Балқаш қаласының іргесіндегі Қоңырат кенішінің жанынан қоқыс полигоны салынбақ, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігінің Қарағанды облысындағы тілшісі.
Кеніштің тұрғындары іргесінен салынып жатқан полигонның құрылысына қарсы, олар тіпті трассаны жабуға дейін баратындықтарын айтады.
Құрылысы жоспарланған жаңа қоқыс полигоны Балқаштан он шақырым қашықтықта орналасқан Қоңырат елдімекенінің жанында.
Қоңыратта туып-өстім, зейнеткермін. Балқаш қаласының әкімдігі біздің рұқсатымызсыз қоқыс полигонын салып жатыр. Қазір бізде мал жаятын жер жоқ, түрме сияқты болдық. Құрметті Қазақстан халқы, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бізді қолдауларыңызды сұраймыз. Егер де біздің ұсынысымыз қабыл алынбаса, Қоңырат кенішінің азаматтары жолды жабуға дейін барамыз, бұл жерді біз бермейміз, - дейді Балқаш тұрғыны.
Балқаш қаласының әкімдігінің хабарлауынша, жаңа полигон салу жоспарлануда. Ықшам ауданның тұрғын алыбының шетінен солтүстік-шығыс жағынан жаңа полигон салу үшін 20 гектар жер телімі бөлінген.
Әлеуметтік желіде жаңа қоқыс полигонының салу жұмыстары тұрғындардың пікірі ескерілмей, басталып кеткендігі жайлы ақпараттар тарауда. Балқаш әкімдігі болса, қоқыс полигонын салмастан бұрын қоғамдық тыңдалым өтетіндігін, әлеуметтік желіде жарияланған видеода топографиялық-геодезиялық жұмыстар жүргізіліп жатқандығын айтты.
Ал, облыстық экология департаменті жаңа полигон салуға құжаттар келмегендігін мәлемдеді.
Бүгінге дейін Қарағанды облысы бойынша экология департаментіне жаңа полигон салуға құжаттар келмеді. Жаңа полигонды салмас бұрын, Балқаш тұрғындарының пікірі ескерілетін қоғамдық тыңдаулар өткізіледі. Айта кетсек Экологиялық кодексінің нормаларына сәйкес рұқсат алу мақсатында Балқаш қаласының тұрғындарының пікірлері ескерілетін қоғамдық тыңдаулар өткізілетін болады, - деді облыстық экология департаментінің ресми өкілі Диана Сапарқызы.