Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тобыл-Торғай өңірінде бүгінге дейін кәсіпкерлердің көмегімен 22 көпбалалы отбасы баспанамен қамтамасыз етілген. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің меценаттарға жасаған үндеуінде айтылды.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының XVIII съездінде бизнес өкілдерін аса мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуге шақырған болатын. Қостанайлық кәсіпкерлер Елбасы бастамасын қолдап, «Бақытты отбасы» жобасы аясында көмекке зәру екі мыңнан астам отбасыны баспанамен, отынмен, азық-түлікпен қамтамасыз етуге атсалысты.
«Меценаттардың үлгі етерлік істері баршылық. Мысалы, «БК-Строй» компаниясы бес балалы Смирновтар отбасына Таран ауданының Тобыл кентінен, сегіз балалы Шәкіровтер жанұясына Қостанайдағы Аэропорт шағын ауданынан 3 пәтер сатып әперді. Сондай-ақ, Қостанай ауданының Мичурин ауылында бес балалы Ким отбасына тұрғын үй салып бермек. «Варваринское» АҚ Таран ауданында бұрын апатты үйде тұрып келген төрт көпбалалы отбасыны баспанамен қамтамасыз етті. Сөйтіп, 28 адам, оның ішінде 20 бала қуанышқа кенелді», - дейді облыс әкімі кәсіпкерлерге қарата айтқан сөзінде.
Үндеуде Аңсаған Өтеулин, Иван Полтарацкий, Арман Узденбаев, Алмат Тұрсынов, Азамат Жолаушыбаев, Иван Марар және Наталья Мамедова сынды кәсіпкерлердің де қамқорлығы туралы сөз етілген.
«Бақытты отбасы» жобасы аясында барлығы 331 отбасыға 515 тонна көмір жеткізілген. Ал, жалпылай алғанда, бизнесмендер төрт жүзден астам жанұяның отын мәселесін шешіп берген. Сонымен бірге, коммуналдық төлемдерін төлей алмай жүрген 16 отбасыға, мыңнан артық жанұяға азық-түлікпен көмек көрсетілді.
«Кәсіпкерлер мен тауар өндірушілерді «Бақытты отбасы» жобасына әлі де белсене қатысуға шақырамын. «Жақсылық еккен – алғыс орады» деген даналықты әр бизнесмен жақсы түсінуі тиіс», - деді Архимед Мұхамбетов.