Бақытымды еңбектен тапқан жанмын - жол жұмысшысы

30 Қараша 2024, 22:10
243
Бөлісу:
Бақытымды еңбектен тапқан жанмын - жол жұмысшысы
Фото: "Астана Тазалық" ЖШС баспасөз қызметі

Ғұмыр кешіп жатқан ғаламшарымыз бен қаламызды таза ұстау – баршамызға ортақ міндет. Алайда күнделікті өмірде әрқайсысымыз оның тазалығына үлес қосып келеміз деп айту қиын. Осы орайда таңмен таласа тұрып, көшелердің тазалығы үшін тыным таппайтын жол жұмысшыларының еңбегі орасан зор, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қар жауып, Арқаның қысы қаһарына мінген сайын әсіресе коммуналдық қызметтің жұмысы қыза түседі. Астананың сұлу да таза болуы үшін күн сайын еңбек ететін "Астана Тазалық" ЖШС Алматы ауданы бойынша учаске жол жұмысшысы Сәлима Бибатырмен әңгімелескен болатынбыз.

- Сәлима Саханқызы, жол жұмысшысы болып қызмет етіп келе жатқаныңызға көп болды ма? Қанша уақыттан бері осы еңбектен нәпақа тауып жүрсіз?

- «Астана Тазалық» ЖШС-да, жалпы осы салада жұмыс істегеніме 18 жыл болды.

- Қай өңірдің тумасысыз?

- Елордаға Түркістан облысы Ордабасы ауданы Темірлан елдімекенінен қоныс аударғанбыз. Отбасылымын. Жолдасым Қайрат та осында тазалықпен айналысатын басқа компания – «Зеленстрой» мекемесінде жүргізуші болып жұмыс істейді. Құдай берген бес балам бар. Алды 30 жаста. Екі ұлым үйленген, олардан төрт немерем бар. Екінші ұлым мен келінім Астана мединицалық университетінің резидентурасында білім алуда. Тұңғышым қалалық клиникалық ауруханада хирург-дәрігер болып жұмыс істейді. Үлкен қызым да медицина саласын таңдады, медициналық университетте 4-курс студенті. Кіші қызым Қазақ технология және бизнес университетінің студенті, болашақ экономист, банк ісінің маманы болады деген үміттеміз. Оның оқуының ақшасын осы еңбегімізбен тапқан нәпақамыздан төлеп отырмыз. Ең кенже балам №64 мектепте 10-сыныпта оқиды. Ең басты инвестициямыз – балаларымыз. Оларға өмірде өз жолын адаспай табуға дұрыс бағыт бердік деген ойдамын. Аллаға шүкір, айрандай ұйыған отбасымызбен бәріміз бірге ұлым алған үйде тұрамыз.

- Астанаға көшіп келудегі мақсатыңыз қандай еді?

- Әрбір әйел, ана секілді менің де, жолдасым екеуміздің арманымыз – балаларыма білім беру, саналы ұрпақ тәрбиелеу болатын. Сол арманымыз орындалды деген ойдамын. Балаларым өз қалауларымен мамандықтарын таңдап, сүйікті оқуларына түсті. Соларды жеткізіп, ұлымызды ұяға, қызымызды қияға қондырсақ деген ата-аналық тілегіміз бар.

Бақытымды еңбектен тапқан жанмын - жол жұмысшысы

- Жалпы, жұмыс күніңіз нешеде басталады? Бір күндік жұмыс күніңіз қалай өтеді?

- Күнде таңертең сағат 5-те тұрамыз. 6-да жұмыс орнымызда боламыз. Киімімізді жұмыс формасына ауыстырып, керек-жарақтарымызды аламыз. Жұмысымызды қолымызға күрек алып, далада көшені тазалаудан, қар күреуден бастаймыз. Күн суытып, қар жауған сайын жұмысымыз да қиындай түседі. Себебі күректің аты күрек қой. Әсіресе сулы қарларды тазалау оңай емес. Жаздың күндері қанша дегенмен сәл болса да жеңілдеу.

- Денсаулығыңызға кері әсері болды ма?

- Далада жазда аптап ыстықта, қыста қақаған аяз бен боранда жұмыс істеу оңай емес. Бірақ 18 жылдан бері үйрендік. Иммунитет бар. Бірақ таза ауада біздің денсаулығымыз нығая түседі. Іс-қимыл, үнемі қозғалыс үстіндеміз. Қанайналымға жақсы, қан қысымы деген сияқты аурулардан аулақпыз.

- Сонда күніне қанша шақырым жерді тазалайсыздар?

- «Әзірет Сұлтан» мешітінен бастап, 14-ші көпірге дейін жолды тазалап жүріп өтіп, қайта кері келеміз. Неше көшені аяқтан тік тұрып жүріп тазалаймыз. Күніне бір бағытта ғана 4-5 шақырым, кері келетін бағытты есептегенде 12-15 шақырымдай жүреміз. Жолдың жиегін тазалаймыз, қоқыстан тазартамыз, қыста қар күрейміз.

Бақытымды еңбектен тапқан жанмын - жол жұмысшысы

- Күніне жұмыс уақытыңыз қанша сағатты құрайды?

- Жеті сағат. Ал енді қар көп жауған кезде 9 сағат істейміз. Күшейтілген жұмыс режимінде, арасында 2 сағат түскі үзілісіміз бар. Таңғы 6-да жұмысқа кіріссек, күндізгі сағат 3-ке, ал 7-де басталса, 4-ке дейін, 8-де басталса, 5-ке дейін жұмыстамыз. Төрт сағат жұмыс істеген соң екі сағаттық үзіліс жарияланады. 

