Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Балқаш қаласының тумасы, 7-сынып оқушысы Мейіржан Алғамжаров Мәскеуде өткен ғылыми байқаудың жеңімпазы атанды. Енді жас ғалым Польша елінде өтетін сайысқа аттанады.
Балқаш қаласындағы Абай атындағы №2 лицейде білім алатын Мейіржан бұған дейін елімізде өткен «Қазақстанның болашағы жастардың қолында» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда жеңіске жетіп, Ресей Федерациясының астанасы Мәскеуде өтетін конференцияға жолдама ұтып алған болатын.
Жас ғалым шетелде де өзінің үздік екендігін дәлелдеді. Ол 9-10 наурыз аралығында Мәскеуде өткен «Ресей-Қазақстан: шекарасыз ғылым» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Жеңіс Қашқынов - балалар әдебиетіндегі халықтар достығының жыршысы» тақырыбында ғылыми жобасын қорғап, бірінші орынды қанжығасына байлады. Мейіржан Алғамжаров енді Польшадағы ғылыми сайысқа жол тартатын болды.
«Мәскеуде өткен ғылыми жобалар конкурсында Жеңіс Қашқыновтың шығармашылығынан жоба қорғадым. Ақынның балаларға арналған жырларын, оның ішінде халықтар достығына арқау болған шығармаларын зерттеп, талдау жасадым. Ресей елінде қазақ тілінде жоба қорғап, қазақ ақыны Жеңіс Қашқыновтың шығармашылығын лайықты көрсете алдым деп ойлаймын. Мәскеуде өткен конкурс маған үлкен әсер сыйлады. Биылғы жылдың күзінде Польша елінде өтетін байқауға жолдаманы ұтып алдым. Конференциядан кейін қаланың көркем жерлеріне, атақты «Қызыл алаңға» экскурсия жасадық», - дейді Мейіржан.
Байқауда оқушылар мен студенттер ғылыми жобаларын өз тілдерінде қорғауға мүмкіндіктері болған. Аудармашылар конференцияға қатысушылардың сөздерін орыс тіліне бірден аударып тұрған.