Балық баптап, бақ тапқан

27 Сәуір 2023, 15:25
1274
Бөлісу:
Балық баптап, бақ тапқан
Фото: автордан

Сыр өңірі – балық кәсібіне ертеректен бет бұрып, дархан дариядан несібесін айырып отырған өлке. Құмды алқапты қақ жарып тұрған қарт өзенде балықтың 22 түрі мекен етеді, деп хабарлайды Қызылорда облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Әсіресе, сазан, дөңмаңдай, жайын, көксерке, торта, тыран сынды балықтарға кәрі құрлық пен алыс-жақын шетелдерден жиі сұраныс түседі. Облыс орталығынан бөлек, қазіргі таңда Қазалы ауданында екі бірдей балық зауыты бар. Соның бірі «Игіліков Т» серіктестігінде қызу тіршілік жүріп жатыр.

Құт шақырған қызығушылық

Теңізден маржан терген Төребек Жұмабекұлы Қазалы қаласындағы М.Горкий атындағы №18 мектепті тәмәмдап, Ресей Федерациясының, Куйбышев қаласындағы учелищені «Ұшу аппараттарын электрмен монтаждау» мамандағы бойынша бітіріп шыққан. Бұдан кейін әскери борышын өтеуге аттанады. 1990-1996 жылдары Павлодар индустриалдық институтының «Машина жасау» мамандығы бойынша білімін толыстырып келгеннен кейін араға жыл салып, кәсіпкерлікке алғашқы қадамын жасаған.

Шыны керек, мен білім алған мамандық бойынша туған елде жұмыс табу оңай болған жоқ. Мемлекетіміз Тәуелсіздігін жариялап, дамуға бет бұрған уақытта кәсіпкерлік саласы ақсап тұрса да, тіршілік істеуге бекіндім. Осылайша азын-аулақ тауарлар, құрылыс материалдарын көтерме бағамен аудан тұрғындарына қолжетімді етуге күш салдық, – дейді зауыт иесі.

Ерінбей еткен еңбек жемісін көрсететіні белгілі. Төребек Игіліков бала кезден Қазалы қаласының маңынан өтетін Сырдарияға жиі қармақ салып, «қазан аузын жоғары» еткен. Бірақ келешекте мұндай көлемді балық зауытын ашу ойына бір сәт те кірмегенін айтады.

Әрбір істе ең алдымен алдыға ұмтылыс жасау керек екенін білесіздер. Тиынды тиынға жалғап жүрген күндердің бірінде өндіріске бет бұруға бекіндім. Алайда берекесі молырақ кәсіп түрін таңдауға келгенде көңілде сенімсіздік пайда болады. Осы сәтте балалық шақтағы қызығушылығымды үлкен идеяға ұластыруға шешім қабылдадым. Саланың ыстық-суығына сүңгіп кеткеннен кейін қызығушылығым одан әрі еселеніп, бүгінгідей «шүкір» нәтижеге жетіп отырмыз. Бірақ әрекетке – берекет, тоқмейлісуге болмайды, – дейді кәсіпкер.

Ауданға белгілі азамат 2010 жылы Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде балық өндеу цехын салып, бүгінгі мың тоннаға дейін шетелге сыр маржанын саудалап отыр. Төребек Игіліков жалпы құны 40 миллион теңге болатын цехтың құрылысы ғаламдық экологиялық қордың қаржылай қолдауын алған. Алға қойған мақсатқа жетуде жолы болып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 11 миллион қайтарымсыз грант жеңіп алғаны тағы бар. Сабақты ине сәтімен, бұдан кейін Еуропа стандартына сай сертификат та дайын болып, Литва, Европа, Германия, Грузия, Ресей тіпті Қытай елдеріне сауда есігі айқара ашылды. Бұл қазақ еліндегі балық өнімдеріне деген өзге де мемлекеттің қызығушылығын оятып отырғаны анық.

Заман ағымына сай серпіліс

Аудан орталығынан шеткері аумақта орналасқан өндіріс цехы, шикізатты біршама уақыт балғын күйінде сақтайтын тоңазытқыштар мен тұрмыстық бөлмелер халықаралық стандарт пен «Еуро Одақ» талаптарын ескере отырып жасақталған. Бұдан бөлек «Көксерке» сүбесін өңдейтін зауыт 6 жыл бұрын іске қосылып, қарқынды жұмыс атқаруда. Құрылыс жұмыстары мен керекті заттарына 100 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес, зауыт қоршалған және арнайы күзетпен қорғалады. Мұндағы жұмысшылар да ұзақ жылдар тәжірибесі толысқан мамандардан жарақталған. Сөздеріне сенсек, голланд жұртшылығы көксерке сүбесіне жиі ірі тапсырыс берсе, қатырылған торта, табан, тісті балықтарын Ресей халқы сүйсініп жейді. Бұдан бөлек, күнделікті өмірде балық өнімдерін жиі тұтынатын қытайлықтар да Қазалы балығына құмар.

Аудандық мәслихаттың экс-депутаты осыдан он жыл бұрын кәсібін кеңейту мақсатында «Ақбасты» өндірістік корпоративін құрған. Бұдан кейін жағасы сондағы елдімекенге жақындап келе жатқан Кіші Арал теңізінің №1 учаскесін иемденіп, жергілікті тұрғындардың кәсіп істеуіне мүмкіндік жасады. Адал еңбек далаға кетпес үшін, тез бұзылатын балықтарды сақтауға Арал ауданындағы Ақбасты ауылына тоңазытқыш орнатып қойды. Ауыл тұрғындары мұны ортақ мүддеге пайдаланып отыр.

