- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Балаңыз бірінші сыныпқа дайын ба? Психолог ата-аналарға маңызды кеңестер берді
Балаңыз бірінші сыныпқа дайын ба? Психолог ата-аналарға маңызды кеңестер берді
Психолог баланы мектепке бейімдеуде ата-аналар ескеруі тиіс маңызды кеңестерді айтты
-
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
12 Тамыз 2026, 15:33
Бірінші сыныпқа бару – бала үшін де, ата-ана үшін де маңызды кезең. Жаңа ортаға бейімделу, құрдастарымен қарым-қатынас орнату, мектеп тәртібіне үйрену балаға психологиялық тұрғыдан үлкен өзгеріс әкеледі. Осыған байланысты «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының маманы ата-аналарға баланы мектепке дайындау бойынша кеңестер берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Институт мамандарының айтуынша, бірінші сыныпқа дайындық тек баланың оқу, жазу немесе есептеу дағдыларын қалыптастырумен шектелмеуі керек. Оның эмоционалдық жай-күйі, өзіне деген сенімі, дербестігі және жаңа ортада қарым-қатынас жасай білуі де маңызды.
Ата-аналардың сауалдарына білікті психолог, әлеуметтік педагог, отбасы және ата-ана мен бала қарым-қатынасы жөніндегі маман, Кәсіби даму департаменті академиялық бөлімінің аға оқытушысы Әйгерім Дәулетқызы жауап берді.
Мектеп туралы жағымды түсінік қалыптастырыңыз
Маман ата-аналарға баланың санасында мектептің жағымды әрі қызықты бейнесін қалыптастыруды ұсынады. Мектепті жаңа нәрселерді үйренуге, достар табуға және қызықты істермен айналысуға болатын орта ретінде түсіндіру маңызды.
Бұл ретте баланы қорқытып-үркітуден және басқа балалармен салыстырудан аулақ болған жөн.
Баланың өзіне деген сенімін арттырыңыз
Өзіне сенімді бала жаңа ортаға жеңілірек бейімделеді. Сондықтан ата-аналар баласына қолдау көрсетіп, оның қолынан келетінін жиі айтып отырғаны дұрыс.
«Сенің қолыңнан міндетті түрде келеді!», «Біз саған сенеміз!», «Егер бірдеңе ойдағыдай болмай қалса, біз оны міндетті түрде бірге шешеміз» деген сөздер баланың өзіне деген сенімін нығайтуға көмектеседі.
Сонымен қатар баланы дербестікке, өздігінен әрекет етуге баулу қажет. Мектеп басталғанға дейін бала өздігінен киініп, аяқ киімін киіп, заттарын жинақы ұстай алуы, ересектердің көмегімен сөмкесін жинауы, жеке гигиена ережелерін сақтауы және өз жұмыс орнын жинай білуі керек.
Құрдастарымен қарым-қатынас жасауға үйретіңіз
Балаға сыныптастарымен қалай танысу, мұғалімге қалай сыпайы тіл қату, қажет кезде қалай көмек сұрау керектігін алдын ала түсіндірген жөн.
Сондай-ақ кішігірім келіспеушіліктерді сабырмен шешуге және ортақ келісімге келуге үйрету маңызды.
Баланың эмоциясын түсінуіне көмектесіңіз
Психолог баланың өз сезімдерін ашық жеткізе білуіне назар аударуды ұсынады. Мысалы, «Мен қуаныштымын», «Менің көңіл күйім болмай тұр», «Мен уайымдап тұрмын», «Мен ашуландым» деп өз эмоцияларын атай білуі маңызды.
Егер бала мектепке баруға байланысты қобалжып жүрсе, оған «Қорықпа» немесе «Ештеңе етпейді» деп жауап берудің орнына, «Сені не мазалап тұр?», «Сен бірдеңеге уайымдап тұрсың ба?», «Мен саған қалай көмектесе аламын?» деген сұрақтар қойған дұрыс, - дейді психолог.
Маманның айтуынша, жайбарақат әрі байсалды әңгіме баланың алаңдаушылығын азайтуға көмектеседі.
Жеке шекарасын қорғауды үйретіңіз
Бала ешкімнің оны ренжітуге немесе мазақтауға құқығы жоқ екенін білуі керек. Сонымен қатар жағымсыз жағдайға тап болған кезде мұғалімнен немесе ата-анасынан көмек сұрауға болатынын түсіндірген жөн.
