Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бала оқу бітіргеннен соң «ал енді оны қайда жібереміз» деп ойланамыз.
Бұл туралы елордада «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарына арналған жиында Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғажанов айтты.
Біз балаларымызды қалай дайындаймыз? Өмірге келгеннен бастап сен министр боласың, сен Президент боласың деп биік деңгейге апарып тастаймыз. Ал нақты өмірге келгенде ол сұрақтар жан-жақты қаралмай қалады. Бала оқуды бітіргеннен кейін бәріміз жиналып оның жанында атасы бар, әжесі бар, бүкіл отбасы отырып алып “ал бұл баланы қайда жібереміз” деп ойланамыз. Баланы мектеп жасынан бастап дайындауымыз қажет. Оларға бала кезінде алдын ала сараптама жасалуы тиіс, - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары.
Сондай-ақ іс-шара кезінде «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мекеменінің қазіргі тынысы туралы айтты.
Бүгінде «ҚазМұнайГаз» Қазақстанда мұнай мен газ конденсатын өндірудің 25 пайызын және көмірсутектерді өңдеудің 81 пайызын қамтамасыз етеді. Осы кезеңде мұнай өндіру көлемі 3 есеге өсті. Егер 2002 жылы бұл көрсеткіш 7,4 млн тонна болса, былтырғы қорытындыда 21,6 млн тоннаны құрады. Нәтижесінде компанияның мұнай өндіру көлемі 300 млн тоннадан асты. «ҚазМұнайГазға» еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты қарасты. Олар – Павлодар, Атырау, Шымкент зауыттары және Ақтау қаласында битум зауыты бар. 2002-2021 жылдары аралығында мұнай өңдеу көлемі 18,8 млн тоннаға дейін ұлғайды. Яғни, 8,2 есеге өсті, - деді ол «2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы» кешенді жоспарын жүзеге асыру жөніндегі кеңесте.