Жетісу облысының прокуратурасымен үйлестіру аясында Жетісу облысы киберполиция қызметкерлері азаматты банктік шоттар ашуға мәжбүрледі деген күдікпен 19-22 жас аралығындағы үш жас жігітті ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер өзара келісіп әрекет еткен және жәбірленушіге психологиялық қысым көрсеткен. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынды, тергеу амалдары жалғасуда, - деп хабарлады облыстық Полиция департаменті.
Құқық қорғау органдары ескертеді: «дроп-схемаларға» қатысу және банк деректерін үшінші тұлғаларға беру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Азаматтарды заңсыз қаржылық схемаларға тарту және қысым көрсету әрекеттерінің барлығы заң аясында қатаң түрде жолы кесілетін болады.