Қазақстанда Балқаш атом электр станциясының құрылысын 2027 жылы бастау жоспарланып отыр. Қазір нысанға қатысты инженерлік зерттеулер аяқталуға жақын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Құрылтай комитетінің отырысында айтты.
Балқаш атом электр станциясы жобасы бойынша инженерлік зерттеулерді аяқтауға жақынбыз. 2026 жылғы мамырда тиісті келісімдерге қол қойылды, ал маусым айында олар ратификацияланды.Қыркүйек айында EPC келісімшартына қол қойдық. Ендігі жоспарымыз – 2027 жылы құрылыс жұмыстарын бастау, – деді агенттік төрағасы.
Оның сөзінше, жобаға дайындық жұмыстары белгіленген кезеңдер бойынша жүргізіліп жатыр.
Балқаш АЭС-інің құрылысы елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады.Сондай-ақ «Мойынқұм» АЭС-ін салу ауданы айқындалды. Ол – Алматы облысының Жамбыл ауданы. Қазір жобаға қатысты тиісті үкіметаралық құжаттарды әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Алмасадам Сәтқалиев.
Айта кетерлігі, бұл жұмыстарды Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жалғастырады.