Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында ақпарат агенттігіміздің аға тілшісі Гүлжан Раманқұлова "Парламент сөзі" сыйлығын иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәжілісте журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының қорытындысы жарияланып, арнаулы аталымдар бойынша жеңімпаздар марапатталды.
Биыл жеті номинация бойынша 17 адам үздік деп танылды. Жеңімпаздарға сыйлықты Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов тапсырды. Алдымен Палата спикері «Парламент сөзі» сыйлығының жеңімпаздары мен барша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Соңғы жылдары журналистердің қызметін, сөз бостандығын қамтамасыз ету жолында көп шаруа атқарылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының негізгі өзегі де сол. Соның бірден-бір көрінісі – осы Мәжіліс алаңы. Бүгінгі таңда БАҚ – бұл ақпаратты халыққа жеткізудің ең маңызды, объективті және жедел арнасы. Ал журналистер қауымын депутаттардың елді дамыту жолындағы нағыз одақтастары деуге болады, – деді Палата спикері.
Ерлан Қошанов Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленген «Масс-медиа туралы» жаңа заңды депутаттар журналистермен бірге жазғанын және олардың көптеген ұсыныс-пікірін ескергенін атап өтті. Жаңа заң бұқаралық ақпарат құралдарының мүдделерін қорғайды және отандық медиа саласын жетілдіруге мол мүмкіндік береді. Оның жұмысына журналистер арасынан шыққан ең белсенді депутаттар қатысты. Олар әрқашан өз әріптестерімен байланыста және Мәжілістің ашықтығы үшін көп жұмыс істейді.
Cалтанатты жиында «BAQ.KZ» ақпарат агенттігінің тілшісі Раманқұлова Гүлжан Әбдікәрімқызы «Үздік интернет және радио материалы үшін» номинациясын иеленді.