Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерген мәселелеріне қатысты пікір айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Балабиев айтқандай, адам адами болмыстан айнығанда, жақсы адам болудан қалады. Даналарымыз білімнен бұрын тәрбие алуға шақырған. Себебі адамды тәртіпті немесе тәртіпсіз қылатын тәрбиесі. Әлемді өркениетке көшіріп, адамды зиялы қауым еткен – тәрбие мен тәртіп.
Тура жолмен түзу жүрсең жаңылыспайсың. Адамды жамандықтан сақтайтын шектеулер болады. Шектен шықпау керек. Заң азаматтарды тәрбиелейді. Ал қазір кей құралдар тәртіпке үйретіп жатыр. Жол ережесін сақтап жүрсеңіз, өзіңіздің өміріңізді де, жолаушыларды да, көлігіңізді де апаттардан аман сақтайсыз. Бейнебақылау камералары орнатылмай тұрғанда жол-көлік апатынан мыңдаған азаматтарымыздан айырылып қалған едік. Бақылау пайда болғалы жүргізушілер сергек жүруді үйренді, - дейді депутат.
Ол шектеулер мен айыппұл мәселесіне тоқталды.
Күні кеше Президент мәжбүрлеу шарасы болмаса, тәртіп орнату мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибенің көрсетіп отырғанын айтты. Сондай-ақ мемлекет ұстанымдарына түсіністікпен қарап, келіспейтін тұстарын диалог арқылы шешуге шақырды. АҚШ, Еуропа, Қытай, Корея, Жапонияда қоғамдық тәртіп қатаң бақылауда болады. Ал бұл адамдарды өз өмірі мен ақшасына жауапкершілікпен қарауға, сондай-ақ, қылмыстың алдын алуға септігін тигізіп келеді. Оның бәрі адамның көзімен емес, бейнебақылау құралдары арқылы тәртіп орнатады, - деп пікірін білдірді Қайрат Балабиев.
Депутат елімізде соңғы жылдары криминогендік ахуал оңалып келе жатқанын айтып, барлығы тек өзіміздің жүріс-тұрысымызға байланысты екенін ұмытпауға шақырды.