Баланы жақсы көрмеген адам ешқашан тәрбиеші бола алмайды – әдіскер

8 Қазан 2023, 13:40
6695
Бөлісу:
Баланы жақсы көрмеген адам ешқашан тәрбиеші бола алмайды – әдіскер
PHOTO
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Баланы жақсы көрмеген адам ешқашан тәрбиеші бола алмайды. Мұндай пікірді Тараз қаласы Білім бөлімінің әдіскері Гүлфайраз Естаева айтты. Сонымен қатар білім саласының сарапшысы мектепке дейін білім мен тәрбие жайлы сөз қозғап, тәрбиешілердің мәртебесі, бала тәрбиесі жөнінде ойын ортаға салды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Гүлфайраз Естаева 2013 жылы «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталған. Ал 5 қазан Мұғалімдер күніне орай еліміздің білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Баланы жақсы көрмеген адам ешқашан тәрбиеші бола алмайды – әдіскер

- Мектепке дейінгі білім беру саласына қалай келдіңіз?

1980 жылы Абай атындағы педагогикалық училищенің мектепке дейінгі тәрбие бөліміне оқуға түсіп, оны 1984 жылы аяқтадым. Кейін дәл осы жылы 4 қыркүйекте балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа орналасқаным әлі есімде. Содан бері осы салада үздіксіз еңбек етіп келемін.

25 жыл тәрбиеші, 8 жыл балабақшада әдіскер болып жұмыс істедім. Ал 2012 жылдан қазіргі күнге дейін білім бөлімінің әдіскері болып еңбек етіп жүрмін.

Білім саласында жүргеніме 2024 жылы 40 жыл болады.

Баланы жақсы көрмеген адам ешқашан тәрбиеші бола алмайды – әдіскер

- Кім тәрбиеші бола алады?

Тәрбиеші болу үшін ең алдымен баланы жақсы көре білу керек. Менің ойымша, баланы жақсы көрген адам жақсы тәрбиеші бола алады. Ал баланы жақсы көрмеген адам ешқашан тәрбиеші бола алмайды. Себебі қазір баланың мінезі қиын екенін білесіздер. Ата-анасы одан да қиын.

Мен алғаш жұмыс істеген жылы балалар басқа болатын. Қазіргі балалар - интернеттің балалары. Мысалы, біздің, сіздің кезіңізде интернет болған жоқ. Тек теледидарды уақытымен көретінбіз. Бос уақытта бірге ойнап, далада жүретінбіз.

Қазір отбасының өзінде ата-ана мен баланың арасында байланыс жоқ. Бәрі телміріп, телефонда отырады. Қайда барсаң да, телефонда отырады. Ата-ана мен баланың арасында байланыс болмағаннан кейін баланың ата-анаға деген махаббаты болмайды.

Баланы жақсы көрмеген адам ешқашан тәрбиеші бола алмайды – әдіскер

- Соңғы жылдары мектепке дейінгі білім саласында қабылданған реформалар қандай өзгерістер алып келді?

Жылда білім министрі өзгереді де, саламызға әртүрлі өзгерістер енгізіледі. Бірақ қазір айналып келгенде бұрынғы өзгерістерге қайта келіп жатырмыз. Себебі сол кездегі ғалымдар, ағартушылар баланы 2 жасынан бастап 7 жасына дейін балабақшада тәрбиелеу керегін бекерден-бекер айтпаған. Бала толық жетілгенде ғана мектепке беру керек. Ал қазір баланы 5-6 жастан мектепке апарады. Ал ол ойын баласы.

Қазіргі балаларда балалық шақ жоқ деп ойлаймын. Себебі ата-ана қатарынан қалмасын деп, баласын ары-бері сүйреп, жан-жаққа тасиды. Үйге келсе, қолына телефонын ұстата салып, өз жұмыстарымен айналысып, отбасын асырумен әлек болады. Бірақ бала тәрбиесіне көңіл бөлмей жүрміз.

Салада оң өзгеріс көп. Тәрбиешілердің жалақысы қыркүйектен бастап көтерілді. Педагогтердің мәртебесін көтеріп жатыр.

Сондай-ақ жалақыны санатына қарай көтерді. Оған қоса бұрын магистранттарға тек мектепте ғана төленетін. Қазір балабақшада да магистрант тәрбиешілерге қосымша төлем қосылады. Еңбек демалысымыз да мектептегі мұғалімдердікімен теңестіріліп, 56 күн болды.

Педагогтер мен тәрбиешілердің жұмысы жеңілдеді, бұрынғыдай құжат жұмысы жоқ, қазір бәрі цифрландырылған. Қандай мәлімет керек болса, бәрі қолжетімді. Бастысы, жұмыс істейтін маман болса жеткілікті. Бұрын біз барлығын қолымызбен жазып, көп ізденетінбіз.

Біз қатып қалған бір ғана бағдарламамен жұмыс істедік. Қазір әр педагогке шығармашылығын шыңдауға мүмкіндік беріледі.

