істейтін боламын. Мен өзіме жүктелген үміттерді ақтауға тырысамын, – дейді Осакаров ауданы Ә. Бөкейхан атындағы тірек мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Еламан Масалим. 

Өзгелердің жаңалығы