Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Журналист, «Қала мен Дала» газетінің бас редакторы Думан Бықай БАҚ туралы жаңа заң қабылдауға қатысты осылай деп пікір білдірді.
Айтуынша, БАҚ туралы жаңа заң қабылдайтын уақыт жетті.
Жалпы, мен бұл идеяны қолдаймын. Бұл тақырыптың қаузалып жатқанына бірталай уақыт болды. Біраздан бері созылып, сөз болып келе жатыр. Осы бапты талқылаған басқосуларда біраз әріптестерімізбен пікірталасқа түстік. Заңды қолдайтын да, қолдамайтын да тарап бар. Ешкім ешкімге есесін жібергісі келмейді. Біздің де өзіміздің айтар уәжіміз бар. Менің қабырғама бататын жайт, «қазақтілді аудиторияның ауқымы, өрісі тар, орыстілді аудиториямен бәсекеге түсе алмайды» немесе «қазақтілді аудиторияның төлем қабілеті төмен» деген сыңаржақ пікірлерден әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. Дәл осы пікір тапсырыс берушілердің санасына сіңіп, жадында сақталып қалған. Сол себепті қазақтілді ақпарат құралдарымен жұмыс істеуге келгенде тартыншақтап қалады, - деп атап өтті журналист.
Екінші жағынан, біз қашанғы газет пен сайтты малданып отырамыз дейді. Шыны керек, бұл мемлекеттің саясатын атқаруға келгенде өзінің функциясын толыққанды атқарып отыр деуге келмейді. Себебі қалай болғанда да әлеуметтік желі өзінің орнын тауып, ауқымын кеңейтіп отыр дегенді алға тартты.
Біз бұған дейін министрлікпен осы мәселе төңірегінде сөйлескенбіз. Министрлік: «Оқырман қай жерде бар, аудитория қай жақта отыр, сонда баруға мүдделіміз» дейді. Екінші мәселе, қазір менің білуімше, квазимемлекеттік сектордың бюджетінің 90%-ы орыстілді басылымдарға, пабликтер мен арналарға беріледі. Олар заңның бұйрығынсыз-ақ құжатқа енгізіп, солармен жұмыс істеп отыр. Осы заң аясында түрлі квазимемлекеттік сектордың компанияларына өзінің бюджетін 50-де 50 етіп тең бөліп беретіндей талап қою керек деген ұсынысым бар. Яғни сол арқылы қазақтілді ақпарат құралдарына, пабликтер мен арналарға да бюджет бөлінуі тиіс, - деді Думан Бықай.
Сонымен қатар ол әлеуметтік желідегі арналарды тіркетудегі кедергілерге тоқталып өтті.
Мысалы, біздің әлеуметтік желіде миллионға тарта оқырманымыз бар. Телеграм арнамыз, пабликтеріміз өте тиімді, оқырмандары да белсенді. Бірақ тапсырыс берушілердің алдына барған кезде: «Сіздер осы топтың, арналардың иесі екендеріңізді қалай дәлелдейсіздер? Қолдарыңызда қандай құжат бар?» деп бізге талап қояды. Сол кезде олармен жұмыс істеуге аталған мәселе қолбайлау болады. Аталған арналарымызды заң жүзінде тіркетіп, заң жүзінде жұмыс істегіміз келеді. Қолымызда заңды құжаттың болғанын қалаймыз. Мемлекет және басқа да құрылымдармен әріптестік деңгейде жұмыс істесек деген ниет бар. Шамамен 2-3 ай бұрын сол арнамызды тіркеттік. Бірақ ескі заң бойынша телеграм арнаны тіркеу үшін сайт ашу керек екен. Бұл біз үшін тиімсіз. Телеграм арнамызды ақпарат құралына айналдырып жібердік. Коммуникация құралы ретінде тіркеткіміз келгендіктен артық жұмыстың қажеті жоқ, - деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ заңға кейбір БАҚ өкілдерінің неліктен наразы екенін айтты.
Ал кейбір әріптестеріміздің бұған қарсылық білдіріп жатқаны – билік блогерлерді өзінің уысында ұстайды деген қауіп болып отыр. Ол билікке де тиімсіз деп санаймын. Біріншіден, билік өз қолын өзі кеспейтін шығар. Екіншіден, Жаңа Қазақстан құратынымыз анық болса, билікке бұрынғы жұмыс істеу тәсілдерінен мүлдем бас тарту керек. Керісінше, заманауи коммуникация құралдарымен ашық, бұрынғыдан етене жұмыс істеуге тырысқандары жөн, - деді журналист.
Мәлімдеуінше, жаңа заң қабылдау талабы қоғамның сұранысын туындап отыр.
Біз бұл мәселеге түбінде қайтып ораламыз. Бұл заң бүгін болмаса да, түбінде қабылданады. Көптеген әріптестеріміз бізден сұрамай-ақ өздерінің телеграм арналарын, пабликтерін тіркетіп жатыр. Демек, олар заң арқылы жұмыс істеудің тиімділігін түсінді. БАҚ туралы жаңа заңды қабылдайтын кез келді. Қоғамның, заманның сұранысы солай. Мен атап өткен дүниелер жаңа заңға енгізілуі тиіс деп санаймын. БАҚ туралы заңда қазақ тілінің, қазақтілді ақпарат құралдарының мүддесі жоғары тұрса екен деген ұсынысым бар, - дейді Думан Бықай.