Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тарихқа зер салсақ, қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбаев тоғызқұмалақ ойынын қатты ұнатқан екен. Түрлі этнографтардың сөзіне сүйенсек, Абай ойынға қатты берілетіні соншалық, қарсыласымен бірге екі күн қатарынан тапжылмай ойнайтын көрінеді. Жақында Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлованың бұйрығымен Ұлттық спорт түрлерінің тізбесі бекітіліп, тізімге тоғызқұмалақтан бөлек 8 ойын түрі енгізілді. Сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін мектеп бағдарламасына енгізу туралы жақсы бастама көтерілді. Білім беру ұйымдарына ең алдымен асық ату, тоғызқұмалақ, қазақ күресін енгізу жоспарда бар. Осы орайда 22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында тоғызқұмалақтың дамуына атсалысып жүрген бапкер Дурияш Рамбердиевамен сұхбаттасқан едік.
Тілші: Дурияш Қаратайқызы, қай жерде туып-өстіңіз?
Дурияш Қаратайқызы: Мен Қызылорда облысы Қазалы ауданында туып өстім. №421 орта мектепте оқыдым. 1979 жылы арман қуып, Қарағанды қаласына келіп, Педагогикалық институтқа түсіп, «дене шынықтыру пәні мұғалімі» мамандығын алып шықтым. Қол добынан бапкеріміз Қанат Шежіретұлының қолдауымен төрт жыл бойы сол институт қабырғасында спортпен айналыстым. Оқу бітіргеннен кейін туып-өскен жерім Қазалы ауданына қайтып, өзім оқыған мектепте ұстаздық еттім. 2012 жылы Астана қаласына көшіп келдік. №7 Ғали Орманов атындағы орта мектепке дене шынықтыру пәні мұғалімі болып орналастым.
Тілші: Бапкер болып қанша жыл жұмыс істеп келесіз?
Дурияш Қаратайқызы: Негізінен Дене шынықтыру пәні мұғалімдері бесаспап болуы керек. Яғни қай ойынның түрі болса да, біз балаларды сол бағытта үйретуде шебер болуымыз керек. Институтта оқып жүрген кезде ойынның барлық түрін меңгердік. Алайда ол кезде тоғызқұмалақ ойыны ел бойынша онша танымал емес еді. Мен Астанаға келген кезде қалада 2-3 мектеп қана тоғызқұмалақпен айналысады екен. Тоғызқұмалақты өз мектебіміздің ішінде дамыту үшін білімімді шыңдау мақсатында елордадағы №4 мектепте тоғызқұмалақ ойынының бапкерлері Сұлтанбек Мағауовтың, Мақсат Шотаевтың жеке дәрістеріне қатысып, ойынның қыр-сырын тереңірек меңгере бастадым. Іс-тәжірибе алмасу мақсатында жаттығуларына қатыстым. Сөйтіп 2012 жылдан бастап 3-5-сынып оқушыларын тоғызқұмалақ ойынына дайындай бастадым. Дайындаған шәкірттерім 2-3 жылда жақсы нәтижеге қол жеткізе бастады. Бірінші қалалық оқушылар арасындағы спартакиадада жүлделі орындарды еншіледі. Ол кездегі балалар қазір үлкен азамат болып кетті. Негізінен пән мұғалімінен қарағанда тоғызқұмалақ бапкерінің жұмысы өте ауыр. Өйткені белгілі бір жаттығуды балаға ұғындыру үшін аса ден қойып жұмыс істейсің. Бұл жерде мақсатымыз - баланы Әлем чемпионы немесе Олимпиада жүлдегері етіп шығару емес. Бастысы - баланың ақыл-ойын дамыту, ұлттық ойынды дәріптеу.. Есептеп көрсем, осы салада еңбек етіп жүргеніме 10 жылға жуықтап қалыпты.
Тілші: Тоғызқұмалақты қай жас шамасындағы адамдар көбірек ойнайды? Сіз тоғызқұмалақ ойынын үйреткен жасы ең кіші және жасы ең үлкен адамдар кімдер болды?
Дурияш Қаратайқызы: Жаңа айтып өткенімдей, мен кіші буындағы балаларды дайындауды үрдіске айналдырдым. 2-3-сынып оқушылары ойынды жылдам меңгеріп кетеді. Осы ойынды үйреткен ең кіші шәкіртім 2-сынып оқушысы болса, ең үлкені мектептің дене шынықтыру мұғалімдері болды. Мектеп мұғалімдері арасындағы қалалық жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Мен Астана қаласының ардагерлер арасындағы құрама командасының мүшесімін. Сол командадағы әріптестерімнің басым бөлігін осы ойынға үйреттім. Басында тек өз мектебіміздің оқушыларын ғана дайындадым. Кейіннен Шахмат мектебінде де бапкер ретінде жұмыс істей бастадым. Бұл мекемеде астананың бірқатар атақты спортшысын дайындауда үлес қостық. Бұл салада үлкен із қалдырдым деп айта аламын. Өйткені көп шәкірт тәрбиеледім. Қазір олардың басым бөлігі спорт шебері және спорт шеберіне үміткер, бірінші разрядты спортшы деген атаққа дейін жетті. Мақсатым – халқымыздың асыл мұраты болып есептелетін осы тоғызқұмалақ ойынын дамыту, тоғызқұмалақ ойнайтын оқушылар санын көбейту, оларды осы ойынға қызықтыру.