Бұдан бөлек, кәсіпкер өнімділікті арттыру мақсатында 2012 жылы Кіші Арал теңізінің №13, №7 учаскелерін сатып алды. Серіктестік балансында 6 «СМБ-40» жылым қайығы, 70 шағын кайық талапқа сай, балықшылардың қызметіне жарап тұр. Сонымен қатар Аралдағы Ақеспе елді мекеніне тоңазытқыш апарды. Мұнда да күніне 10 тонна балық қабылдап, мұздату мүмкіндігі қарастырылған. Дәл қазіргі сәтте Кіші Арал теңізінде 100-ге жуық балықшы еңбек етуде. Сонымен қатар, жаз мезгілінде тағы 50-ге жуық азамат балық аулайды.

Соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдары Арал бекіресін тірілтуге ғалымдар қам жасап жатқанын жарыса жазуда. Кәсіп иесі де келешекте осындай игі іске қолғабыс еткісі келеді. Әзірге кентте орналасқан цехтағы арнайы ғылыми зертхананы дамытуға күш салуда. Ал қарқынды жұмыс істеп тұрған сүбе цехы күніне 2, филе 3, балық тұздау цехы 2 тонна шикізат өндіреді. Осыдан бірнеше жыл бұрын серіктестіктегі жаңа технологияға реконструкция қайта жүріп өтті. Соның есебінен балық мұздататын және сақтайтын цех тәулігіне 30 тонна өнімді қатыра алады. 800 тонна көлемінде қатырып сақтау тоңазытқыштары жұмыс істейді.

Балық баптап, бақ тапқан

Даму мен дағдарыс

Бірнеше жыл бұрын Қызылорда маңынан өтетін дарияның табаны көрініп, шаруашылық иелері тығырыққа тірелгені белгілі. Бұл балық кәсібімен айналысып, 40 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған зауытты айналып өткен жоқ. Дегенмен 20 жылға жуық жиналған тәжірибе тығырықтан шығуға дем болған. Кәсіпкер өткен жылдың көктемінде көл мен өзенге салынған қармақ қарымды болып, дағдарыстың зардабын жеңілдеткенін айтады. Алайда биылғы Сыр ағысының көңіл көншітетініне қарамастан, суға салынған салым көңілді су сепкендей басып отыр.

Қашқан көлдерді айтпағанда, Арал теңізіндегі учаскелерге тіршілік нәрінің жетуі мардымсыз болып тұр. Су келмегеннен кейін балық азайып, цехтың тіршілігі бәсеңдеді. Бірер күн бұрын ғана алғашқы тауарды түсіріп, қазір сорттаумен айналысып жатырмыз. Жүз балықшы жүріп, 8-10 тонна теңіз байлығын сыртқа шығарып жатыр. Бұған да шүкір етеміз. Алайда тұрақты жұмысшыларымыз бен мезгілінде келіп, нәпақасын тауып жүрген қызметкерлердің құрқол қалмауына күш салып отырмыз, – дейді Жұмабекұлы.

Кәсіпкердің тығырыққа тірелуі алғаш рет болып отырған жоқ. Дағдарыс уақытында дамуға қарай бағыт алу керек дегенді ойға мықтап бекіткен ол балық сүйегінен ұн шығаратын цехты іске қосуға жұмыс жасап жатыр. Балық уылдырығынан шабақ өсіруге де ден қойғанына аз уақыт өткен жоқ. Алғашқы жоспар іске асар болса, кәсіптің көкжиегі кеңейетініне бек сенімді. Өйткені балық қалдығынан жасалған ұнға құс пен мал шаруашылығымен айналысып отырған азаматтардан тапсырыс толағай. Тіпті белгілі бір технологияларды пайдаланып, балық сүйегінен су жануарларына жем жасауға да болатын көрінеді. Ұнның жарты бөлігі балық етінің сапасын арттыруға пайдаланылатын қоспадан құралмақ.

Жұмысшылар жағдайға разы

Балық цехында қазіргі сәтте оннан аса қызметкер келген балықты сұрыптап жатыр. Теңіздегі жағдайға байланысты әлі мұндағы жұмыс қыза қоймаған. Зауыт қызметкерлерінің ең басты тілегі – биліктегі атқамінерлердің төмендегі, Кіші Аралдағы жағдайдың реттелуі. Әйтпесе, ұдайы алып жүрген тұрақты табысы, басшылықтың жасап отырған жағдайына айтар өкпесі жоқ.

Ұжымдастарым мұндағы тіршіліктің тұралап қалмауын қалайды. Өйткені бізге лайықты жалақы, ұтымды жұмыс жағдайы жасалған. Басшылық тарап барлық қызметкерге ара-тұра белгілі мөлшерде тегін балық беріп тұрады. Цех заманауи техникамен жабдықталғандықтан мұндағы тіршілік жүйкеге салмақ, белге күш түсірмейді. Мен жұмысқа тұрғанда, яғни 7 жыл бұрын зауытқа келетін балық көп, қызметкер аз еді. Қазір өндіріс көлеміне сәйкес жұмысшылар жалданады. Келешекте шаруашылық кеңейіп, Қазалының балығына мұхиттан әрі жатқан елдер де тапсырыс беретін күнге жетеміз деп сенемін, – дейді зауыттың аға ұстасы Айдос Ережепов.

Айта кету керек, теңізге судың аз мөлшерде құйылуы көрші аудандар шаруашылықтарына да кедергі келтіріп отыр. Дегенмен көлдердегі жағдай бірқалыпты. Қызылорда облысында 9 көл жүйесі барын ескерсек, осыдан 207 көл су ішеді. 40-тан астам тауарлы балық өсіру шаруашылығы белсенді жұмыс істеп тұр.

Өзгелердің жаңалығы