Балқаштағы Тұран жолбарысының санын 200-ге дейін жеткізуге болады – министрлік

4 Қараша 2020, 09:50
2413
Бөлісу:
Балқаштағы Тұран жолбарысының санын 200-ге дейін жеткізуге болады – министрлік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Іле өзенінің дельта ауданындағы Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы және осыдан шығысқа қарайғы жер Тұран жолбарысы жерсіндірілетін аумақ ретінде таңдалып отыр. 

Бұл маңда жолбарыс мекен етуге жарайтын 1 млн гектар жер бар. Болжам бойынша, аумақта Каспий жолбарысының санын 100-ден 200-ге дейін жеткізуге болады. 

Тұран жолбарыстары Таяу Шығыстың 13 елінде, Кавказда, Орталық Азияда Түркиядан Қытайдың солтүстік-батысына дейінгі жерде мекендеген. 

Ғалымдардың пікірінше, Тұран жолбарыстарының жоғалып кетуінің негізгі себебі мақсатты түрде ату,  жолбарыстың негізгі қорегі - тұяқты жануарларға бақылаусыз аңшылық пен ирригациялық жобалар әсерінен мекен ету ортасының бүлінуі. 

Экология, геология және табиғи ресурстары министрлігі Балқаш маңындағы жолбарыстарын қалпына келтірудің 15 жылға арналған бағдарламасын жасады. Ол аңның мекен ету ортасын дайындау, жолбарысты табиғатқа жіберу және бағдарламаның жүзеге асуын бақылау шараларын қамтиды. 

2018 жылы «Іле-Балқаш» резерваты құрылды. Аумақты браконьерлерден қорғау, заңсыз табиғат пайдалану жұмыстарына жол бермеу шаралары жүзеге асырылуда. Сонымен бірге биотехеникалық шаралар арқылы қабандарды көбейту, бұқар бұғыларының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы аталғандардан кейін экожүйе жолбарыс популяциясын ұстап тұруға қабілетті болады. Реинтродукция үшін амур жолбарыстары әкелінеді. 

Айта кетейік, 2010 жылы Қазақстан халықаралық жолбарыс саммитінде Орталық Азияға Тұран жолбарыстарын қайтаруға дайын екенін мәлімдеді. Ал 2017 жылы Қазақстан мен Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры (WWF) Оңтүстік Балқаш маңы мен Іленің Дельта ауданында жолбарыстың реинстродукциясы Бағдарламасын жүзеге асыру туралы Меморандумға қол қойылды.

Өзгелердің жаңалығы