Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Балқаш туралы: Әкімдік Алакөлден сабақ алмай ма?

23 Шілде 2025, 13:47
1220
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Балқаш көлінің бағы таймауы үшін инфрақұрылымын реттеу керек. Әйтпесе туризмнің ошағына баланған аймақтың болашағы бұлыңғыр болмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әкімдік Алакөлден сабақ алмай ма?

Осы сауалды Балқаш көліне алғаш бет алған демалушылар бәрі әуелі жергіліктің халыққа қояды. Олар не деп жауап береді дейсіз ғой? Не айтсын, жолын мақтайды, ал жағажайдың жайына келгенде кібіртіктейді. Кібіртіктейтін олар ғана емес, облыс әкімдігі де сол күйде. 

Дегенмен ұмтылыс бар, Ақши ауылының деңгейіне жету үшін Лепсіге де сол көмекті көрсету қажет. Жергілікті тұрғындар министрлер Балқаш көлінің жағалауына бір келіп кетсе деген тілегін жеткізуде. Ал туризм сарапшысы Сұлтан Байбосынның айтуынша, Балқаш көлі облыс орталығына анағұрлым жақын, оны дамыту үшін сондықтан инвесторларды молынан тарту керек.

Туризм саласының дамуы үшін бірінші кезекте инженерлік инфрақұрылым толық тартылуы керек. Балқаштағы жағдай – үзік-үзік жобаларға бөлінген бюджет, олардың орындалу мерзімінің жиі кейінге шегерілуі. Бұл – саланың дамуына кедергі. Сонымен қатар экожүйе де өте нәзік. Әрбір құрылыс, әрбір су тарту жобасы табиғи тепе-теңдікке әсер етуі мүмкін. Сол себепті бұл бағытқа тек инфрақұрылым ғана емес, ғылыми-экологиялық сараптама да қатар жүруі тиіс, - дейді С.Байбосын.

Шынында, Балқаш көлі – Жетісу облысының шөлейт даласында жатқан табиғи жауһар. Кең даланы жарып, көкжиекте көгілдір айнадай жарқырап жатқан көл соңғы жылдары туризмнің даму бағыты ретінде жиі аталатын болды. Бұған себеп – облыс әкімдігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды инфрақұрылымдық жобалар, экотуризмді насихаттау және Балқашты еліміздің маңызды рекреациялық аймағына айналдыруға деген ұмтылыс.

Қазір, әлеуметтік желілерде кейбір демалушылар Балқаш жағалауындағы құрылыс жұмыстары кезінде көл экожүйесіне әсер ету қаупін алға тартып, жабайы құрылыс пен тазалықтың сақталмауы мәселесін көтеріп жүр. Мамандар бұл мәселені жоққа шығармайды. Сондықтан да егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жасалып, құрылыс жұмыстары қатаң бақылауда екенін айтады. Экологтардың пікірінше, инфрақұрылым жасайтын уақытта табиғи үдерістерді де ескерген абзал.

Балқаш көлі – жартылай тұщы, жартылай ащы су айдыны ретінде өте нәзік экожүйеге ие. Көлдің батысы тұщы, шығысы тұзды болғандықтан, кез келген өзгеріс табиғи тепе-теңдікке әсер етуі мүмкін. Сол себепті су тарту, жағалау салу, демалыс базаларын көбейту жұмыстары өте мұқият жүргізілуі тиіс, - дейді эколог Ануар Кендебай.

Біздің бір байқағанымыз, былтырғыдай емес, биылғы шомылу маусымында Балқаш көлінің жағалауындағы демалыс орындарына электр қуаты мен тұрмыстық су жеткізіліп, инфрақұрылым мәселесі біртіндеп шешіле бастағандай. Жетісу облысының энергетика және ТКШ басқармасы бұл жобаны «Балқаш» туристік-рекреациялық аймағын дамытудағы ең басты тірек деп бағалап отыр.

Балқаш туралы: Әкімдік Алакөлден сабақ алмай ма?

Демалушылардың дегбірі қашпасын десек...

Жергілікті билік 6 қоғамдық жағажай салынатынын, онда медицина, полиция, құтқару бекеттері болатынын айтып сендірген. Бірақ бүгінде бұл жағажайлардың ешқайсысы толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ. Тиісті мекемелер құрылмаған, техника сатып алынбаған, тіпті қауіпсіздік қызметтері де жетіспейді. Туризм саласының дамуында бірінші кезекте қарапайым инфрақұрылымның болуы шарт. Ал Балқаш жағалауында ол — әлі де жоқтың қасы.

