ШҚО, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдың 19 сәуір күні жүргізілген «Нерест-2019» жедел алдын алу іс шарасы барысында заңсыз балық аулап мемлекеттің балық қорына миллион теңгеден астам шығын келтірген екі шығысқазақстандық ұсталды.
Бұл жөнінде ШҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Фархат Байбазаров хабарлады.
«2019 жылғы 19 сәуір күні құқық қорғау органдарымен жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында Көкпекті инспекция бөлімінің инспекторлары сағат 16.30 мөлшерінде Бұқтырма су қоймасының Табанды-Қара телімінде балық аулауға тыйым салынған 2 дана құрма аумен заңсыз балық аулаған Көкпекті ауданының 31 жастағы тұрғынын ұстады», - деді Фархат Болатұлы.
Тексеру барысында оның 40 келі - шортан, 38 келі - табан, 17 келі - мөңке, 5 келі - алабұға, жалпы салмағы 100 келі балықты заңсыз ауланы белгілі болды. Сондай-ақ осы күні Күршім инспекциясының инспекторлары заңсыз сазан балығын тасымалдаған Риддер қаласының 27 жастағы тұрғынын құрықтады. Тексеру кезінде оның басқаруындағы көліктің жүксалғышынан 259 келі сазан балығы тәркіленді. Осылайша құқық бұзушылар мемлекеттің балық қорына 1 238 512,5 теңге мөлшерінде зиян келтірген.
Оларға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 335-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.