Тілші: Тоғызқұмалақтан жарыстарға дайындық жұмыстарын қай жерде өткізесіздер? Мектепте осы ойынға арнайы орын қарастырылған ба?
Дурияш Қаратайқызы: 5-6 жыл бұрын мектебімізде кабинет аз болды. Балаларды спортзалда дайындап жүрдік. Кейіннен мектеп директорымыз Жанат Айтова мектептің бір бұрышынан бөлме бөлді. Көп ойланбастан шағын кабинет жабдықтап алдық. Қазір сол жерде оқушыларды дайындаймын. Сонымен қатар қазір елордада мүгедек балалар мен жасөспірімдерге арналған орталық бар. Ол жердеде балаларды дайындаймын. Орталықтағы шәкірттерімнің дені –мүгедектігі бар, көзі көрмейтін, денсаулығында кінәраты бар балалар. Қазір олар біртіндеп жақсы жетістікке жетіп, облыстық жарыстарға қатысып жатыр. Бұдан бөлек Паралимпиадалық орталық деген бар. Бұл орталыққа да өте көп бала келеді. Байқасаңыздар, мектептен тыс бірнеше мекемеде тоғызқұмалақ ойынын үйретемін. Балаларды жақсы көргендіктен, тез тіл табысып кетемін.
Тілші: Коронавирус салдарынан жұмыстарыңыз тоқтап қалмады ма?
Дурияш Қаратайқызы: Коронавирус пандемиясы бізге онша әсер етпеді. Себебі қазір барлығы онлайн түрде қолжетімді. Балаларды онлайн түрде үйретіп қана қоймай, түрлі жарыстар да өткізіп келеміз.
Тілші: Қазіргі уақытқа дейін қандай жетістікке қол жеткіздіңіз?
Дурияш Қаратайқызы: Қазір спорт шеберлігіне үміткермін. Жоғары санатты бапкермін. Ұлттық спорт деңгейіндегі төрешімін. Әркез білімімді шыңдап отыруға тырысамын. Еңбегім еленіп, түрлі медальдар мен мадақтама қағаздар алдым. Тоғызқұмалақты дамыту тек спорт комитеті мен қауымдастықтардың ғана міндеті емес, ұлттық мұра болғандықтан, оған қолдау көрсету бойында қазақтың қаны бар әрбір азаматтың міндеті. Болашақта бұл ойын үлкен деңгейге көтеріледі деп ойлаймын. Өйткені зияткерлік спорт түрі барлық жерде қолданыла бастайды. Тіпті мектеп бағдарламаларына да енгізілмек.
Тілші: Тоғызқұмалақ ойыны еліміздің қай өңірінде кеңірек дамыған?
Дурияш Қаратайқызы: Бұл ойын Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Павлодар, ШҚО, Қарағанды облыстары және Нұр-Сұлтан қаласында кеңінен дамыған. Жалпы қазақстандықтардың ұлттық ойынға деген қызығушылығы артып келеді.
Тілші: Бұл ойын несімен қиын? Қарапайым адам оны қанша уақытта меңгере алады?
Дурияш Қаратайқызы: Тоғызқұмалақ - күрделі ойын. Оны бүгін үйретіп, ертең меңгеріп кетеді деп айта алмаймын. Бұл ойын көп дайындықты, ізденімпаздықты, ақыл-ойдың ұшқырлығын талап етеді.
Тілші: Жақында тоғызқұмалақ ұлттық ойындар тізбесіне кірді. Бұдан бөлек мектепте пән ретінде оқытылмақ. Бұл жаңалықты мектеп мұғалімдері мен оқушылар қалай қабылдар екен?
Дурияш Қаратайқызы: Мектепте жұмыс істеп жүрген ұстаз ретінде пәндер қатарына тоғызқұмалақ енгізілетініне қатты қуандым. Бұл қадамға 100 пайыз дайынмын. Мектеп бағдарламасына енгізілген жағдайда ойын өзінің деңгейін жоғалтпайды, керісінше балалардың тоғызқұмалаққа қызығушылығы артады. Ойыншылар саны көбейеді. Яғни интеллектуалды жағынан дамыған ұрпақ саны ұлғаяды. Ұлттық ойынымыздың мәртебесі артады. Қазірдің өзінде тоғызқұмалақ ойнап жүрген бала көп. Мектеп бағдарламасына енгізу еш қиындық туғызбайды деп ойлаймын.
Тілші: Сұхбатыңызға рахмет!