Бақыт Сұлтанов Кабулда сауда келіссөздерін өткізді

26 Желтоқсан 2021, 11:45
1297
Бөлісу:
Бақыт Сұлтанов Кабулда сауда келіссөздерін өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов қазақстандық сауда-экономикалық миссияның Ауғанстанға жіберген делегациясын басқарды.

Делегация құрамына Сауда және интеграция министрлігі қызметкерлері, экспортты ілгерілету жөніндегі оператор – QazTrade компаниясы және бірқатар қазақстандық экспорттаушы компаниялардың өкілдері кірді.

Сапар барысында министр Сұлтановтың Ауғанстан Премьер-министрінің орынбасары Абдулла Салам Ханафимен, Сыртқы істер министрі Амир Хан Муттаки мен Ауғанстанның Сауда және өнеркәсіп министрі Нуриддин Азизимен келіссөздері өтті .

Кездесулерде Министр ауған тарапын Қазақстан Ауғанстанның ішкі істеріне араласпау саясатын әрдайым ұстанатынына сендірді.

Біз дәстүрлі түрде терроризм мен есірткі қылмысынан азат бейбіт, біртұтас, тәуелсіз және өркендеген Ауғанстанды қолдаймыз. Ауған халқы бейбітшілікті орнату және одан әрі даму үшін өз болашағын өзі анықтауға құқылы, - деп мәлімдеді Сауда және интеграция министрлігінің басшысы.

Бақыт Сұлтанов сондай-ақ Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біздің ел Ауғанстанға 5 мың тонна ұн түрінде гуманитарлық көмек бөлгенін хабарлады.

Бүгін біз қосымша 1,5 тонна жүк (дәрі-дәрмек) әкелдік. Бұдан басқа, Қазақстаннан шамамен 155 тонна көлемінде немесе $1,9 млн сомасына азық-түлік және дәрі-дәрмек салынған гуманитарлық жүк жіберілді.. Жақын арада ол Ауғанстан аумағына келеді, - деп хабарлады Сұлтанов.

Бақыт Сұлтанов сондай-ақ ауған үкіметінің өкілдеріне Қазақстан БҰҰ-ның Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты еңсеру жөніндегі күш-жігеріне толық қолдау көрсетіп, белсенді қатысып отырғанын хабарлады. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы 20 мың тонна қазақстандық ұнды сатып алды.

Біздің еліміз, көптеген халықаралық әріптес сияқты, ауғанаралық қақтығыстың белсенді кезеңі аяқталды және елді жанжалдан кейінгі кезеңде қалпына келтіру уақыты келді деп үміттенеміз, - деді Бақыт Сұлтанов.

Қазақстандық делегация біздің еліміз екі жақты сауданың қолда бар деңгейін тауарлар тізбесін кеңейту есебінен де сақтауға және өсіруге мүдделі екенін айтты. Сонымен қатар, Қазақстан дәстүрлі түрде Ауғанстанға ұн мен астықтың негізгі жеткізушісі болып табылатыны атап өтілді. Қазақстандық ұн экспортының жартысынан астамы және астық экспортының 10% - тен астамы тек Ауған нарығына бағытталған.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов тауар айналымы номенклатурасын кеңейту мүмкіндігіне назар аударды. Мәселен, Ауғанстанға экспорттық әлеуетте $360 млн сомасына 45 тауар бар, бұл тамақ, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл, машина жасау, ағаш өңдеу сияқты салалардың өнімдері.

Екі тарап бұл тауарларды екіжақты сауда айналымына қосу Қазақстан үшін де, Ауғанстан үшін де тиімді болатынын, сондай-ақ екіжақты сауда айналымының артуына ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар, ҚР өкілдері Ауғанстаннан жемістер мен көкөністерді сатып алуға дайын екендіктерін білдірді.

Қазақстандық тарап сондай-ақ елдер арасындағы сауда теңгерімін теңестіру қажеттігіне назар аударды. Қазақстан құратын трансшекаралық ынтымақтастық орталықтары, оның ішінде "Орталық Азия" Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағындағы қазақстандық және Ауған бизнесінің өнеркәсіптік кооперациясы құралдардың бірі бола алады.

Сапар барысында министр Сұлтанов Қазақстан-ауған бизнес-форумына қатысты.  Қазақстандық тараптан іс-шараға 16 азық-түлік, жиһаз және тоқыма өнімдерін өндіруші қатысты.

В2В кездесулер мен бизнес-форумның қорытындысы бойынша Ауғанстанға макарон өнімдерін, ұн және басқа да өнімдерді жеткізу бойынша меморандумдарға қол қойылды.

Өзгелердің жаңалығы