«ecoBalqash» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Бұл жақсы бастама. Бірақ сұрақ туындайды: неге бұл акция маусым бойы тұрақты өткізілмейді? Туризмнің экологияға тигізер әсері орасан, ал оған жауап беретін іс-шаралар – бір күндік науқаннан әрі аспай тұр. Қолғап пен қап беріп, қоқыс жинауға шақыру – жақсы. Бірақ жүйелі тазалықты қамтамасыз ететін коммуналдық құрылым жоқтың қасы. Жағажай мен жол бойындағы тазалықты қамтамасыз ету – демалушылардың емес, жергілікті әкімдіктің міндеті, - дейді демалушы Ирина Танки

Туристердің сөзіне сүйенсек, санитарлық тораптар, аялдамалар, демалыс алаңдары орнатылғаны туралы мәлімдемелер де шындыққа толық сәйкес келмейді. Бұл нысандар тек қағазда жоспарланған, ал шындықта көлік тоқтайтын, тамақ ішетін, тынығатын қауіпсіз орындар тапшы.

Әкімдік жобаны жарнамалап, демалыс орнының әлеуетін асқақтатып жатқанда, шын өмірде қарапайым халық жарықсыз, жолсыз, қызметсіз демалуға мәжбүр. Туризмнің дамуы тек құрылыспен емес, жүйелі басқарумен, қоғамдық бақылаумен және халықтың нақты сұранысын ескерумен іске асады. Әйтпесе Балқаш тағы да ел назарынан тыс, игерілмей жатқан көлдердің біріне айналып кетуі мүмкін.

Балқаш көлінің болашағы бар ма?

Шынында, Балқаш көлі – Жетісу облысының шөлейт даласында жатқан табиғи жауһар. Кең даланы жарып, көкжиекте көгілдір айнадай жарқырап жатқан көл соңғы жылдары туризмнің даму бағыты ретінде жиі аталатын болды. Бұған себеп – облыс әкімдігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды инфрақұрылымдық жобалар, экотуризмді насихаттау және Балқашты еліміздің маңызды рекреациялық аймағына айналдыруға деген ұмтылыс. 

Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев айтуынша, инфрақұрылым жұмыстары біртіндеп жаңданып келеді.

Су құбыры салынып бітті. Бастоғанда су тазарту жұмыстары жүрді. Сол сияқты электр бағандары қойылып, қуаты 110/35/10 кВ 1 қосалқы станция орнатылды, оған электр қуаты берілді. Электр қуатын берудің екінші кезеңінде әрқайсысының қуаты 10/0,4 кВ болатын 28 трансформаторлық қосалқы станция қойылады. Оған қоса жағалау бойында ұзындығы 9,3 км болатын автокөлік жолын салудың жер дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы Балқаш жағалауына инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары 2024 жылы басталған, 2026 жылы бітуі тиіс еді. Жұмыс кестесінен озық келе жатқандықтан, мерзімінен бұрын бітіреміз деген ойдамыз, - дейді А.Бекетаев.

Облыстық сәулет басқармасының дерегінше, жаңа демалыс аймағы 1682 гектар аумақты алып жатыр. Бір мезетте 23 мың адамды қабылдай алатын туристік база құрылады. Бұл – аймақтың туризм саласындағы бұрын-соңды болмаған серпілісі. 7100 бөлме, 7200 көлікке тұрақ, 6 тегін қоғамдық жағажай, медицина, полиция және құтқару пунктерімен толық жабдықталады. 

Мұның барлығы шын мәнінде жоғары деңгейдегі демалыс аймағының құрылатынын көрсетеді. Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев атап өткендей, демалыс аймағына бизнес субъектілері тартылып, бәсекелі орта қалыптастырылады. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету сапасына оң әсерін тигізбек.

Инженерлік инфрақұрылымы тартылған аймаққа бизнес өкілдері тартылып, демалыс аймақтары бәсекелестік ортада дамиды. Бұл ретте ең алдымен халыққа ортақ қолданыстағы, тегін 6 қоғамдық жағажай жасалады. Мұнда медицина пункті, полция пункті, құтқарушылық қызмет, ана мен бала бөлмесі сияқты барлық қажеттіліктер қарастырылады. Қоғамдық жағажайды күтіп ұстау аудан әкімдігінің жауаптылығына беріледі. Жағажай қызметі үшін коммуналдық мекеме құру, техника сатып алу жұмыстарына кірісті, - дейді аудан басшысы.

Жағалауда инфрақұрылымның дамуы, жол қатынасының жақсаруы – тек туристер үшін емес, жергілікті халық үшін де мүмкіндік. Мәселен, болжам бойынша, Балқашқа жылына 450 мыңға жуық адам келеді. Ал бұл – қызмет көрсету саласында 4,5 мың адамды жұмыспен қамту деген сөз. Демалыс орындарында тек маусымдық емес, тұрақты жұмыс орындары ашылып, Жетісу жастары үшін жаңа перспективалар туындайды.

Балқаш көлі – табиғаттың берген бірегей байлығы. Бірақ оны дамытуда енжарлық танытсақ, қолда бар алтынның қадірін білмегенмен бірдей күш кешеміз. Инфрақұрылым – туризмнің күретамыры екенін ұмытпайық.

Өзгелердің жаңалығы