Баланы жақсы көрмеген адам ешқашан тәрбиеші бола алмайды – әдіскер

- Қазір бір топта екі тәрбиеші жұмыс істейді. Бірі түске дейін, екіншісі түстен кейін. Бұл өзгеріс тәрбиешілердің жұмысына қалай әсер етті?

Кейде екі тәрбиешінің де бірге жүргені дұрыс па деп ойлаймын. Себебі қазіргі балалармен жұмыс істеу қиынырақ. Сонымен қатар ерекше балалар да көп. Ерекше балалардың кез келген ортада болуына, әлеуметтенуіне құқы бар. Топта осындай ерекше бала болса, екі тәрбиеші де бір-біріне көмектесіп, жұмыстары жеңілдеуші еді.

Бірақ мұны тағы бір тұсы – қаржы мәселесі. Екі тәрбиеші де күні бойы топта жүрсе, жұмысына екі есе төлеу қажет болады.

Баланы жақсы көрмеген адам ешқашан тәрбиеші бола алмайды – әдіскер

- Тәрбиеші болып жұмыс істеуге келетін мамандар көп пе? Жастардың осы салаға қызығушылығы қалай?

Қызығушылық жоғары деп айта алмаймын. Қазіргі таңда тәрбиеші табу қиын. Біріншіден, жалақы аз болды. Екіншіден, ата-аналар тәрбиешілерге сын көзбен қарайды. Бір жағдай бола қалса, ата-аналар «жұмыстан шығарыңыз» деген талап қояды.

Мысалы, топта бала құлап қалады, кейде бір-бірін ұрып жібереді. Ал бала үйінде де құлап, бір жерін ауыртып алады. Себебі ол ойын баласы, сүрініп қалады, ойнап жүріп, бір-бірін итеріп жібереді.

Баланы жақсы көрмеген адам ешқашан тәрбиеші бола алмайды – әдіскер

- Әдіскер болу үшін қандай білім керек?

Әдіскер лауазымына конкурс жариялаған кезде барлық заңдылықты, ережені білу керек.

Мен өзім алдымен тәрбиеші болдым, кейін әдіскер болуға ұсыныс түсті. Ол кезде конкурс деген болмайтын. 40 жыл осы салада жүрсем де, білімді үнемі шыңдап отыру керек. Себебі бәрі орында тұрған жоқ. Заман өзгеріп жатыр. Әлі үйренеріміз көп.

- Баланы қалай тәрбиелеу керек?

Мен кейде біздің кезіміздегі балалар мен қазіргі балалардың салыстырамын. Мүлде басқа болатын. Бұрын балалар «қой, бұлай жасауға болмайды» деген сөзді білетін. Қазір балалар «жоқ» дегенді түсінбейді. Өйткені ата-анасы айтқанын істеп, жоқ демей үйретті.

Қазір қонаққа барғанда да балаларын ертіп апарады, олар төрде үлкендермен бірге отырады. Біз балаларымызды қонақпен бірге отырғызу дегенді білмейтінбіз, тіпті қонаққа да апармайтынбыз. «Тәрбие отбасынан басталады» деген бекер айтылмаған.

Ата-ана баланы қайда алып бару керек? Баламен ғана болатын жерге апаруы керек. Мысалы, демалыс орындары. Бірақ үлкендердің отырысына ертіп бармағаны дұрыс деп ойлаймын. Балаға барлығын қолжетімді етіп қойғанбыз. Алайда оған «жоқ» деп те үйреткеніміз абзал. «Болмайды» дегенді түсіндіруіміз керек.

Баланы жақсы көрмеген адам ешқашан тәрбиеші бола алмайды – әдіскер

- Еліміздің білім саласына қандай өзгеріс керек? Айтар ұсынысыңыз болса...

Қазір енгізіліп жатқан өзгерістерді қолдаймын. Себебі елімізде мектепке дейінгі білім мен тәрбие саласына енді назар аударылып жатыр. 90-жылдары балабақшалар жаппай жабыла бастағанда, көңіліміз түсіп, налыдық. Бірақ мен бұл саладан кетпедім. Көп маман басқа салаға кетіп қалды. Кейін уақыт өте бұл сала қайта қолға алынды. Тәрбиенің бастауы балабақшадан екенін түсініп, Үкімет осы салаға көңіл бөлгеніне қуаныштымын.

Жағдай жасалса, маман тапшылығы да болмай, саламыз дамиды деп сенемін.

Баланы жақсы көрмеген адам ешқашан тәрбиеші бола алмайды – әдіскер

- Уақыт бөліп, сұқбат бергеніңізге рақмет. Мұғалімдер күні құтты болсын!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында балабақша тәрбиешілерінің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керегін тапсырған болатын. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптарды бекітіп, олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтуды тапсырған еді. Бүгінде бұл жұмыс біртіндеп шешімін тауып келе жатқаны қуантады.

Өзгелердің жаңалығы