Балық шаруашылығы саласының қызметкерлері шығындарының 50%-дан астамын жабатын субсидия ала алмайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатор Сәкен Арубаев осы мәселе туралы еліміздің Премьер-Министрінің атына депутаттық сауал жолдады.
Депутат атап өткендей, проблемалардың себебі Жер кодексінің қайшылықтары мен балық шаруашылықтарының мәртебесінің белгісіздігі болып табылады. Осыған байланысты шаруалар шығындарының жартысынан көбін жабатын субсидияларды рәсімдеу кезінде қиындықтарға тап болады.
Балық шаруашылығы құрылысы үшін жер учаскесін табыстауға да және балық шаруашылығы қай салаға жатқызылатындығы да Жер кодекісінде, басқа да құқықтық нормативтік актілерде нақтыланбаған. Соның салдарынан, Жамбыл облысының балық шаруашылықтары 2021–2030 жылдарға арналған мемлекеттік қолдау шарасы шеңберінде шығыстардың 50%-на дейін жабатын аса қажетті заңды субсидиялар ала алмайды, - дейді ол.
Депутат Үкімет басшысынан еліміздегі балық шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскесін табыстау және олардың нысаналы мақсатын ауыстыру мәселелері бойынша қолданымдағы жер және су заңнамаларына тиісті түзетулерді енгізуді сұрады.