- Сіздің бригадаңызда қанша адам бар? Бір көшені қанша адам болып тазалайсыздар?

- Бригадада қазір 15-16 адамбыз. Осы жаңағы айтып өткен бағыттағы көшелердің тазалығына жауап береміз.

- Мойындарыңызда неше көше тазалау міндеті жүктелген?

- Толықтай осы Қошқарбаев пен Байтұрсынов көшелерін тазалаймыз.

- Жұмысыңыздың қиындығы қандай?

- Қиындықтар үнемі кездеседі. Мәселен, жол жиегінде тұрған көліктердің арасын жинау қажет болады. Солай жинап жатқан кезде біреулер ұрсып кетеді, біреулер айқайлап кететіндер бар. Кейбіреулер үйлерінен алып шыққан қоқысты жолдың жиегіне әдейілеп тастап кетеді. Оның бәрін біз тазалаймыз. Ауыры да болады. Алайда рахмет айтатындар олардан көп. Әдейілеп тоқтап, «Қаланың таза тұруы сіздердің арқаларыңыз» деп алғысын жаудырып кететіндердің қарасы көп. Тоңып жүрсіздер ғой деп күннің суығында шайын ұсынатын жандар да болады. Ондайды көргенде әрине, көңіліміз марқайып, жұмыс істеуге деген ынтамыз, құлшынысымыз арта түсетіні анық.

- Жалпы, жұмысқа қандай көңіл күймен келесіз?

- Әрине, жақсы көңіл күймен келеміз. Екі-үш күн демалсақ, жұмысқа шыққымыз келіп тұрады. Ұжымымызбен бір отбасындай болып кеткенбіз.

- Жұмысыңызды ауыстырғыңыз келмей ме?

- Көп танысым басқа жұмыстарды ұсынды. «Жылы жер, таза жер. Ауысқың келмей ме?» деп. Оған ешқайда ауысқым келмейді. Қаражат жағынан да қысылмаймыз. Жалақымыз ай сайын уақытылы түсіп тұрады. Еңбекақым қолыма таза 250 мың теңге аламын. Арасында мерекелерде сыйлықақы беріледі. Шүкір, отбасымды асырауға жетеді. Балаларымыздың оқу ақысын да еңбекақымызбен төлеп отырмыз. Бұрынғымен салыстырғанда мекемеде жағдай әлдеқайда жақсы. Былтырдан бері жалақы да екі еседен артық көтерілді. Жұмыстан түскі ас, ыстық тамақ беріледі. Жол жүру ақымыз тегін. Жол жүру билетін береді. Демалысқа санаторийге баруға мүмкіндік бар. Ол да мекеме тарапынан төленеді. Кәсіподақ спортпен айналысуға мүмкіндік берді, бассейнге тегін абонемент береді. Сосын тағы бір айта кетерлігі, баласы бар отбасыларға жақсы көмектеседі. Мысалы, менің баламның денсаулығында кінәрат бар. Соған мекемеден қаржылай көмек ұсынып келеді. Осы мекемеден зейнетке шығамын деген ниеттемін.

- Қыста тоңбайсыздар ма?

- Біз үнемі қозғалыста жүргендіктен бе, тоңа қоймаймыз. Жұмыс формамыз да сол суыққа төзімділікке есептеліп арнайы тігілген ғой. Жазда жеңіл, қыста жылы форма, аяқ киімге дейін арнайы беріледі. Қатты суықтарда жылы жерге кіріп, тынығып отырыңдар деп айтылады. Бірақ ағзамыз үйренген. Жылы аялдамаларға кіріңдер деп айтады. «Әзірет Сұлтан» мешітінің ішінде түскі ас ішіп, тынығып, жылынып алатын арнайы орнымыз бар.

Бақытымды еңбектен тапқан жанмын - жол жұмысшысы

- Жұмысыңыздың бағаланбай қалатын кездері бола ма?

- Иә, болады. Кейде көліктердегі адамдардан сөз естіп жатамыз. Жол апаты болған кездерде де біз тазалап, жинаймыз. Техника келгенше, біз жинап, сыпырып қоя міндетіміз. Дегенмен де, жұмысымның жағымды жағы басым дер едім. Еңбегімізді бағалап, қуантқысы келіп, гүл беріп кететін бейтаныс адамдар да кездесті. Есімде қатты қалғаны, осы жазда Бейбітшілік пен келісім сарайында Қырғызстанның мәдениет күндері болған кезде сол аймақты жинап жүргенмін. Сол іс-шарадан шыққан жанның бәрі бір-бірден гүл беріп кетті. Түнгі ауысымда жүргенде бұл оқиға көңіл күйімді қатты көтерді. Үйге бір құшақ гүлмен оралған жайым бар. Бақытымды еңбектен таптым деп сеніммін айта аламын.

- 18 жылдан бері жинаған тәжірибеңізге сүйеніп, халыққа айтар қандай тілегіңіз бар?

- Қаламызды таза ұстау ең алдымен әркімнің өзінен басталады. Қаланың тазалығына көңіл бөлу қоршаған ортамызға да жақсы, келешегімізге де үлкен кепілдік. Өзіміз үшін де, бала-шағамыз үшін де жақсы ғой. «Еңбектің наны тәтті». Таза, адал еңбек етсең, қашан да сыйлы боласың. Сондықтан халықтан қаланы таза ұстап үйренуге шақырамын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы