Балқаш әуежайынан бірнеше бағытқа жаңа рейстер ашылады

Бүгiн, 19:03
124
Бөлісу:
Балқаш әуежайынан бірнеше бағытқа жаңа рейстер ашылады
Фото: BAQ.KZ

Қазіргі уақытта 1967 жылы салынған Балқаш әуежайын қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 3,8 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Бұған дейін Балқаш әуежайынан тек жаз айларында Алматы мен Астана бағытында әуе кемелері ұшатын. Енді әуежайдан бірнеше бағыттарға жаңа рейстер ашу жоспарлануда. Балқаш әуежайындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін Түркістан, Шымкент, Өскемен бағыттарына рейстер ашылып, жолаушылар тасымалын ұлғайту жоспарлануда. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін әуежай жыл бойы жұмыс істейтін болады.

Қыркүйек айында Балқаш әуежайын жаңғырту жобасы басталды. 2024 жылға 2,5 млрд теңге қаржы қарастырылған. Жобаны 2025 жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отырмыз. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін әуежайдың өткізу қабілеті ұлғайып, жолаушыларға қолайлы жағдайлар туғызуға мүмкіндік бермек. Қозғалысы шектеулі адамдарға да жағдай жасалатын болады. Әуежайдың сипаттамасы мен параметрлері стандарттарға сәйкестендіріледі, - дейді Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов.

1967 жылы салынған әуежайға бұған дейін 2007 жылы жартылай жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауқымды жаңғырту жұмыстарынан кейін әуежайдың жолаушылар тасымалын жылына 13 мыңнан 40 мыңға дейін көбейту жоспарлануда. Әуежайды жаңғырту Балқаш туризмін дамытуға серпін бермек.

Бүгінгі таңда әуежайдың жолаушылар алаңы мен №2 жолағында жөндеу жұмыстары жасалынуда. Біз үлкен жұмыстар тындырудамыз. Жаңғыртудан кейін әуежайға барлық әуе кемелері қона алатын болады, - дейді М.Қожанов.

Өзгелердің жаңалығы