Астана, BAQ.KZ. «Астана Опера» театрының балет труппасы Ресейдегі ең беделді театрлық-концерттік алаңдардың бірі деген мәртебеге ие Мемлекеттік Кремль Сарайында (Мәскеу) гастрольмен өнер көрсетуге шақырылды.
«Вацлав Нижинский. Орыс балетінің кемеңгері» атты балет жұлдыздарының ғаламат гала-концерті 18 сәуірде өтіп, оның аясында балет труппасының көркемдік жетекшісі, РФ Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың жетекшілігімен «Астана Опера» театры хореографиялық өнердің жауһар туындысы – Н.Римский-Корсаковтың музыкасына М.Фокиннің «Шехеразада» балетін ұсынады.
«Біз үшін барлық гастроль маңызды, жақында балет труппасы бір ай көлемінде Еуропа қалаларында орасан зор жетістікпен өнер көрсетті, барлық жерде аншлаг болды. Бүгінде Мәскеудегі ең беделді концерттік зал сахнасында «Шехеразада» бір бөлімді балетін орындау туралы Андрис Лиепадан шақырту келіп түсті. Бұл біз үшін жауапты әрі айтулы өнер көрсету болмақ, себебі гала-бағдарламаның тұтастай бір бөлімі «Астана Опера» театрына берілген. Кремль Сарайы сахнасын көздің жауын алар декорациялар сәндейтін болады, біз оларды Қазақстаннан алып барамыз. Әртістеріміз спектакльді керемет деңгейде көрсетеді деген үміттеміз. Бізге деген ықыласы мен сенімі үшін Андрис Марисовичке алғыс білдіремін. Наурыз айында қазақстандық көрермендер осынау балетті «Астана Опера» сахнасынан тамашалай алады», - деп атап өтті Алтынай Асылмұратова.
Дәстүр бойынша Ресейдің Халық әртісі Андрис Лиепаның «Қолтаңбалар және бедел» жобасы жыл сайын өтеді. Гала-концерт бағдарламасына «Қасиетті көктем», «Петрушка», «Ұйқыдағы ару», «Жизель», «Талисман» және т.б. балеттердің үзінділері енген. Дегенмен де, кештің басты оқиғасы Лев Баксттың қайта жаңғыртқан декорациялары мен костюмдері бар «Шехеразада» шығыс ертегісінің көрсетілімі болмақ.
Алтын құл партиясын жас дарын, «Астана Опера» жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан орындайды. Барша әлемнің балет сыншылары мен көрермендері «Астана Опера» премьерінің ғаламат секірулеріндегі үлгілі академиялық форманы сақтай алатын тамаша самғауларына» толық көлемде бағасын берді. Жетекші солист керемет орындау техникасына, сирек кездесетін жеке-дара харизмаға ие, әртіс көрермен назарын өзіне аударып, оларды соңынан ілестіре алады. Нәзік шығыс аруы Зобеиданың партиясында – театрдың жас әрі болашағы жарқын солисі Анастасия Заклинская. Шахриар мен Шахезманды тамаша актерлік шеберлік иелері Жәнібек Иманқұлов пен Ильдар Шакирзянов ұсынбақ. Бас белсіз рөлінде – харизмалық биші Олжас Маханбетәлиев. Күңдер – Мөлдір Шәкімова, Аделина Төлепова, Еркежан Жүнісова, Марико Китамура, Сэйка Тоносаки, Назира Заетова.
Қазақстандық әртістермен қатар, гала-концертке «Ковент-Гарден» Корольдік театрының премьері Вадим Мунтагиров пен Дарья Климентова, сондай-ақ әлемдік балеттің ең жарық жұлдыздары: Юлия Махалина («Мариин театры»), Татьяна Мельник («Мемлекеттік Венгр опера театры»), Элеонора Севенард («Ресей Үлкен театры»), Бруклин Мак («Вашингтон балеті»), Ксандер Париш («Мариин театры»), Денис Родькин («Ресей Үлкен театры») және т.б. қатысады.
Еске салар болсақ, 2019 жылдың 12 наурызында ХХ ғасырдың басындағы ұлы биші әрі хореограф, Сергей Дягилевтің «Орыс маусымдары» жұлдызы Вацлав Фомич Нижинскийдің туғанына 130 жыл толады. Ол өзінің балет партияларымен сол дәуірдегі көптеген балериналардың атақ-даңқын басып-озған әлемдегі алғашқы ер бишілердің бірі болған. Оның икемділігі мен әртістік харизмасы оған әлемдік танымалдылық әкелді.