Балқашта су құбырлар желісі толық жаңартуды талап етеді. Қала бойынша 124 шақырым ауыз су құбырының 80%-ы әбден тозған. Осыған байланысты қаланың су құбырларында апатты жағдай жиі болып тұрады, тұрғындар ауызсусыз отыруға мәжбүр, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Ауа-райы температурасы көтеріліп, күн жылығаннан кейін Балқаштың су магистралінде күніне 2-3 апат болып тұрады. Қала әкімі Сапар Сатаев тұрғындардан түсіністік танытуларын сұрайды.
Қаланың су құбырларының 80%-ының тозғаны жасырын емес. Қазір қала бойынша су құбырларында апат жиі болады. Біздің бригадалар инженерлік желілерді жөндеу бойынша тәуліктеп жұмыс істеп жатыр. Күніне 2-3 жердегі апат жойылады. Кейде үлгермей де жатады. Сондықтан да келтірілген қолайсыздықтар үшін тұрғындардан кешірім сұрап, түсіністік танытуларын сұраймыз,- дейді әкім.
Қала басшысының айтуынша, Балқаштағы екінші және үшінші кезектегі су құбырлар желісін жаңарту бойынша жұмыстар жоспарға сай атқарылып жатыр. 2023 жылы 9 көшеде жалпы ұзындығы 15,8 шақырым ауызсу құбырлары айырбасталған. Биыл 13 шақырым су құбырын жаңарту жоспарда. Бұл жоба 2025 жылы да жалғасын табатын болады.
Тағы да бір айта кететін мәселе, тұрғындар тарапынан жолдардың нашарлығына байланысты шағымдар келеді. Біз су құбырларын ауыстырған көшелерде ғана жолдарды ғана жөндейміз. Басты бағыт – су құбырларын жөндеу. Содан кейін ғана жолдар жөнделеді. Биылғы жылы жоспар бойынша 16 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі , - деді С.Сатаев.