Қазақстанда салынатын алғашқы атом электр станциясы жобасындағы жергілікті қамту үлесін 30 пайызға жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Құрылтай комитетінің отырысында айтты.
Жобадағы жергілікті қамту үлесін ұлғайту үшін отандық кәсіпорындарды жобаға тарту және өндірісті жергіліктендіру бағытында 22 іс-шарадан тұратын жоспар әзірленген.
Алғашқы атом электр станциясын салу жобасында жергілікті қамту үлесін 30 пайызға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Осы міндетті орындау үшін төрт бағытты қамтитын кешенді жоспар әзірледік. Оның аясында 22 іс-шара қарастырылған. Бірінші кезекте қажетті заңнамалық және нормативтік-құқықтық негізді қалыптастыруымыз керек. Сонымен бірге отандық кәсіпорындардың жобаға қатысуына жағдай жасап, өндірісті жергіліктендіру бағытында жұмыс жүргіземіз, - деп түсіндірді агенттік басшысы.
Айтуынша, жобаға отандық кәсіпкерлер де тартылады.
Бұл жұмысты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп атқарып жатырмыз. Өзара іс-қимылды AIDA жүйесі арқылы үйлестіреміз, – деп нақтылады агенттік басшысы.
Агенттік басшысының пайымдауынша, жергілікті қамту үлесін арттыру отандық кәсіпорындардың атом энергетикасы саласына қатысуына мүмкіндік береді.