БАҚ-та террористік актілерге қарағанда азаптаулар алдыға шығып кетті – Айман Омарова

15 Ақпан 2022, 12:47
1338
Бөлісу:
БАҚ-та террористік актілерге қарағанда азаптаулар алдыға шығып кетті – Айман Омарова
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда өткен баспасөз жиынында «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының төрайымы Айман Омарова Қасіретті қаңтар оқиғасына қатысты мәліметтерді баяндады.

Оның айтуынша, қазір баспасөз бетінде Қасіретті қаңтар оқиғасы кезіндегі террористік сипаттағы әрекеттер көп айтыла бермейді, керісінше ұсталғандарды азаптау мәселесі алдыңғы орынға шығып кеткен.

Көпшіліктің ойынша террорист сақалды және ол бір лаңкестің топтың мүшесі болу керек. Бұл дұрыс емес. Кейбірі бейбіт митингке шыққандарды атып тастады, мұнда ешқандай терроризм жоқ деп айтып жатыр. Өйтіп шатастыруға болмайды, ешкім халықты террорист деп айтып жатқан жоқ. Бұл жерде нағыз құқық бұзушылықты жасаған адамдар жайлы айтылып жатыр, - дейді ол.  

Сондай-ақ ол терроризм актісін сипаттайтын заңның баптарын оқып берді.

ҚР ҚК-нің 252 бабына сәйкес терроризм актісіне жарылыс жасау, өртеу және адамдардың өліміне әкелетін өзге де әрекеттер жатады. Мүліктік шығын келтіре отырып қоғамдық шабуыл ұйымдастыру, егер бұл әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзу мақсатында ұйымдастырылса терроризм актісі деп танылады. Бізде адамдардың өміріне қауіп төндірген жарылыс, өрт болғанын ешкім теріске шығара алмайды, өйткені қаза тапқан адамдар бар. Қоғамдық тәртіп бұзылғаны, мүліктік шығын болғаны да рас. Бірақ көпшілік ештеңені түсінбей, терроризмі қайда деп жатыр. Оған қоса бәрі азаптауларды көп айтып жатыр. Адамдар мыңдап қамалғандықтан азаптаулар да көбейгені рас, - дейді Омарова.

Оның айтуынша, «Ақиқат» комиссиясының басты мақсаты – не болғанын, қандай құқықбұзушылық болғанын анықтау. Комиссияның құрамында 20-дан астам заңгерлер мен адвокаттар жұмыс істеп жатыр. 
 

Өзгелердің жаңалығы