Бала қажет жағдайда батыл түрде «Жоқ!» деп айта алуы керек. Ең бастысы – ол ересектердің кез келген уақытта көмекке келіп, қорғауға дайын екеніне сенімді болуы қажет.
Мектеп режиміне алдын ала көшіңіз
Оқу жылы басталғанға дейін 2-3 апта бұрын баланың күн тәртібін біртіндеп мектеп режиміне бейімдеу ұсынылады. Атап айтқанда, ұйықтау және ояну уақытын реттеп, тамақтану режимін сақтау, сабақ оқу мен демалысты кезектестіру қажет.
Бұл баланың мектеп кестесіне жеңіл әрі тез үйренуіне көмектеседі.
Білімге деген қызығушылығын сақтаңыз
Балаға білімді күштеп үйретудің орнына, оның табиғи қызығушылығын қолдау маңызды. Ата-аналар баламен бірге кітап оқып, көрген фильмдерін талқылап, үстел ойындарын ойнап, бірге серуендей алады.
Сондай-ақ қателік жасаудан қорықпауға үйрету керек. Бала қателіктің оқу процесінің табиғи бөлігі екенін түсінгені маңызды.
Гаджет уақытын шектеңіз
Маман оқу жылы басталар алдында телефон, планшет және теледидар алдында өткізетін уақытты біртіндеп азайтуды ұсынады.
Оның орнына серуендеу, үстел ойындары, шығармашылықпен айналысу, кітап оқу және отбасымен бірге уақыт өткізу сияқты әрекеттерді көбейткен дұрыс. Бұл баланың зейінін, есте сақтау қабілетін және ұйқы сапасын жақсартуға көмектеседі.
Сонымен бірге күн сайын 15-20 минутты сурет салуға, ермексаздан мүсін жасауға, құрастыруға, пазл жинауға немесе дауыстап кітап оқуға арнауға болады.
Цифрлық қауіпсіздікті де ұмытпаңыз
Мектепке дейінгі жастағы балалардың көбі гаджеттерді пайдаланады. Сондықтан ата-аналар баласына бейтаныс адамдарға жеке ақпарат бермеуді, белгісіз сілтемелерге өтпеуді үйретуі қажет.
Егер интернеттегі қандай да бір ақпарат баланы ұялтса, мазасын қашырса немесе қорқытса, бұл туралы дереу ересектерге айту керектігін түсіндіру маңызды.
Денсаулығына көңіл бөліңіз
Мектеп басталар алдында профилактикалық медициналық тексерістен өтіп, баланың көру және есту қабілетін тексерген жөн. Сонымен қатар ұйқы режимін сақтап, толыққанды тамақтануын қамтамасыз етіп, күн сайын таза ауада серуендету қажет.
Маманның айтуынша, баланың физикалық әл-ауқаты оның мектепке сәтті бейімделуімен тікелей байланысты.
Баланың мектепке психологиялық тұрғыдан дайын болуы оның бәрінен жылдам оқып немесе күрделі есептерді шығара алуымен өлшенбейді. Мектеп ортасына бейімделуге психологиялық тұрғыдан толық пісіп-жетілген бала дегеніміз – ол бәрінен жылдам оқитын немесе күрделі есептерді оңай шығарып тастайтын бала емес. Бұл – өзіне сенетін, өзгелермен тез тіл табыса алатын, өз сезімдерінің құнды екенін терең түсінетін, қателік жіберіп қоюдан қаймықпайтын және үлкендердің жылы демеуін әрдайым сезініп жүретін бала, - дейді Әйгерім Дәулетқызы.
Маманның пікірінше, ата-ананың мейірімі, сенімі мен сабырына негізделген орта баланың мектеп өмірін сәтті бастауына берік негіз болады.
Сонымен қатар баланы өздігінен әрекет етуге және жауапкершілік алуға баулу, құрдастарымен және ересектермен еркін тіл табысуына жағдай жасау, күн тәртібін сақтау, гаджеттерді орынды пайдалану, зейінін шоғырландыру мен есте сақтау қабілетін дамыту және мектептегі, үйдегі әрі цифрлық ортадағы қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру маңызды.
Ең оқылған:
- 11 жыл бойы өте үздік оқыған түлек «Алтын белгісіз» қалды
- Алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамы: Астанада аптап ыстықтан кейін күн күрт суытады
- Енді мұғалімдерге жеңіл болады: Министр мәлімдеме жасады
- Қазақстан университеттерінде оқу ақысы қанша тұрады?
- Мектеп директорының ЭЦҚ-сын алып, 300 млн теңгеден астам қаржы жымқырған бухгалтерлер сотталды